Хан ұрпағын ұлықтасақ несі айып?

Әлемде қаны 100 % таза бірде-бір ұлт жоқ
Әлемде қаны 100 % таза бірде-бір ұлт жоқ

Әлімсақтан бері келе жатқан ақиқаттың бірі – ел басқарған патша болсын, хан болсын, қазіргі заманауи атауға көшкен Президенттердің барлығы да кездейсоқ келген тұлғалар емес. Құдіретті Құдайдың, Жаратқан иеміздің қалауы солай. Десек те, төңкеріс жасап, елді қызыл қанға бояп, атадан балаға мирас болып келе жатқан монархиялардың күлін көкке ұшырған көсемдердің қылығы мен тірлігі тарихтың сан мыңдаған парақтарының едәуір бөлігін толтырып тұрғаны да шындық. Мүмкін бұл да кездейсоқтыққа жатпас…

Айтпағымыз – қазақтың мемлекет болып қалыптасуына, қазақ ұлтының пайда болуына, Алтайдан Атырауға дейінгі сары даланы сары майдай сақтап қалуға тәнін ғана емес жанын да пида еткен хандардың ұрпақтарын, аты аңызға айналған Тәуке мен Тәуекел, Есім хан мен Қасым хан, Абылай мен Әбілқайырдан қалған тұяқтардың бар жоғын, олардың тынысы мен тіршілігінен қаншалықты хабардармыз, хандық дәуірді аңсамасақ та, солардан өрбігендер жайлы неге аз айтылып, аз жазылып жүр?

Бүгінгі таңда жер бетінде 20-дан астам монархиялы ел бар көрінеді. Біразы кәрі құрлықта, біразы сары құрлықта жатыр. Батыстың демократшыл Ұлыбритания, Нидерланды, Швеция, Дания секілді менменсінген тәкаппар елдері де бар арасында. Ел тұтастығының символы іспеттес корольдер мен ханзада, патшайымдар формальді түрде болса да, аталмыш елдердің заңды қожайыны саналады. Олардың ағайын жамағаттары да өз атақ-абыройымен өмір сүріп, халықтың ықыласына толықтай бөленген. Тіпті, құлатылғанына бір ғасыр уақыт өткен Романовтар әулетіне қатысы барлардың өзі дүниенің төрт бұрышына шашыраса да барлығының тізімі жасалып, өзара ағайын-туыс ретінде аралас-құралас жиындар өткізіп, аман-саулықтарын білісіп тұрады екен. Қазақтан басқада жоқ-ау деп жүрген «қарға тамырластық» дәстүрін Еуропаның Бурбон, Романовтар әулеттері осылайша ұтымды пайдаланып, қоғамда, әлем тарихында өздерінің толық құқылы орны бар екенін көрсетіп қана қоймай, мойындатып та жүр.

Ғылыми есеп бойынша, хан өлгеннен кейін 300 жыл өткенде, Шыңғыс хан ұрпағы 5 миллионға жетіп, ал 800 жылдан кейін 16 миллионға артқан.

Хандық дәуірден қол үзгенімізге тарихшылар 1,5 ғасырдан асты деп жауап береді. Ал соңғы хан кім болды дегенге жауаптар саналуан. Біреулері Кенесары десе, біреулері Абылай деп, ендібірі Айшуақ деп саналуан пікір айтады. Қалай десек те, барлығының Шыңғыстан тарағанын, қазақтың ұлт болып қалыптасуына бүкіл өмірін арнағанын, қан кешу қасап заманда қол бастаған сардар болғанын, жерінің көлемділігінен әлемдегі 9-шы мемлекетті ұрпағына аманаттағанын ешкімнің жоққа шығара алмасы кәдік.

«Шыңғыс ханнан тараған ұрпақты несіне ұлықтаймыз» – деп, әсіресоқыр ұлтшылдық танытатындар да арамызда жоқ емес. Біле-білсек, әлемде қаны 100 % таза бірде-бір ұлт та, адам да жоқ. Мұны медициналық зерттеулер де дәлелдепті. Және бірде-бір монархтың қалыңдығы сол ұлттың ғана қызы болсын деген заңдылық атам заманнан болмаған. Қай өркениетте болмасын, тарихшылар осылай дейді. Ал енді Шыңғыстың ұрпақтары жер бетіне шашырап, бүгінде ол 16 млн. құрайды екен деген дерек әлемді кезіп жүр. Оның Еуразияның 4/3 бөлігін жаулағанын ескерсек, әлгі деректің ақиқат екеніне күмәнің азаяды.

Сонымен қазіргі қазақ жерінде қалған хан әулеттерінің, ұрпақтарының саны қанша, сапасы қандай, қай жерде қалай күн кешіп жатыр? Бұл сұрақтардың жауабын санаулы ғана шежіреші ғалымдар мен сол ақсүйек тұқымдарынан қалған көнекөз қарттарынан басқа ешкім де білмейтін секілді. Әйтеуір олардың өте аз екенін ішіміз сезеді. Енді тарихқа аз-кем тоқталсақ.

Құдіретті Шыңғыс ханның қазақ жерін толықтай бағынышта ұстағаны, апайтөс қыпшақ даласында үлкен ұлы Жошыдан тараған ұрпақтың ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін билік құрғаны жалпақ жұртқа мәлім. Және де қазақ жеріндегі хан әулеттерінің түгелі дерлік Жошыдан тарағандығын тарихшылар растап отыр. Елін біріктіремін деп басынан айырылған Кенесарыдай тарланнан кейін қазақта құдіретті хан болған жоқ. Абылайдың сонау замандағы Бұхарға жорытқан түсі шындыққа айналып, соңғы ұрпақтары майдаланып, шашырап, бірте-бірте өзінің «ұйытқы», «ақсүйек» статусынан айрылды. Алайда мүлдем зым-зия жоғалған жоқ еді. Өткен ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышпаев, Бақытжан Қаратаев секілді хан ұрпақтары елдің туын үдере көтерді. Мейлің жеңілсін, мейлің атылсын әйтеуір көсемдік көрсетіп, шешендік танытты. Ұлтты ұйыстырудың ақырғы әрекетін жасады. Бүгінгі таңда ел үшін ардақты, танымал осынау апталдай азаматтардың бірінен ұрпақ қалса, бірінде атымен жоқ.

Сондай ұрпақтың бірі Абылай ханның 4-ші бұтағы саналатын Әнуарбек Иманғалиұлы. Ол кісінің көзі тірісінде сұхбаттасқан журналист Әли Ысқақбай былайша ой толғайды.

– «Әнуарбек ақсақалдың жасы 90-нан асқанымен ойының сергектігін көзбен көріп, әңгімесін тыңдаған едік. Сөзі нық, сергек сезімді қарт шежіре айтқанда бай даланың кеңпейілділік қасиетін бойына мол дарытқан іспетті ойы қазыналы, жазып қойған хаттай еді. Абылай хан тұқымынан тарайтын ұрпақ екенін әрдайым мақтан тұта сөйлейтін. Абылайдың шежіресіне, ататегінің шығуына, бүгінгі ұрпақтарының өсіп-өрбуіне талдау жасағанда еш кідірмейтін. Әнуарбек ақсақал бүгінгі күнге дейінгі ататек шежіресін таратқанда түп-тұқиянына дейін қалдырмай өсіп-өнген өрендерін түгендеуде тұшымды ойлар түйіндейтін, маңызы үлкен әңгімеге қанықтыратын. Әнуарбек ақсақал өз кіндігінен тараған екі ұл, үш қыздан 14 немере, 5 шөбере сүйіп, балаларын айналып-толғанып, бәріне амандық тілеп, Алласына тәубешілік жасап отыратын. Немерелерінің үлкені Венгрияның Будапешт университетін бітіріп, осы елдегі Қазақстан елшілігінде қызмет істеді. Және бір немересі — Керім де білікті маман. Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітіріп, қазір Америка Құрама Штатындағы Қазақстан мұнай компаниясында инженер мамандығын атқарып жүр. Бала-шағасына, олардың отбасыларына, ойда-қырда, оқуда, жұмыс бабымен сыртта жүрген балалары мен немерелеріне ақ тілегін айтып, батасын беріп отыратын Иманғалиұлы Әнуарбек ақсақал өзін бақытты адам санайтын».

Ал соңғы хан кім болды дегенге жауаптар сан алуан. Біреулері Кенесары десе, біреулері Абылай деп, ендібірі Айшуақ деп саналуан пікір айтады. 

Адамдардың хромосомаларын зерттеу және олардың өзара туыстығын анықтау арқылы ғалымдар жіптің ұшын ұстағандай болып отырғанға ұқсайды. Соның нәтижесінде, Моңғолия мен Орталық Азияда тұратын халықтар арасынан 16 миллионға жуық Шыңғыс хан ұрпағының бары анықталған. Тек Шыңғыс хан ғана артына осыншама ұрпақ қалдыра алады. Өйткені, тарихқа үңілсеңіз, ол бұдан 800 жыл бұрын өмір сүрген. Ұлы ханның ондаған әйелдерінен көптеген ұрпақ өрбіген. Солардың ішінен ол тек бесеуін балам деп мойындаған көрінеді.

Ал генетикалық зерттеу барысында оның балалары көп болған. Ғылыми есеп бойынша, хан өлгеннен кейін 300 жыл өткенде, Шыңғыс хан ұрпағы 5 миллионға жетіп, ал 800 жылдан кейін 16 миллионға артқан. Осы мерзімде тарихта болған аласапыран көш-қонның салдарынан қанның араласуы белгілі бір этникалық топтар арасында тарап отырған екен.

Қазақтың біртуар перзенті Бақытжан Қаратаевтың да хан тұқымынан екенін көпшілік біле бермейтін секілді. Ол қазақтан шыққан тұңғыш заңгер, елін сүйген арыс азамат болды. Бүгінде ол кісіден тараған ұрпақ жайында нақты дерек жоқтың-қасы. Бір білетініміз немере-шөберелері Ресейдің Орынбор аймағында күн кешіп жатыр екен деген сөз бар. Және қазіргі ең танымал хан тұқымы Абылайдан тарайтын белгілі мүсіншіміз Шота Уәлиханов. Хан тұқымдары әсіресе солтүстік, орталық Қазақстан өңірлерінде көптеп кездеседі екен. Айшуақ ханнан, Бөкей ханнан қалған ұрпақтардың бар екендігі жайлы деректер бар. Бірақ нақты қай жерде мекендеп, қандай іспен айналысатындығы жайлы хабар жоқ. Шыңғыстың қай ұрпағын түгендей бересің дейтіндер табылары анық. Шежірешілердің айтуынша, Қазақстанда әрі кетсе 1 мыңның төңірегінде ғана хандар мен сұлтандардың ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Нақты қарым-қатынас болмағаннан соң, олар туралы мәліметтерді шежіреге кіргізу дәл қазір мүмкін емес көрінеді.

Хан тұқымдары әсіресе солтүстік, орталық Қазақстан өңірлерінде көптеп кездеседі екен. 

Негізгі айтылмақ ой – өзінің тектілігімен, бекзада болмысымен дараланып, сонысы арқылы бүтіндей бір елдің тұтастығын қамтамасыз етіп келген атақты хандарымыз бен сұлтандарымыз артында қалған ұрпағын қалың қазаққа аманаттап кеткен еді. Кеңестік шектеулердің ықпалымен ақсүйек біткенді қудалап келдік. Енді өз қолымыз аузымызға жеткен бүгінгідей жайма-шуақ заманда өлгенімізді тірілтіп, жоғымызды түгендегеніміз абзал шығар. «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде осы тақырыптағы зерттеу жұмыстарының бар-жоқтығы беймәлім. Тарихты тірілтіп жатырмыз дейтін ғалымдарымыз үшін хан ұрпақтарының шежіресін зерттеу одан әрі де жалғасын тапса екен дейміз. Қанша дегенмен бүгінгідей алып елдің қожайыны болып отырғанымыз сол бір кесек тұлғалардың арқасында екенін ешкім теріске шығара алмас. Болашағын ойлайтын, тарихын қастерлейтін ел екеніміз рас болса, елі үшін өмір сүргендердің ұрпағына оң қабақ танытқанымыз, өз дәрежесінде ұлықтағанымыз да дұрыс болар.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ