Шымкенттегі С.Сейфуллин атындағы Халықтар Достығы үйінде «Жанарымда жұлдызды аспан» атты қайырымдылық концерті өтті. Бұл іс шара қос жанары туылғаннан зағип жан М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің студенті Жуашбаева Гүлхая Бабаханқызына көмек қолын созу мақсатында ұйымдастырылған. Анасының айтуынша, жанарына жеті бірдей ота жасалған жас аруға Ресей елінді тағы бір қымбат ота жасау қажет. Концертте жиналған қаржы осы мақсатта жұмсалмақ. Өнер мен білімді қос қанатым деп ұққан мүмкіндігі шектеулі арудың арманы асқақ, мақсаты айқын.
«Менің арманым да мақсатым да бір. Ең алдымен жарық әлемді көру, анамды көру. Жанарыма шырақ бітсе, талай тірлік тындырып, елімнің ертеңі үшін ерінбей еңбек етеріме сенемін. Алдымен, оқуымды аяқтап, жақсы маман боп шығуым керек»-дейді Гүлхаяның өзі.
Бүгінде Гүлхая М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де білім алады. Болашақ педагог. Тағдырдың қиын сынына төтеп беріп, бойындағы талантымен үмітін үкілеген ару көркем сөзді керемет оқиды екен. Әнді де ырғағымен нәшіне келтіріп орындағанда көрермендерді бір тербелтіп тастады.