Әу баста күріш дақылын өндіруге маманданған шардаралық диқандар егемендік алғаннан бергі уақытта жаппай мақтаға бет бұрып кеткен болатын. Алайда, соңғы жылдары күріш өсіруші шаруалардың қатары молайып келеді. Биылғы жылы аудан бойынша 966 гектар алқапқа егілген күріш соның дәлелі.
«Қазақ мақта шауашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің Шардара өкілдігіне қарасты шаруашылықта күріш ору жұмысы басталып кеткен. Егілген сыр маржанының шығымы жаман емес. Дақыл бастарын көтере алмай тұр. Күріштің тиімділігі сол – бұл дақыл қол күшін көп керек етпейді. Жердің сорын мұқият шайып, агротехникалық талаптарға сай тұқым сеуіп, қалыпты деңгейде суға бастырылса егістік бітік шығады.
Жаңбырбек Салықбаев, «Қазақ мақта шауашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-і Шардара филиалының директоры
– 2 жылдан бері күріш егуді қайта қолға алып жатырмыз. Себебі, өнімді жақсы бермей жер талаптары айналымнан шығып қалған. Қалпына келтіру үшін күріш егуге мәжбүр боп отырмыз. Былтыр 40 гектар, биыл 100 гектарға жеткіздік.
Уақтылы минералдық және органикалық тыңайтқыштармен үстеп қоректендіру де егіс түсімін арттырудың бірден бір жолы. Қазірше бір комбайн ғана күріш бастырумен айналысуда. Таяу күнде техниканың қатары арта түспек. Шаруаларға қажетті қашыртқыларды механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Тұқым алу мәселесі өзекті болып отыр.
«Қазақ мақта шауашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-і Шардара филиалының директоры Жаңбырбек Салықбаев күріш ғылыми институтынан шығатын күріштер біздің аймақтың ауа райына тура келмейтіндігін айтады. «Бұл Өзбекстаннан алынған мустахилик сорты. Бұлар өте өнімді, құлауға шыдамды. Үкімет тарапынан көмек болмаса Өзбекстандық супер элитный тұқымдарды ала алмаймыз. Соған көңіл бөлінсе», – дейді.
Бір кездері Кеңес Одағына күрішпен аты шыққан Шардара бүгінде сол шаруаны қайта қолға алып жатқаны көпті қуантып отыр.
Ғалымжан ТОЙШИЕВ