Мақта бағасы бақылауда бола ма?

Мақташылардың еңбегі ақталмай жүр
Мақташылардың еңбегі ақталмай жүр

Мақта — оңтүстіктегі бір миллионнан астам халықтың жұмыс орны, күнкөріс көзі. Сан жылдардан бері осы бір өсімдікті өсіріп нәпақасын тауып келген еңбекқор халықтың кей кездері теккен терлері өтелмей қалып жатады. Нарық болған соң, баға шіркін ауытқымай тұрмайтыны белгілі. Бірде қымбат, бірде арзан. Соңғы жылдары мақта бағасы мың құбылды. Былтыр шаруалар мақтаның бір келісін 100-120 теңгеден өткізген болса, биыл оның құны 80 теңгеге де жетпей отыр. Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша келешекте мақта бағасы көтеріледі. Дегенмен, әр гектардың өнімділігін арттырмаса тағы болмайды. Жалпы осы мақта бағасына қатысты дау оңтүстік өңірде қызу талқыға түсуде. Тіпті Үкіметтің өзі араласпаса қиындайтын түрі бар.

Осыны аңғарған билік таяуда Шымкентте үлкен жиын өткізді. ҚР Ауылшаруашылығы министрлiгi Iскерлiк кеңесiнiң жұмыс тобы мен «Атамекен одағы» Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасының кәсiпкер құқықтарын қорғау жөнiндегi Қоғамдық кеңесi Оңтүстiк өңiрiнде бас қосып, өңірдегі ауылшаруашылығына қатысты біраз мәселенің басын қайырған болатын. Жиынға «Атамекен одағы» Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Айгүл Соловьева, ҚР Ауылшаруашылығы министрiнiң орынбасары Мүсiлiм Өмiрияев, ОҚО әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Берiк Оспанов пен Мақтарал ауданының әкiмi Серiк Тұрбеков сынды шенеуніктер қатысты. Отырыста мақта бағасына, оны өткізуде орын алып отырған қиындықтарға қатысты мәселе негізгі тақырып болды.

Берік Оспанов, ОҚО әкімінің орынбасары

– Мақта өңдеу зауыттарын  саламыз деген азаматтар болса  қаржылай қолдауға әзiрмiз. Мемлекеттiк мақта зауыты өз өнiмiн Шымкенттегi экономикалық аймақта ашылған өңдеу кәсiпорындарына бермейдi. Шикiзат ретiнде шетелге өткiзесiздер. Өз облысымызда жiп, мата, т.б. дайын өнiмдер шығарсақ ұтылмаймыз. Тағы да атап айтамын, бұл зауыт аудан, облыс халқы үшiн  жұмыс жасауы керек. Елбасы бұл кәсiпорынды елге жұмыс iстесiн деп ашты ғой.

Мақтаралдық диқандар осы кезге дейiн 150 мың тоннаға жуық ақ алтынды қырманға тапсырып үлгерген. Болжам бойынша аудан көлемінде 250 мың тонна мақта жиналады деп күтіліп отыр. Дегенмен шаруалардың басын қатырып отырған мәселе айналып келіп сол мақта бағасының нақты белгіленбеуіне, оны тым арзанға сатылуына тіреледі. Осыны жақсы түсінген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының вице-министрi М.Өмiрияев бастаған арнайы топ, облыс әкімінің орынбасары Б.Оспанов пен тағы басқалар мәселені жан-жақты талдап, нүкте қою үшiн жуырда Мақтаралға да барып қайтты. Диқандармен кездесуде облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Б.Оспанов былтырғыдай жоғары баға биыл болмай тұрғанын, дегенмен ала жаздай еңбек еткен мақташылардың маңдай терінің өтемін өтеуге күш салып, мәселені реттеу жолында жұмыс істейтіндерін айтып қалды. Бағаның биылғы құлдырауы несібесін жерден терген шаруалар үшiн ауыр тиіп отырғаны анық. Сол себепті де наразылық танытулары заңдылық.

Шаруалардың көпшілігі «Мақта келiсiмшарт корпорациясы» АҚ-на қарасты зауыт басшылығына, олардың қазіргі белгілеп отырған бағасымен келіспеуде. Мақта бағасын белгiлеп, реттеп, шаруалардың ығына қарай жығылуы тиіс болса да олардың тірлігі кереғар деп күйінеді мақтаралдықтар. Дәл қазір мақта тергiзу үшін бір келісіне 20-25 теңге, ал мақтаны өсiруге кететін шығын гектарына 150-160 мың теңгеден түседі екен. Бір анығы баға өспей, осы қалпында қалатын болса шаруалар шығынға белшесінен батайын деп тұрған секілді.

Серік Тұрбеков, ОҚО Мақтарал ауданының әкімі

– Шикі мақтаның бағасын белгілейтін Ливерпуль биржасында Оңтүстік Қазақстанның мақтасына қызығушылық жоқ. Бүгінгі күні Ливерпульде мақтаның бағасы 90 теңгеден және одан жоғары. Біз мақтаны сату мәселесін әлі шешетін боламыз.

Мақта бағасына көңілі толмаған мақта өсiрушiлер бұл баға біз үшін өте арзан дейді. «Еткен еңбегіміздің жартысын да ақтамайды» деп жыларман болуда. Олардың пікірінше мақтаның бағасы ең болмаса 80-90 теңге болса қанағат тұтар едік дегенге саяды.

Абылай Мырзахметов бұл күрмеулі мәселені тез шешу керектігін айтты. Ол үшiн арнайы комиссия құрып, өнiмнiң өзiндiк құнын жергiлiктi жағдаймен таныса отырып анықтау қажет. Комиссияның құрамында министрлiктiң, Парламенттiң және «Атамекен одағының» өкiлдерi болуы тиiс. Экономикалық палата басшысы өздерiнiң бұл жұмысқа әзiр екенiн мәлiмдедi.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ