Кенді қала Кентау 57-ге толды

1372
Кентауға 57 жыл

Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдық тарихында өзіндік орны бар Кентау қаласының құрылғанына биыл 57 жыл толды. Шаһардың қалыптасуына о баста себепкер болған Ащысай түстіметалл кенішіне де биыл — 85 жыл. Осынау қос мереке екі күн атап өтіліп, ардагер-кеншілерге құрмет көрсетілді. Қала тұрғындарына арнап қарүйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойналды. Барлық жерлерде мерекелік кештер ұйымдастырылды.

Қаратау тәжі атанған Кентау қаласын құрудағы мақсат — Ащысай полиметалл кенішін байыту жұмыстары болды. Онда қорғасын-мырыш кендері өндірілген. Қазақстанның түсті металлургия саласындағы ірі кәсіпорындарының бірі. Көлденең кен қазбасынан шапшаң кен өндіру бойынша дүниежүзілік рекорд жасаған Кеншілер ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Ардагер кеншілер Дүйсенбай Пайзиев пен Маханбет Тағаевқа «І-ші дәрежелі Кенші даңқы» медалі тапсырылды.

Кентау қаласының әкімі Бақытбек Байсалов

Бақытбек Байсалов, Кентау қаласының әкімі: «Бұл жерде 25 мың халық жұмыс істеген. Осы қаланың іргесін қалауға үлес қостыңыздар! Денсаулыкпен, уакытпен санаспай соны орындадыңыздар. Сонда бір тілек Қазақстанымыз, Отанымыз гүлденсін деп қымет еттіңіздер. Сіздерге бас ие отырып, біз де халық игілігіне қызмет етуге уәде береміз».

«Өндіріссіз өмір жоқ». Мемлекеттің «шағын қала» бағдарламасына сәйкес шағын шахардың шаруасы оңалып келеді. Күннен күнге көркейіп келе жатқан Кентауда көптеген жобалар жүзеге асырылмақ. Қала күні мерекесіне арнап елдің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. «Кентау» атты жаңа ән де дүниеге келді.

Тұрсынбек Асанбеков, Кентау қаласының тұрғыны: «Кентау қаласының мерекесі бүгін керемет өтіп жатыр. Барлық қазақтың дәстүрлері жасалып, тұсау кесер, бесікке салу».

Елу жылда — ел жаңа. Кентау қайта түлеп, даму жолына түсті, тұрғындарының тұрмысы жақсарды. Көптен күткен жаңа су тазарту стансасы салтанатты түрде ашылды. Нәтижесінде Кентаулықтар мен қоса Түркістандықтар да тәулігіне 24 сағат сумен қамтылады деп күтілуде.

Арман Басаров, Кентау қалалық құрылыс бөлімінің бастығы: «Жалпы құрылыс монтаж жұмыстары толық аяқталып, аяқталған жұмыстар өз деңгейінде қабылдануда».

Құрылғанына 57 жыл толып отырған қалада қазіргі кезде №5 жылу энерго орталық, «Кентаусервис» МКК, «Оңтүстіктүстіметалл», «Кентау трансформатор зауыты», «Кентау экскаватор зауыты», «Стройсервис», «Эластополимет» секілді бірнеше өндіріс ошақтары жұмыс жүргізуде. Тәж қала түрленіп келеді.