Оқырмандар сауалына, тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.
Сұрақ:
– Менің өгей әкем қайтыс болды. Оның атында екі бөлмелі пәтері бар еді. Мен өгей баласы ретінде сол мүлікке бірінші кезектегі мұрагері бола аламын ба?
Жауап:
– ҚР Азаматтық Кодексінің 1061-бабына сәйкес заң бойынша мұрагер болу құқығын бірінші кезекте мұра қалдырушының балалары, оның ішінде ол қайтыс болғаннан кейін тірі туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады. Яғни, егер Сізді өгей әкеңіз заң бойынша асырап алған болса, онда Сіз бірінші кезектегі мұрагерге жататын боласыз.
Себебі, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 100-бабына сәйкес асырап алынған бала және оның ұрпағы – бала асырап алушылар мен олардың туыстарына қатысы бойынша, ал бала асырап алушылар мен олардың туыстары асырап алынған бала мен оның ұрпағына қатысы бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерінде шыққан тегi бойынша туыстарына теңестiрiледi.
Ал, егер өгей әкеңіз Сізді асырап алмаған болса, онда Сіз Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 1064-бабының 3-ші бөлігі бойынша алдыңғы кезектердегі мұрагерлер болмаған жағдайда заң бойынша жетінші кезектегі мұрагер ретінде саналасыз. Сонымен қатар жетінші кезектегі мұрагер болу үшін Сіз өгей әкеңізбен кемінде он жыл бір отбасыда тұрғаныңыз қажет.
Сұрақ:
– Сотқа жүгінбей некені бұзуға болады ма? Және қандай жағдайда?
Жауап:
– «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 17-бабына сәйкес кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға өзара келісімі кезінде және бір-біріне мүліктік және өзге де талаптары болмаған кезде тіркеуші органдарда неке (ерлі-зайыптылық) бұзылатын болады.
Неке (ерлі-зайыптылық) ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балаларының болуына қарамастан, ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша тіркеуші органдарда келесі жағдайларда бұзылуға жатады:
1) сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныса;
2) сот әрекетке қабілетсіз деп таныса;
3) сот әрекет қабілеті шектеулі деп таныса;
4) қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға соттаса.
Яғни, жоғарыда көрсетілген жағдайларға сәйкес Сіз сотқа жүгінбей некені бұза аласыз.
Қалған жағдайларда некені бұзу сот тәртібімен жүргізіледі.