Тағамдық және тағамдық емес тауарлардың бағасы өсіп, олардың сату көлемі айтарлықтай ұлғайған. Бұл туралы облыстық статистика департаментінің мамандары айтты. Тамыз бен қыркүйек айларын салыстырсақ, тұтынушылар индексінің бағасы 100,5 пайызды құрапты.
Айдар ӘБІЛДӘБЕКОВ, Облыстық статистика департаментінің бастығы: «Тағамдық тауарлардың бағасы 0,5 пайызға, тағамдық емес тауарлар 0,2 пайызға көтерілген. Ақылы қызметтер 0,7 пайызға артқан. Азық-түліктердің ішінде ұн — 5,9 пайызға, көкөністер — 5,1 пайызға, картоп — 4,9, бауыр — 2,1 пайызға өскен. Ал тағамдық емес тауарлардың ішінде таскөмір-8,2 пайызға, галантереялық тауарлар -1,9, музыкалық аспаптар — 1,8, балалар киімі — 0,6 пайызға өскен. Ақылы қызметтердің ішінде театр билеті 10,3 пайызға, білім беру қызметтері 6,6, амбулаторлық қызметтер — 1,6, тұрғын үйді жалға бері 1,7 пайызға қымбаттаған».
Дегенмен, бағалардың барлығы көтеріліп жатқан жоқ. Өткен жылы құны аспандаған тауарлардың бұрынғы деңгейге түсіп жатқандары да бар.
Елена ЕВДАКИМОВА, Облыстық статистика департаменті, баға статистикасы басқармасының бастығы: «Соңғы 9 айда жарма өнімдерінің бағасы 30,3 пайызға төмендеген. Олардың ішінде әсіресе қарақұмық айтарлықтай арзандады. Жыл басынан бері күнбағыс майлары 6,8 пайызға төмендеген. Маусым кездерінде жұмыртқа да арзандаған».
Статистика департаментіндегі мамандардың сөзінше, республикадағы құны шарықтаған бағалармен салыстырғанда біздегі бағаның көтерілуі ондаған есеге аз.