Облыстың зағип жандары бір сәт салауаттылықты насихаттап, зияткерлік ойынның көрігін қыздырды.
Биыл қазақ зағиптар қоғамының құрылғанына 75 жыл. Осыған орай өңірімізде зияткерлік ойындардың спартакиадасы өтуде. ОҚО зағиптарға арналған арнайы кітапханада көз жанарынан айырылған спортшылар сайысқа түсті.
Облыстық мүгедектерге арналған спорт мектебі ұйымдастырған бәсекенің бағдарламасына шахмат, дойбы және тоғызұмалақ еніпті. Зияткерлік жарысқа Бәйдібек, Төлеби ауданы және Арыс қаласының 40-тан астам көзінде кемістігі бар спортшылар арнайы келіпті. Бәрінің қуанышында шек жоқ.
Мүгедек жандардың көңілін аулап, қолтығынан демеу оларға үлкен күш берері анық. Қатысушылардың арасында атағы алысқа жайылғандары да бар. Мәселен, шаяндық Нұрғали Пірназаров тоғызқұмалақтан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы болса, Ақжүніс Тайкелева ел біріншілігінде күміс жүлдеге ие болған.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Изуми» сауда желісі ақшалай сыйлық тағайындап отыр.