Шымкенттің шенеуніктері Қазақстанда құрастырылған теміртұлпарларға тапсырыс бергісі келеді. Осылай ету арқылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қымбат көліктерге құмартудың қажеті жоқтығы жөніндегі ұсынысын қолдамақ.
Әзірге облыстық, қалалық әкімдік ғимараты алдында тұрған «Тойота», «Мерседес», «Хонда» маркалы қызметтік көліктерден көз сүрінеді. Әкімдіктің бөлім, басқарма басшылары жапондық джиптер мен неміс седандарын тізгіндеп алған. Дегенмен Қазақстанда жасалған көліктерді пайдаланайық деп шешкен шенеуніктер шетелдік көліктерді мінуді азайтқан сыңайлы. Отандық көлікті алғашқылардың бірі болып тізгіндегеннің бірі қала әкімі Қайрат Молдасейітов болып тұр.
Ал қала әкімінің орынбасары Баһадүр Нарымбетов шетелдік теміртұлпарда сайран салатыннның бірі. Орынбасар мырза көлігін көрсетуден үзілді-кесілді бас тартты. Соған қарағанда мініп жүргені шетелдік көлік болғаны ғой. Сөзінен де соны ұқтық. Шетелдік көлікті тек жұмыста мінгенімен, үйінде қазақстандық көлікті ерттейтінін айтып қалды ол.
Қаланың бас ұстазы Жанат Тәжиеваның көлігі Ресейдікі. Оған «Волга» теміртұлпары 4 жылдан бері серік болып келеді. Дегенмен, Жанат ханым да отандық көліктерді пайдаланғанды қалайды. Отандық көліктердің автобөлшектері табылатындай болса деген тілегін де жасырмады.
Отандық көлікке бірден болмаса да біртіндеп ауысу керек деп санайды, қалалық мәслихаттың депутаты Ерсейт Бұхарбаев. Елімізде шенеунік деген көп. Депутаттың пікірінше оның бәріне бірдей отандық өнім тауып беру қиынға соғады екен.
Қысқасы, кім қандай көлікпен жүрсе де, өз еркі. Алайд, Қазақстанда жасалған тауарға өзіміз қолдау жасап, қызығын көргенге не жетсін-ай!
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=DG-bP3Al9Hw[/youtube]