Қала іргесіндегі шаруа қожалықтары ауа-райының құбылуына алаңдаулы. Қарашаға дейін күн күрт суып кетпегенін тілейді олар. 8 гектардай жерге көкөніс еккен Мұрат Ырысов жақында қызылшаны жинап алды. Енді пісіп тұрған сәбіз, қырыққабат пен шалқанды жинау керек.
Мұрат Ирисов, диқан: «Өнім жаман емес, осылай ауа-райы екі аптадай тұрса, онда барлық көкөністі түгел жинап аламыз. -10 градусқа дейін қырыққабат, сәбіз, шалқан төзімді. Одан төмендесе үсіп қалады. Оған жеткізбеу үшін қазір дайындық жұмыстарын жүргізіп, 15-қарашаға дейін өнімді жинап алуға тырысамыз».
Жайқалып тұрған көкөніс шілде айының басында егілген. Күтімнің арқасында диқан жақсы өнім алуды жоспарлауда, тек ауа райы күрт суытпаса болғаны.
Мұрат Ирисов, диқан: «Былтыр осындай уақытта ауа температурасы 16-18 градусқа төмендеп, бір гектардай шалқан мен сәбізіміз, 3 гектарда қырыққабатымыз қалып, шығынға батқан едік. Биыл жаман емес».
Әр сенбі күні өтетін жәрмеңкеде өнімін шығаратын диқан көкөністі өткізуде күрделік жоқ. Тек алыпсатарлардың әрекеті қынжылтады дейді. Шаруаның экологиялық таза өнімдерін соңғы жылдары Ақтау мен Атыраулықтар көптеп сатып алуда. Жергілікті билік тарапынан диқандарға ЖЖМ мен тыңайтқышқа жеңілдіктер қарастырылып, қолдау тұрақты болса, онда шаруа қожалықтары халықты ауыл шарауашылығы өнімдерімен қамтуға әрқашан дайын. Бұл шаруалардың тілегі.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=6QL9B7NoS4w[/youtube]