Қазақстанда медициналық көмектің тегін кепілді көлемі бар. Соған қарай бізге ауруханада, күндізгі стационарда тегін ем алуға болады. Бірақ кейбір емханалар қызмет түрінің бірнешесін ақылы етіп қойған. Бұл емхананың өзіндік ішкі тәртіптеріне байланысты жүзеге асатын шара. Егер қай қызметтің тегін екендігін білгіңіз келсе, төмендегі ережелерді ескере жүріңіз.
Мемлекет қоржынынан медициналық көмекке бөлінген қаржы көлемі жыл сайын жүйелі түрде көбейіп келе жатқанда медициналық көмектің сапасы да біртіндеп жақсаратыны сөзсіз. Сондықтан жедел медициналық көмек, санитарлық авиация және кеңестік-диагностикалық, стационарлық, стационарды алмастыратын көмек түрлері бөлек-бөлек топталып, тегін түрде халыққа қызмет көрсетіліп жатыр.
Диагностикалық медициналық кеңес қызметі – мамандандырылған, ал стационарлық – білікті және мамандандырылған көмек болып екіге бөлінеді. Сіз кімге қаралсаңыз да өз еркіңіз және медициналық мекемені таңдау құқыңыз бар. Егер мемлекеттік мекемеге бас сұғып, диагностикалық кеңес алғыңыз келсе, жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрін тегін аласыз. Бірақ, қолыңызда бастапқы медициналық немесе жергілікті мекенжайыңызға қарасты емханаңыздың дәрігері берген жолдама болуы керек. Ол жолдамасыз сізге есік жабық. Жолдамасыз келген болсаңыз, тиісті қаражатын төлеңіз де, кеңес ала беріңіз. Сонымен қатар кейбір медициналық мекемелерде заманауи жабдықтардың жоқ болуына байланысты кейбір қызмет ақылы түрде жүреді.
Мәселен, рентген аппараты, УДЗ нәтижелерін алу үшін сіз ақылы немесе жеке клиникаларға барып көрінуіңіз қажет. Қорытынды диагнозды емделуші дәрігерге алып келесіз. Мұны емдеуші мекеме тиісті ережелеріне қарай түсіндіріп береді. Егер емхана жабдықтары талапқа сай болса, зерттеулеріңіздің барлығы дерлік тегін болмақ. Бірақ ескеретін жайт бар. Ол: 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, зейнеткерлер және жұқпалы аурулармен, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын сырқаттарға қымбат тұратын медициналық зерттеулер тегін жүргізіледі. Сонымен қатар осы көрсетілген тізімге кіретін тұрғындарға шұғыл стоматологиялық көмек те тегін жүргізіледі.
Ал жоспарлы стоматологиялық қызмет 18 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге ғана тегін жүргізіледі. Қалғаны ақылы. Кепілді тегін медициналық көмек дәрі-дәрмексіз іске аспайтыны белгілі. Сондықтан да медициналық ұйымдардың ақпараттық тақтайшаларында министрлік бекіткен өмірлік маңызы бар тегін босатылатын дәрілердің тізімі жазулы тұрады. Мұндай дәрі-дәрмектердің тізімі ауруханаларда емделушілер мен келушілерге көрінетін жерлерде ілініп тұруы тиіс.
Бір айта кететін жайт, жаңа туған нәрестелердің ауруларын емдеуге қажетті дәрі-дәрмектер толығымен тегін босатылады. СПИД дертін жұқтырған аналардан туған балалар да, СПИД жұқпасы бар аналар да тегін емделе алады. Мидағы сал ауруына шалдыққан балалар, астма демікпесі бар ересектер, анемия дертіне шалдыққандар, онкологиялық, психикалық, қояншық, қант диабеті, бұлшық ет әлсіздігі, ревматойдты артрит және протезделген жүрек қақпашалары бар сырқаттар жергілікті бюджет қаражаты арқылы жеңілдіктерге ие болады.
Ал дәрігердің бақылауында жиі болатын, арнайы диспансерлік есепте тұратын 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалардағы өкпе қабынуы, обструктивті бронхит, фарингит/тонзиллит, ішек жұқпалары, барлық санаттағы туберкулез ауруы, органдарды ауыстырып, қондырғаннан кейінгі жағдай, қант диабеті, ересектердің гемофилиясы, СПИД жұқпасы, жүкті әйелдердің йод жетіспеушілігі және темір тапшылығынан болатын анемиясы, темір тапшылығы анемиясы, асқазан-ішек жүйесі аурулары, өкпе қабынуы, созылмалы бронхит ауруларын емдеуге қажет дәрілік заттар рецепт бойынша тегін жіберіледі.
Қорыта айтқанда, тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің 2011-2012 жылдарға арналған тізбесінің бұрынғыдан ерекшелігі, 3 жағдайда санаттар қатары көбейген, жеңілдіктер бойынша босатылатын дәрілік заттар рецептіне 15 ауру түрі жаңадан қосылған. Осының шеңберінде 2011 жылмен салыстырғанда 80 түрлі дәрілік заттар қосымша енгізілген. Назарыңызға төмендегі ережелерді қосымша ақпарат ретінде ұсынып отырмыз.
Бетті дайындаған – Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА
Тегін медициналық көмектің тізбесі
Жедел медициналық көмек нысанындағы ТМК тізбесі :
1) шұғыл айғақтары бойынша медициналық көмек көрсету және дәрілік формулярларға сәйкес дәрілік заттармен қамтамасыз ету;
2) науқастарды медициналық айғақтары бойынша медициналық ұйымдарға жеткізу;
3) бұқаралық іс-шараларды медициналық қамтамасыз ету.
Санитариялық авиация нысанындағы ТМК:
1) пациенттің тұратын жеріндегі медициналық ұйымда медициналық жабдықтың немесе тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауы салдарынан медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету;
2) әртүрлі көлік түрлерімен білікті мамандарды межелі жерге жеткізу не науқасты тиісті медициналық ұйымға тасымалдау.
Амбулаториялық-емханалық көмек нысанындағы ТМК:
1) мамандардың тексеріп-қарауы, консультациясы;
2) медициналық қызметтер (инъекциялар, дәке, қатайтатын таңғыштар, шендеуіштер салу, медицина ұйымының шығыс материалдарын пайдаланып хирургиялық, гинекологиялық, урологиялық, офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа да амбулаториялық ем-шаралар);
3) медициналық айғақтары бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға физиотерапиялық ем-шаралар;
4) халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына шұғыл стоматологиялық көмек, тіс жұлуды қоса алғанда, 18 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге жоспарлы стоматологиялық көмек
5) салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар:
6) белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын уәкілетті орган бекітетін дәрілік препараттарды беру
Стационарлық көмек нысанында көрсетілетін ТМК:
1) мамандардың тексеріп-қарауы, консультациясы;
2) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес зертханалық және аспаптық зерттеулер;
3) медициналық қызметтер (ақылыны қоспағанда) медициналық айғақтар бойынша дәрілік формулярларға сәйкес дәрімен қамтамасыз ету;
4) медициналық айғақтар бойынша қан мен оның компоненттерінің препараттарымен қамтамасыз ету;
5) мейірбике күтімі.
Стационарды алмастыратын көмек нысанындағы ТМК:
1) мамандардың тексеріп-қарауы, консультациясы;
2) медициналық айғақтары бойынша бір күн ішінде 4-тен 8 сағатқа дейін медициналық қызметтер (ақылыны қоспағанда), дәрілік формулярларға сәйкес дәрімен қамтамасыз ету.