Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда елімізде жолкөлік оқиғалары мен онда зардап шеккендердің саны 24 пайызға өскен. Аймақтар бойынша осынау қаралы көшті Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысы бастап тұр. Мұндай көңіл көншітпейтін мәліметтер «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанынан құрылған сараптамалық-қорытынды жиында айтылды.
Жыл басынан бері 9 айда 1412 адам жол апатынан қайтыс болса, соның 127-сі кәмелетке толмағандар. Бұл жерде де Оңтүстік алда келеді. Бізде 350 адам тіл тартпай кеткен оқыс жағдайда. Соның 32-сі жасөспірім. Салыстырсақ, автобусқа мініп, қыршын кеткендердің де саны өсіпті.
Артықбай ЖАППАРОВ, ОҚО ІІД жол полициясы басқармасының бастығы: «Ағымдағы жылдың сегіз айында автобус жүргізушілерінің кінәсінен барлығы 29 оқиға тіркеліп, 10 адам қаза тапты. 67 адам дене жарақатын алды. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 31,8 пайызға, қаза болғандар 4 есеге, жарақат алғандар саны 2,5 есеге өскен».
Жол апатының көбейіп кету себебінің бірін тәртіп сақшылары коммуналдық қызметкерлерден көреді. Өйткені, жолды жөндеу кезінде сол аймақта өзгеріс болып, көлік кептелісі туындайтыны жайлы полицияға хабарланбайды екен. Мұнан бөлек, ауылды жерлерде тәртіп сақшысының аздығы да сыныққа сылтау болып тұр. Билік партиясы құрған сараптамалық қорытындыда өзге де проблемалар айтылды.
Досыбай ШЕРІМҚҰЛОВ, Облыстық кәсіподақ кеңесінің төрағасы: «Тротуар жоқ. Көп көшеде аяқжолға жер қалмаған. Содан соң адамдар барып, көшенің шетімен жүреді. Жаяужолға жер қалдырмау деген барып тұрған қылмыс бұл. Осы сауалға ешкім жауап бермейді. Содан соң автомектептің бәрі жекеменшік. Оны бақылауға сіздердің құқықтарыңыз бар ма жоқ па? Жүргізуші куәлігін сатып алады, сосын жол апатын жасайды».
Артықбай ЖАППАРОВ, ОҚО ІІД жол полициясы басқармасының бастығы: «Жол апатын азайту мақсатында қалалық әкімдік пен облыстық әкімдік қолдауымен нақты іс-шара қабыданып, жоспар қабылданып жатыр. Оның ішіне туратуар қосу қарастырылған. Автомектепке рұқсатты Астанадан жол комитеті береді. Бұл сұрақ бірнеше рет көтерілді. Ұсыныс жолдағанбыз. Шешім күтіп жүрміз».
Мақтарал, Шардара, Сарығаш, Отырар. Осы аудандардағы желмен жарысқан жүргізушілер ережені жиі бұзатындардың көшбасында. Арнайы рейд барысында мұнда жол апаттарының саны 3 есеге дейін өскені анықталған.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=W2E5YqcUBZ4[/youtube]