Шымкентте жолкіре 50 теңгеге көтерілді

Жолаушылар жолкіре 50 теңге болғанымен де мәселе шешілмейді деп санайды
Жолаушылар жолкіре 50 теңге болғанымен де мәселе шешілмейді деп санайды

Жолақысы – 50 теңге. Бүгіннен бастап Шымкенттегі қоғамдық көліктерде жүру ақысы 5 теңгеге қымбаттады. Осылайша, жыл басынан бері бұл баға екінші рет қымбаттап отыр. Еске салсақ, биыл 1-шілде күні жолақыға 10 теңге қосылып еді.

«50 теңге төлеңіз, әйтпесе, жолыңыз әне». Қоғамдық көліктерге мінген жолаушылар бүгін осындай жайды бастан кешті. Сөйтіп, 1-қазаннан бастап жол жүру ақысы тағы да қымбаттайды деген көлік тасымалдаушылары діттегендеріне жетті.

Әрине, бұл жаңалыққа тасымалдаушылардан өзге ешкім қуанған жоқ. Ренішті жолаушылар бұл күндері күніне қанша рет автобусқа отыратынын есептеп, жалпы бір күндік, одан бір айлық шығындарын есептеп, қабақтары қатуланып жүр. Өкпелілердің көшбасын әсіресе, студенттер бастап тұр. Себебі, ең болмағанда жеңілдік билеттері жоқтығына налиды,

Сапасыз қызметтің жауыр болған жырын жуырда «Нұр Отан» партиясының қаладағы филиал мүшелері де мықтап тұрып сынға алды. Бір ай бойы арнайы бақылау жүргізген билік партиясы жүйесіз жұмысты көзбен көріп, күдігін көбейтіпті.

Кесте бойынша жүрмей, бірде көбейіп, бірде азайған автобустардың басқарушысына Өмірзақ Мелдеханов шарасызсың деген мін тақты.

Десе де, көлік секторының меңгерушісі Ерсейіт Бұхарбаев барлық сұрақтарға жауап беруге тырысып бақты. Ол істің жәймен ретке келетінін түсіндіргісі келді. Сөзіне сенсек, енді ескі көліктердің 20 пайызы жыл сайын жаңарып отыратын көрінеді.

Кім қай бұрыштан бақырып-шақырмасын, қоғамдық көлік компаниялары дегеніне жетті әйтеуір. Енді қысылмай, таза көліктерде жүруді армандаңыз. Бұл арманның жақын күндері орындалары да күдікті. Өйткені, барлығы керемет болу үшін тасымалдаушылар әлі субсидия сұрап отыр. Бірақ оны жергілікті бюджет биыл да қарастырған жоқ.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=d3PqrnPyB9A[/youtube]