Жол полициясы қылмысты жасырады

Заң алдында барлығы бірдей

 

Заң алдында барлығы бірдей

Бүгінде тәртіп сақшыларына айтылар сын көп. Облыстық мәслихат пен әкімдіктің алқа мәжілістерінде қылмыстық әрекеттердің алдын алуда дәрменсіз күй кешіп жүргендігіміз хақында дүркін-дүркін мәселелер айтылып жүр. Айтыла да бермек. Бірақ халық қалаулыларының шырылдағанымен құқық қорғаушылардың жұмысты ширататын әрекеті байқалмайды. Қайта заңсыздықтардың беті ашылып, шіренген шенеуніктердің «шатақ» тірлігі көбейе түсуде.

Абзал ҚЫДЫРБАЙ, ОҚО прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары

– Істі анықтау кезінде 13 мың хаттама тексерусіз  қалды. Бланкілердің жоғалуы туралы әкімшілік хаттама материалдарын қаржы полициясына тапсырдық. Күн сайын 488 жол полициясы қызметкерінің 355-ы  ауысымға шығады. Біздің есебіміз бойынша, қатардағы бір жол сақшысы күніне 1,3 құқық бұзушылықты анықтайды.

Соңғы кездері облыста жол-көлік оқиғалары жиіледі. Құзырлы мекеме адам өмірін жалмайтын ірілі-ұсақты апаттардың алдын алуда, мән-жайды жіті зерттеп, зерделеуде құлықсыздық танытып отыр. Неге? «Бақсақ бақа екен» демекші, облыстық прокуратура мамандары ІІД Жол полициясы басқармасындағы біраз былықтардың бетін ашты. Мәлім болғандай, жол сақшылары бірқатар заңсыздықтарға жол берген. Ресми мәлімет бойынша, Оңтүстік өңірі жол-көлік апаты жағынан көп жылдан бері елімізде алдыңғы қатарды бермей тұр. Алайда жол полициясының қызметкерлері ресми деректі жасыруға әрекеттенген.

Прокуратура мамандарының тексеруі барысында биылғы 7 айдың ішінде 789 көлік апаты тіркеліп, 85 адамның өмірі қиылыпты. Құзырлы орган болса аталған мерзім ішінде 227 жол апаты тіркеліп, 50 адам қаза болғандығын мәлімдеген. Сондай-ақ, тексеру барысында жол ережесін бұзған жүргізушілерге қатысты толтырылған мың жарым хаттама да ұшты-күйлі жоқ. Заңсыздықтар мұнымен шектелмейді. Прокурорлардың пайымынша, жол-көлік оқиғаларының көрсеткіштерінде ауытқулар бар. Мәселен, медицина мекемелерінде тіркелген зардап шегушілер мен қаза тапқандардың саны сәйкес келмейді. Сонымен бірге, алғашқы жарты жылдықта 54 мың жол жүру ережесі бұзылса, оның 34 мыңы «Red Speed» автоматты жүйесі арқылы тіркеліпті.

Заңсыздықтардың бір ұшы жылдамдықты бақылайтын қондырғыларға қатысты. Прокуратура қызметкерлерінің дерегінше, Шымкентте орнатылған 22 қондырғының тек бесеуі ғана жұмыс істейді. Аңғарғанымыздай, адам өміріне араша түсіп, қылмыстық оқиғалардың жолын кесетін тәртіп сақшыларының әрекеті түсінген жанға ой саларлық. Ең бастысы, заңды пысқырмайтындардың оспадар тірлігі жазасыз қалмаса екен дейміз. Бір анығы, хаттама бланкілерін жоғалтқан лауазымды тұлға жылы орнымен қош айтысыпты. Өз қолыңмен істегенді мойындау да ерлік қой. Жол сақшылары прокуратура өкілдерінің көрсеткен кемшіліктерді жоққа шығармайды. Қазір осы заңсыздықтарды одан әрі қазуға қаржы полициясының мамандары да күш салуда.

Айта кетейік, ОҚО прокуратурасы ішкі істер департаментінің басшылығына қарамағындағы лауазымды тұлғалардың үстінен шара көру туралы ұсыныс беріпті.

Тағабай ҚАСЫМ