Жанындағыларға ұнап, олардың махаббатына бөлену үшін көп адам түрлі кейіпке енеді. Мінезін, әрекеттерін өзгертеді. Бұл оларға өзін мойындату үшін және ұнамды болуына пайдасын тигізеді. Дегенмен «өзгеге жағамын деп жағымсыз мінезді жұқтырып алуыңыз да ғажап емес» дейді ағылшынның атақты психологы Джон Грей. Ол өзінің кітаптарының бірінде адамдардың көбі енген кейіптер туралы жазады. Жақсы жақтары болса көңілге тоқып, жаманы болса жиренуге тырысып көріңіз. Олар қандай болады?Шын мәніндегі кейпі мен жан-дүниесі қандай? Қандай кеңес беріледі? Сонымен сіз кімсіз? Көлеңкедегі келбетіңізді іздеп көрейік.
1. Озат атағыңыз бар болса…
Бұл кейіптегі адамдар бала кезінен ерекше махаббатқа ие болудың жолын жақсы біледі. Өзгелерден озуға әрдайым ұмтылыс жасайды. Үнемі таланты бар екенін көрсетуге талпынады. Басқалардың алдында биік екенін көрсетуді әдетке айналдырған ол көзге көрінуге тырысады. Озат үнемі бір жетістікке жетуге міндеттімін деп санайды. Олай етпеу жайлы ойлаудың өзі ол үшін қорқыныш. Әрдайым уақыты тығыз болатын Озат өзінің әлсіз сезінуіне жол бермейді. Яғни өзіне сынмен қарайды. Ол үшін демалыс деген болмайды.
Ал шын мәнінде Озаттың көкейінде мен махаббатқа лайық емеспін деген ой тұрады. Мұндай тұрпаттағы адамдар ішкі жан-дүниесі бойынша өзге адамдарға өте тәуелді. Ол өзін озат ретінде көрсетпесем, ешкімге керегім болмайды деп санайды. Өзіне назар аударту үшін, өзгелер үшін барлық жауапкершілікті алады.
Озатқа тынығуды үйренуге кеңес беріледі. Сондай-ақ өзгелер оны мұндай кейіпке енбесе де, яғни көшбасшы болуға тырыспаса да жақсы көретінін ұғынғаны жөн. Демалысқа жиі шығып, романдар оқығаны дұрыс. Егерде өзгермесеңіз жүйке жүйеңізге зақым келеді.
2. Сыншыл адам
Сыншы әрдайым өзгелердің қателігін іздеп, байқап, көріп, айқындап, тауып оны әшкерелеудің шебері. Жанындағылардың кемшілігін айқайлап айтудан алдына жан салмайды. Оларды төмендету үшін барын салады.
Ал шын мәнінде Сыншы өзін-өзі жек көреді. Кемшілігін мойындағысы келмегендіктен, өзгелерден соны іздейді. Басқалар Сыншы жасаған әрекетті өзіне қайтаруға әрекеттенген кезде ол мәселені қиындатып, үлкен дауға айналдыра салады. Мұндай мінездегі адамдар үшін ең жақсы қорғаныш өзгеге шабуыл жасау. Дегенмен сыншы өзгелердің кемшілігін айқындау арқылы өзінің қателігін түзеуге тырысады.
Сыншы алдымен өзіндегі ашу-ызаның ылғи неден және неге туындайтынын біліп алғаны жөн. Содан соң бұл мінезі үшін басқаны кінәламай, өзін түзетуге тырысқаны абзал. Өзі сынайтын адамдардың орнына өзін қойып, қандай күйде болатынын елестетіп көруі керек. Өзінің және өзгелердің қателіктеріне кешірімді болуды үйренгені дұрыс. Мұндай кейіптегі адамдар басқалардан ерекшелендіріп тұратын мінез сыншы болу емес, көркем мінезділік екенін білгені артық болмайды. Жанындағылармен жұмсақ сөйлесуге тырысу көп жетістікке жетелейді.
3. Мақтаншақ
Өзінің төмен бағасын жоғарылатуда мақтаншақтық мінезді үйреніп алғандар уақыт өте келе өтірікші болып кеткенін аңғармай да қалады. Олар жанындағылардың назарын аударту үшін болған жәйтті тым әсірелеп жібереді. Мақтаншақ байқаусызда жалған сөйлеп кеткенін білмейді, өйткені оған өтірік айту дағдыға айналған. Тіпті шын мәнінде болған оқиға ұлғайтуды қажет етпей, онсызда жарқын болғанның өзінде ол көптің назарын аудару үшін боямалайды.
Шын мәнінде Мақтаншақтың жүрек түкпірінде мен жақсы болуға, махаббатқа, ықыласқа лайық емеспін деген ой жатады. Өзгелердің назарын өзіне аудару үшін шынайы жағдай әсерсіз деп ойлайды. Көпшілік өзін ғана көрсе деген тілегі болғандықтан бәрін әсірелейді. Өзі өтірік айтатын болғандықтан Мақтаншақ маңайындағылардың ықыласы, махаббаты дегенге ешқашан сенбейді. Адамдар оған жақын болған сайын, оның қорғаныштық әдістері күшейе түсіп, жасырына береді. Ал мақтанған сайын өзгелердің назар аударатынына, мақұлдайтынына сенімді болады.
Мақтаншаққа сөзге өте мұқият болуға кеңес беріледі. Алдымен өзін шынайы жақсы көретін адамды тауып, оған барлық өтіріктері туралы айтып бергені жөн. Содан соң Мақтаншақ бұл әрекеттерінсіз-ақ өзгелердің ықыласына бөленетінін ұғынады. Ол өткенді өшіріп, бәрін қайтадан бастағаны абзал.
4.Мүсіркегенді қалайтындар
Өзін ылғи да құрбан етіп көрсететін адамдар бұл мінезді бала кезінде жұқтырған. Жақындары мұны қатты мүсіркейтіндей бір жағдайда, ол айтарлықтай жарақат алғандай күйге енген. Құрбан басына үлкен қайғы түскенге дейін немесе өткен өміріндегі болған трагедияны айтуға мүмкіндік туғанға дейін өзін махаббатқа лайық емеспін деп сезінеді. Ал бақытсыздық басына түскенде, оның өлшемі бірнеше есеге өседі. Өзін құрбан етіп көрсететіндердің жылаңқы әңгімелері таусылмайды. Ондай адамдарға проблемаңды айта бастасаң, оны да өзінікімен байланыстырып, тағы да көзіне жас алады. Олар әрбір жаңа трагедиясы арқылы өзгелердің махаббатын туғызуға әрекеттенеді.
Шын мәнінде өзін құрбан етіп көрсететін адамдар өздерін өте әлсіз, өмірге бейімсіз деп ойлайды. Сондықтан басқалар өздерін кінәлі сезінсін деп жанындағыларды үнемі бақылап, тексеріп жүруге тырысады. Олар тіпті өз өмірінің де жауапкершілігін мойынына алғысы келмейді.Мұндай жандарды қанағаттандыру мен разылық ету жақындары үшін қиынға соғады.
Олар ішкі дүниесінің түкпірінде жатқан ашу-ызадан арылып, басқаларды кешіруді үйренгені жөн.
5.Мәймөңке болсаңыз
Мұндай мінездегі адамдар үнемі жақсы көңіл күйде, сергек жүреді. Ширақ қимылдап, қызмет көрсетуге талпынып тұрады. Өте жақсы адам кейпіндегі оның әдетте достары, таныстары көп болады. Мәймөңкелегіш, көнбістік мінез жақсы нәтиже береді деп ойлайды. Сондықтан үнемі күліп, құшағын жаю әдетіне басады. Өзгелерге жағу үшін бәрінің пікірімен келіседі. Нұсқау ережелердің бәрін қолдайды. Ол ешқашан ашуланбайды. Байсалды мінез танытып, кез-келген жағдайға бейімделе алады. Ұрыс, айғай шығармайды.
Сыртқы келбетіне қарап риза, бақытты деп ойлайтын адамыңыз шын мәнінде іші бос, оның жанын жалғыздық жегідей жейді. Бұл қорқыныштан қашып, үнемі көпшілік арасында жүретіні де содан. Табиғи болсам, өзгелерден қолдау таппаймын деп қорқады. Сондықтан ол өзінің жеке тілектерінен ішкі менінен әлдеқашан байланысын үзген. Өзін жоғалтқан десе де болады. Сырттай бәрін дұрыс жасағанымен іштей өзін алданған және еркін еместей сезінеді. Оның өмірі қызықсыз. Мәймөңке өз-өзін торға түсірген адам. Ешқашан шынайы бейнесі ашылмайды. Әйтпесе өзгелер оның соншалықты жақсы, мейірімді екенін білетін болады.
Мәймөңкелегіш адамға бір ғана кеңес – «жоқ» деген сөзді айтып үйренуі керек. Көңілі толмайтын тұстарды айтып, тілегін жеткізе білген дұрыс.
6.Өзімдікі дұрыс!
Мұндай адам қателік жіберсем, жанымдағылардың махабатынан айрылып, олар менен сырт айналады деген ойды санасына түйіп алған. Сондықтан қандай жолмен болсын әрдайым өзінікін дұрыс деп көрсетуге тырысады. Ол ешқашан кінәсін мойындамайды. Әйтпесе махаббатты жоғалтып, жаны ауруы мүмкін.
Әрдайым өзінікін дұрыс дейтін адамдар үнемі кінәні өзгеге жабады. Бұл өзін қорғау үшін жасалған әрекет. Әрқашан орынды жауаптары дайын тұрады. Ол тіпті керемет ұстаз бола салады. Онымен ешқашан айтысып немесе дауласпаңыз. Соңында дәріс тыңдауыңыз мүмкін. Сіз қателесіп, оның әрекеті дұрыс болып шығады. Әйтсе де мұндай адам өзіне сын көзбен қарап үйренгені абзал.
7.Ашуланшақсыз ба?
Ол үнемі жауынгерлікке дайын секілді күйде жүреді. Ашу-ызасы – қару-жарақ, ал айқайы келеңсіздікті үркітуі керек. Ашуланшақ адам өзіне сенімсіз. Сондықтан үнемі қорғанып жүреді. Өзіндегі жасықтық пен олқылықтың есесін қайтару үшін, тіпті ол сырт әлемнен рахат алудан да бас тартады. Оған ештеңе ұнамайды. Мұндай адамдардың үнемі ашуы келіп тұрады және наразы болып жүреді.
Ашуланшақ адам өмір маған қаталдық танытты деп санайды және әділеттік орнатуға тырысады. Оны кез келген ұсақ-түйек ызаландыруы мүмкін.
Мұндай мінезді адамдар кемшіліктерге қарамастан айналасындағылардың ықыласына бөленуге де болатынын ұғынған жөн. Өзгелерді кешіруді үйренгені дұрыс. Айналасындағыларды жазғырмай, қайта жақсы көрсе, өз-өзін шын жақсы көретін болады. Бұл дегеніңіз – өзіңізді құрметтеуді үйрену.
8.Жылпостық
Оның рөлдері көптігі соншалық тіпті шын мәнінде өзінің қандай екенін де ұмытып қалады. Мінезі жағдайға, адамдарға байланысты өзгеріп отырады. Яғни қай орта оны қалай көргісі келеді, соған орай жұмыс жасайды. Әккі дауға кірісіп кетуге тәуекел етпейді. Жылпос адамдарға қалай ұнауды жақсы біледі. Тіпті бұл жолда шеберліктің шыңына жеткен. Сондықтан ол үшін екіжүзділік пен алаяқтық жат емес.
Негізі Әккі балалық шағында шын ықыласты сезінбей, үнемі өздігімен қала берген болуы мүмкін. Оның орын толтырып, адамдарға маңызды жағынан көріну үшін осындай түрлі кейіпке өзгеруді жөн санайды.
Өкінішке қарай, ол біреудің шынайы махаббатына ешқашан сенбейді. Өйткені өзі ықыласты түрлі рөлдер ойнау арқылы ғана алғанын іштей жақсы біледі. Егерде шын көңілмен өзгеруге, түрлі кейіпке енуді қойғысы келсе, біраз уақыт өзге жаққа кеткені дұрыс. Бірақ тағы бетперде киюге кіріспегені жөн.
9. Сенгіштік семіртпейді
Иланғыш адам өзгелердің ойына тәуелділігі соншалық, тіпті өзінің сезіміне сенуден қалғандар. Балалық шағында ойына түйіп алғаны: егерде сені жақсы көргенін қаласаң өзгелердің айтқанына сеніп, келісім бер деген ұғым. Егерде сіздің пікіріңіз көпшілік мақұлдағанмен бірдей болса, Сенгіш сіздің досыңыз. Ал егерде оны керісінше басқа ойға иландыруға әрекеттенсеңіз ол -дұшпаныңыз деп санай беріңіз. Мұндай адамдар мәселені шеше алатындардың иығына жауапкершілікті ойланбастан арта салады. Ол сіздің ықыласыңызды ой-пікіріңізбен келісу арқылы алуды ойлайды. Бірақ Сенгіштің шынайы күткен үмітін ақтамаған жағдайда, оның тарапынан қолдау күтпеңіз.
Сенгіш өзіне сенуді үйренбесе, бұл жағдай әрі қарай жалғаса береді. Ол өз өміріне жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Бір кездері сенімді ақтамаған адамдарды кешіргені жөн. Ол өз қағидасына көз жеткізіп, өзінің тәжірбиесіне сүйенгені абзал. Сенгіш басқаның емес, өзінің түйсігіне, сезіміне сеніп, өз таңдауын жасағаны дұрыс. Сондай-ақ өзін күштің көзі, өз өмірінің иесі ретінде қабылдағаны жөн.
10. Жасқаншақ
Жасқаншақтар әдетте басқаларға қорқынышпен қарайды. Өзгелер оны жолы болмайтын адам деп санап, сырт айналады деп ойлағандықтан сыннан қорқады. Жасқаншақ өзіне мүлдем сенбейтіндіктен өзгелердің махаббатына тіпті лайық емеспін деп санайды.
Оның ойынша айналасындағылар оны тек белгілі бір шарттармен ғана қабылдайды. Олай болмаған жағдайда мұнымен ешкімнің байланысы болмайды. Жасқаншақтан керемет сазгер немесе әртіс шығуы мүмкін. Бірақ сахнадан тыс ол жаны күйзеліске толы, ұялшақ адам.
Жасқаншақтар тәуекел етуді үйренуі керек. Қауіпті жағдайларды көзбен көріп, оқиғаның соңына дейін шыдап, бәрін бастан өткеруі керек. Бұл біртіндеп өзіне деген сенімді арттырып, өзгелер алдындағы қорқынышты сейілтеді. Сондай-ақ өз күшін қолданып, айналасындағыларға сену керек.
11. Жасандылықтан арылыңыз
Қылығы жасанды адамдардың ішкі түйсігінің өтемақысы – әлеуметтік жетістіктері мен материалдық иеліктері. Олар боямашылықты жөн көретіндіктен, жыртықты бағалап барып, жамауға ұмтылады. Өзінің мәртебесін бағалы заттар сатып алу арқылы көтергісі келеді. Ондағы үміті үнемі өзі қажетсініп тұратын өзгелердің назары мен олардың мойындауы. Жасанды адамдар үшін ақша – махаббаттың таңбасы.
Шын мәнінде олар ақшам жоқ болса, ықылассыз, назарсыз қаламын деп қорқады. Ол өзгелерден шын махаббатты сұрамайды және күтпейді. Оны сатып алуға тырысады. Жасанды мінезді адам өзінің сезімімен тікелей бөлісе алмайды. Сондықтан оны сыйлық, тартулар арқылы білдіреді. Жасанды мінезді адамдар өз сезімімен бөлісуі қажет. Сондай-ақ айналасындағылардың өзінің ішкі жан-дүниесіне үңілуіне мүмкіндік бергені абзал.
12. Жалғызбастылық
Ол үнемі ешкімді қажет етпейтінін дәлелдеумен болады. Жалғызбасты өмірінің бір кезеңінде қажетті махаббатты ала алмай, өзгелер мойындамағандықтан енді онсыз күн кеше аламын деген тұжырымға келген. Мұндай жандар толыстым, жетілдім деп ойлайды.
Ал шын мәнінде олардың ішкі жан-дүниесінің түбінде тым жиі жараланған өте нәзік сезім жатыр. Ол сезіміне ерік бермей, немқұрайлылықты үйреніп алған. Өйткені сезіну жанға батады емес пе?! Жалғызбасты өзін ықыласты тым көп талап етемін және мұным үшін кінәлімін деп ойлайды. Сондықтан қажеті жоқ деп бәрін теріске шығарады. «Мен мұны өзім жасай аламын, қажеттерің жоқ — деп ол мақтанышпен мәлімдейді. Ал тілектерін ашық айтпайды. Өйткені ол өкпе-реніш әкеліп, көңілін түсіреді деген сенімде. Басқалардың бұдан қандай да бір тілекті орындауын күтетіні оның ашуын келтіреді. Өйткені керекті нәрсе Жалғызбастының өзінде де жоқ.
Жалғызбасты көз жасы мен ауырлықты жасырмай, өзіне қажеттіні айтуды үйрену керек. Өзгелермен құпия тілектері, көңілімен бөліскені абзал. Ал қайтадан ескі әдетіне басып, артқа шегіне бастаған кезде, өзін шын түсінетін, ішкі сезімін айтып бере алатын адаммен сөйлескені жөн.
13. Өзімді құрбан етем!
Мұндай адам өзінің қызығын ысырып, өзгелердің мүддесі үшін өзін құрбан етуді- жақсы көру деп түсінуді ойына түйіп алған жан. Бәлкім оның ата-анасы оған бала кезінде үнемі ол үшін не істегендерін жиі айтқан болса керек. Сондықтан оның өтемі үшін осындай мінез пайда болуы мүмкін. Өзін құрбан ететін адам үшін жақсы көру өте қиын. Құштарлығын білдіру үшін бірдеңе жасау керек немесе өзіне қымбатқа түскенмен қоштасуы керек деп ойлайды ол.
Мұндай адамдар ешқашан өзі қалағанындай бола алмайды. Өзгелер өзімшіл деуі мүмкін ғой. Айналасындағыларға бірдеңе берсе де өзін ол құрбанмын деп санайды. Өзіндегі қымбатты бердім деп ойлайды. «Мен сен үшін жапа шектім, енді сен мен үшін жаса»,- дейді ол. Мұндай адамдар үшін жапа шегу – нағыз махаббаттың белгісі.
Өзін құрбан ететін адамдар иығына арта салған махаббаттың соншалықты ауыр жүк емес екенін саналы түрде түсінгені жөн. Ата-ана мен басқаларға деген Іштегі тұншыққан ашу-ыза, өкпе-наздан арылу керек. Олар алған ықыласы үшін қайтарым, яғни өзгелерге қарыз болмайтынын ұғынғаны абзал. Өзінің талап-тілектеріне көңіл бөлмеу әдетін қоюы керек.
Дайындаған – Ғалия Қылышбаева
Сонымен сіз қалай жасырыныпсыз? 13 мінездің қайсысын жақсылап жұқтырғансыз? Жағымсыз мінез-құлық, әрекеттеріңізді зерделеп, мойындамайынша ештеңені өзгерте алмайтыныңызды естен шығармаңыз.