Шымкенттегі бірқатар көпқабатты үйлерде жалпыға ортақ жылу есептегіш құралдары орнатыла бастады. Бұл — тұрғын үйкоммуналды шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының аясында жүргізіліп жатқан жұмыстың бір көрсеткіші.
Автоматты жылу реттегіш қондырғылар қаланың орталық аудандарында күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан үйлерге орнатылған.
Жаңа қондырғылармен сүйінші сұраған энергетик мамандар жылу жүйесіндегі жаңалықты жасырып қалған жоқ. Қайта жаңғыртудан өткен үйлердің жертөлесі енді суреттегідей жабдықталатын болады.
Бұл қондырғының бір ерекшелігі, тура 147 күн бойы жылу берілетін оңтүстіктің ауа райындағы өзгерістер автоматты түрде ескеріліп отырады. Термоқондырғының арқасында қақаған аязда жылу артық берілсе, күн көзі жылынғанда кемітіледі. Осылайша температура бір қалыпта ұсталады. Бұл халықтың қалтасын есепсіз қағудан сақтауы тиіс.
Әбдімәлік Балбаев, Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының бөлім бастығы: «Бұрын суға адам басына төлеуші еді. Кейін есептегіш құрал орнатты. Төлемақы 3 есеге азайды. Бұл да сол сияқты. Ең бастысы, халыққа тиімді. Аса үнемді. Одан соң енді жылудың сапасына қарай төлейтін болады».
Енді жуырда автоматты жылу пункттері де енгізілмекші. Ол тұрғын үйлердіңң жоғарғы, ортаңғы және төменгі қабатына орнатылады. Осы арқылы жылу сапасы мен оған төленетін ақы белгілі болады. Әзірге бұл қондырғылар Шымкенттегі қайта жаңғыртудан өткен 6 көпқабатты үйге орнатылған. Келер жылы тағы 12 үйді осындай жабдықпен қамту көзделуде. Ресейдің Петербор қаласында шығарылған осы құралдардың арқасында тұрғындар бұрынғыға қарағанда жылуға 3 есе аз төлейтін болады. Мамандар мұны үнемдеудің нағыз көзі деп отыр. Жабдықтардың бағасы да аса қымбат емес. 500-600 мың теңге. Екі жылу маусымында жабдықтың шығыны өтеледі. Бұл үйлердің тұрғындары жөндеу жұмыстары мен қондырғылардың ақысын 10 жылдың ішінде бөліп төлейді. Яғни, пәтердің шаршы метріне қарай әр айда 2-4 мың теңгеден мемлекет алдындағы қарызын өтейді. Мұндай шарапатқа тұрғындар дән риза.
Тұрғын: «Бізге орнатып берді. Оның сапасы мен тиімділігін енді көретін боламыз. Әйтеуір бәрі мақтап жатыр. Не де болса, соны орнатқан азаматтарға, үй төрайымына рахмет айтамын».
Жаңа қондырғының үнемділігі мен артықшылығын осы үйдегі тұрғындар енді 1-ші қарашадан басталатын жылу маусымында байқайтын болады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=4403dPWj0e4[/youtube]