Заңгер кеңесі

Оқырмандар сауалына, тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ:

– Менің атыма тіркелген жер телімін сатпақшы едім. Барлық құжаттарым бар, тек мемлекеттік актіні жоғалтып алдым. Енді сол мемлекеттік актіні қалай қалпына келтіріп, дубликатын алуға болады?

Жауап:

– «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 1-ші тармағына сәйкес құқықтық кадастрда тіркеу соның негізінде жүргізілген жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың түпнұсқасы (куәландырылған көшірмесі) жоғалған немесе бүлінген жағдайларда құқық белгілейтін құжатты қалпына келтіру көрсетілген құжаттың тіркеу ісінде сақталатын көшірмесінен телнұсқа беру арқылы жүргізіледі.

Сонан соң «Жоғалған немесе бүлінген құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын беру және түпнұсқасының (куәландырылған көшірмесінің) күшін жою ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2007 жылғы 24 тамыздағы N 244 Бұйрығы бойынша Сізге құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын алу үшін жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына арыздану қажет және оған қосымша Сізде өзіңізбен бірге келесі құжаттар болу керек:

— жеке тұлға паспорты немесе өзге оны алмастыратын құжат (жеке куәлік, 16 жасқа толмаған азаматтың туу туралы куәлігі, Қазақстан Республикасындағы шетелдіктің ықтияр хаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі)

— құқық белгілейтін құжаттың немесе Күәліктің түпнұсқасын жарамсыз деп тану туралы хабарландыру жарияланған жылжымайтын мүлік объектісін тіркелген жері бойынша жергілікті немесе республикалық газеттің данасы құқық белгілейтін құжаттың немесе Куәліктің телнұсқасын берген үшін алым төлегенін растайтын құжат.

Салық кодексінің 456-бабына сәйкес алымның мөлшері 0.25 а.е.к.

Сондай-ақ жер учаскесіне жеке меншік құқығына арналған актінің телнұсқасын алу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 ақпандағы № 102 қаулысымен бекітілген«Жер учаскесіне жеке меншік құқығына актілер беру» мемлекеттік қызмет стандартының 12-тармағының 3-тармақшасына сәйкес Сіз жерге меншік құқығына арналған актіні дайындайтын үәкілетті органға келесі құжаттарды ұсынуыңыз керек:

уәкілетті органға осы стандарттың 4-қосымшасына сәйкес жер учаскесіне жеке меншік құқығына арналған актінің телнұсқасын беруге өтініш;

жер учаскесіне жеке меншік құқығына арналған актінің телнұсқасын дайындағаны үшін қызметтерге ақы төленгені туралы түбіртектің көшірмесі;

жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі не жеке меншік құқығы берілген тұлғаның атынан берілген сенімхаттың және сенім білдірілген тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

жер учаскесінің орналасқан жері бойынша жергілікті облыстық газеттің жер учаскесіне жеке меншік құқығына арналған актінің түпнұсқасын жарамсыз деп тану туралы хабарландыру жарияланған данасы.

Тұлғаның жеке куәлігінің немесе сенімхаттың көшірмелерін тексеру үшін құжаттардың түпнұсқалары ұсынылады, олар тексерілгеннен кейін тұтынушыға қайтарылады.