Дұрыс діни әдебиеттерді қайдан табуға болады?

 

Дұрыс діни әдебиеттерді қайдан табуға болады?

Дін істері жөніндегі департамент пен ішкі саясат басқармасы және құқық қорғау органдары мұны жіті бақылауда ұстаймыз дейді. Кереғар мақсаттағы кітаптардың қалың қауымға тарап кетпеуін қадағалайтын құзырлылар қазір ай сайын тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Суреттегі дүкеннің жұмыс істеп жатқанына бес жылдың жүзі болды. Мұнда діни әдебиеттер сатылады. Үн таспалар мен табақшалар да осында. Саудаға шығарылатын кітаптар арнайы сараптамадан өтеді. Олардың басым бөлігі Алматы мен Шымкентте басылып шығарылған әдебиеттер. Құзырлы органдардың қадағалауындағы нысан арнайы рұқсатнамамен кәсіп етуде.

Бақыткүл Махмутова-діни дүкен сатушысы: «Бізде кітаптардың бағасы әр түрлі. Оның қалыңдығы мен маңызы, мұқабасына қарай, ең арзаны 100 теңге болса, ең қымбаты 8 мың теңге көлемінде. Арнайы сараптамадан өткізілген кітаптарды ғана сатуға шығарып жатырмыз».

Айта кету керек, біздің облыста діни әдебиеттерді сатуға рүқсат алған 5 орын бар. Оның екеуі Түркістан қаласында болса, үшеуі Шымкент шаһарында. Мұндай дүкендердегі әдебиет сапасы мен оларға қатысты талаптарды Әділет департаменті жіті қарап, тіркеуі тиіс. Ал дүкендердегі сатушылар да лицензия аясында жұмыс істейді.

Ғабит Аман-Ішкі саясат басқармасы діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы: «Біз ай сайын қадағалап отырамыз. Ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қатаң бақылап отырады. Діни істер жөніндегі департаменттің де жіті қарауында».

Діни әдебиеттер дүкенін ашу оңай шаруа емес. Оған қалалық немесе аудандық әкімдік арнайы ұсыныс беруі тиіс. Оған облыс әкімінің өзі қаулы шығарады. Ал егер рұқсатсыз өз бетіңізше дүкен ашып, кәсіп етсеңіз, заңмен қудаланасыз.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=XO_8fp1SOO8[/youtube]