Шымкенттегі Абай ауданының әкімі есеп берді

433
Ақтастағы медициналық пункт
Жамбыл Байғонов есеп берді

Шымкенттегі Абай ауданының әкімі Жамбыл Байғонов атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Қала әкімінің алдында баяндамасын бұлжытпай оқып шыққан аудан басшысы ретсіз сауда мен ауданның санитарлық талабына келгенде мүдіріп қалды. Оған себеп те жоқ емес.

Есебін ретсіз сауданың жайынан бастаған Жамбыл Байғонов 16 рейд жүргізілгенін алға тартты. Нәтижесінде санитарлық талапты бұзған 175 азаматқа айыппұл салыныпты.

Жамбыл Байғонов, Абай ауданының әкімі: «Рейд жұмыстары барысында заңсыз қойылған 68 жарнама тақтайшалары тәркіленді. 32 заңсыз жарнама қойылған коммерциялық құрылым иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. С.Қожанов атындағы көшесіндегі орналасқан автокөлік сақтандыру нүктелерінің заңсыз әрекеттері жөнінде Абай аудандық ішкі істер басқармасына хат жолданды».

Алайда атқарылған жұмысқа қала басшысының көңілі толмады. Жұмыстың жұмсақтығынан ба, әлде есептің құр сөзділігінен бе, әйтеуір, жабайы сауда тыйылмаған, рұқсатсыз көлік тұрақтары азаймаған.

 Қайрат Молдасейітов, қала әкімі: «Ретсіз саудаға рейд өз деңгейінде жасалмаған. Әлі күнге жабайы сауда ретке келтірілмеген. «Қатын көпір» шағынауданындағы базар маңындағы автотұрақтардың салдарынан қоғамдық көліктер де жүріп тұра алмай қалды. Соны реттеуге болады ғой. Ішкі істер бөлімімен тығыз жұмыс жүргізіңіздер».

Тазалығы онсыз да сын көтермейтін ауданның санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы да қауқарсыз. Өйткені заңда жоспарсыз тексеруге жол жоқ екен.

Халықты ауызсу, электр қуаты, көгілдір отынмен қамтамасыз ету өз деңгейінде көрінеді. Ауданға қарасты жаңа шағынаудандардың инфрақұрылымдық жүйесіне қала бюджетінен қомақты қаржылар да бөлінген. Осы орайда құрылысы әлі бітпеген Ақтастағы медициналық тіректің мәселесі сөз болды.

Ақтастағы медициналық пункт

Мәселенің ақ-қарасын айыру мақсатында Ақтасқа арнайы бардық. 17-тамыз күні құрылысы аяқталады деген медициналық бекеттің ішкі жұмыстары жүргізілуде.

Құрылысы 28-қазан күні аяқталады деген медициналық пункке электр жарығы жүргізілген. Ал ауызсу әлі жоқ. Себебін сұрай келгенде жалғыз медпункт емес, бүкіл ақтастықтардың ауызсусыз отырғанынан хабардар болдық.

Мына су құю орнының сыйымдылығы — 10 тонна. Жеткізілген су емханаға осы жерден барады. Бірақ Ақтаста биыл 10 тонна түгілі 10 шелек те су жоқ.

Ертай Қаракөзиев, Ақтастың ауыл биі: «Кішкене ғана артизанымыз бар еді. Одан да су тартылып қалып, суды қаладан тасып ішіп отырған жайымыз бар. Жақсылы-жаманды ауыл әкімдері күнделікті водовозбен әкеліп жүр. Бірақ халыққа жетпейтіні рас. Өткенде қала басшысы уәде берген, құдай қаласа 2014 жылы ауызсу жүргізіледі деп отырмыз».

Әкімдіктің уәдесіне сенген халық күтуден жалықпайды. Ал әкім есебінде «орындалды» дегеннен таймайды. Десе де, орындалар іс жетеді. Соңында қала әкімі аудан басшысына жылдың соңына дейін олқылықтарды жоюға уақыт берді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=RtCXzQgu9C4[/youtube]