Астанадан жағымсыз хабар жетті. Ел -жұрт құлақ түрген дау ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің басшысы Ислам Әбішев пен ведомстваға бағынысты ұйымның директорына қатысты. Мәлім болғандай, талай қызметтің дәмін татқан жерлесіміз кісі бопсаласа, Қ.Сәтпаев атындағы су арнасының бұрынғы басшысы Тұрғанбай Сәрсенбаев түйені түгімен жұтқан көрінеді.
Естеріңізде болар, Ауылшаруашылығы министрлігі көптен бері депутаттардың «сүйкімді тақырыбына» айналған тұғын. Меморганга қарай бағытталған сыни мәлімдемелер жетерлік. Жуырда ғана ведомоствадағы лауазымды шенеуніктердің бұқа мен сиырды ажырата алмайтындығы халық қалаулыларының ашу-ызасын тудырғанын білесіздер.
Аңғарғанымыздай, сыни мәлімдемелердің астарында бір шикіліктің бары мәлім болып қалды. Енді, міне, «майлы жіліктің» тізгінін ұстағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қос шенеунік 3-4 айдан бері бір-біріне өштесіп жүрген екен. Екеуініңде айтар уәжі бар. «Нұр Отан» партиясының кезекті жемқорлыққа қатысты кеңес отырысында шенеуніктер бір-бірінің кемшіліктерін жайып салды. Осы жиында Ислам Әлмаханұлы қарамағындағы қызметкерді бюджет қаржысын жымқырды деп айыптаған. Оның айтуынша, Сәрсенбаев мырза 1,5 млрд. теңгенің жобасын 6 млрд. теңге деп көрсетіп, қазына қаржысына қол салыпты. Мәселенің мәнісіне үңілсек, шындықты шырылдап жеткізгенім үшін жазықты болып отырмын, – дейді елдегі судың «қожайыны». Ал комитет төрағасына жауап қайтарған Сәрсенбаевтың мәлімдемесі сан түрлі ойға жетелейді. Оның айтуына қарағанда, комитет төрағасының туған күнін өткізу мен оны киіндіру мойнына жүктеліпті.
Яғни, төрағаның тапсырмасын орындаймын деп Тұрғанбаев 200 мың теңгеге жуық қаражатын шығындаған. «Төрағаның ақша бопсалағаны былай тұрсын, қызметтік кеңсесіне жиһаз алып беруге мәжбүрледі. Тіпті туған күніме дастархан жаймасаң «жұмыстан шығарам» деп те үркітті», – дейді су арнасының бұрынғы басшысы. Дауласқан дөкейлердің айтысып-тартысуының жай-жапсары осындай. Осыған байланысты Астана қалалық прокуратурасы мән-жайды анықтауға кірісті.
Ушыққан даудың алдында Су комитетінің басшысы Ислам Әбішев бюджет қаржысын тиімді пайдалану туралы мәселе көтерген болатын. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесуінде төраға бюджет қаржысының бір тиыны да талан-таражға түспейді деп уәде берген. 2011-2020 жылдарға арналған су құбырларын тарту бойынша 19 жобаға бөлінген 397 млрд. теңгенің 302 млрд.-ын үнемдейміз деп бастама көтерген комитет басшылығы істі болып отыр.
Шенеуніктердің қырқысуынан бөлек, мекемеде «Ауыз су» бағдарламасын орындау барысында жіберілген кемшіліктерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қаржы полициясы Су ресурстары комитетінің төрағасының орынбасары Арман Құмашевке 1,5 млрд. теңгені ұрлады деп айып таққан.
Ислам Әбішев қайтер екен, ә…