Өзекті мәселені ортаға салды

Ауылдың айналасы күл-қоқысқа толуда
Ауылдың айналасы күл-қоқысқа толуда

Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылын көріктендіріп, көркейтуге бағытталған қарбалас тіршілік ерте көктемнен қара күзге шейін бір тынған жоқ. Жас көшет егумен басталған шара, кейіннен тазалық жұмыстарына ұласты. Жиі-жиі сенбіліктер ұйымдастырылып, ауылдың орталық көшелерінен бөлек «Жастар, «Орталық» саябақтары, мектеп пен мекемелердің айналасы, одан қалса «Шаян» өзенінің маңына дейін күл-қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Алайда, елеусіз, ескерусіз қалып келе жатқан жерлер де жоқ емес екен. Бұл жөнінде редакциямызға Шаян ауылының тұрғыны Қалабай Қасқатаев келіп, біраз мәселені ортаға салды.

– «Бірнеше сенбіліктер ұйымдастырылып, қаншама күл-қоқыстар тазартылып жатса да, Шаян ауылындағы №19 кәсіптік-лицей мектебі мен нотариустың жанындағы Қ.Нұржанова көшесінде орналасқан трансформатордың айналасына мән берілмеуде. Бұл жер күл-қоқыс тас- тайтын орынға айналғалы қай заман?! Қоқысты айдаладан келіп ешкім тастап жатқан жоқ, оны тастайтын осы жердегі айналдыра салынған сауда орындарының адамдары мен жергілікті тұрғындар. Тіпті әдетке айналдырып жіберген. Ұялмай, қысылмай келіп қоқысын тастай береді. Сауда орындары босаған бөтелке, құты (баклашка), целлофан қалдықтарын төккенімен қоса, оны өртейді бұрқыратып. Бұл жерді келіп тазалап жатқан ешкім жоқ. Осы уақытқа дейін тау болып үйілген күл-қоқысты көршіміз өз күшімен трактормен сырғызып, бетін топырақпен жапқан болатын.

Енді бұл тоқтайтын шығар деп ойлағанбыз. Жоқ, бір-екі күн өтпей жатып бұл жер қоқыс қалдықтарына қайта тола бастады. Тиісті мекемелерге де барып көрдім. Нәтиже жоқ. Менің ойымша, бұл жер кәсіптік мектептің аумағына қосылса. Сонда қоршалған аумаққа келіп ешкім қоқысын төкпейтін болады. Не болмаса үйілген қоқысты тазартып, осы жерге қоқыс тастайтын жәшік орнатылса. Ал қоқыс тастайтын адамдарға қатаң жаза қолданылмаса бұл әдеттің әзірге тоқтайтын түрі жоқ».

Ендігі мәселе Бәйдібек көшесіндегі су жүретін арықтар мен құбырлар толық тазаланса. Бүгінде Қ.Нұржанова көшесіндегі жаңадан салынған асфальт жолдардың тиісті жерлеріне ағын су өтетін құбырлар қойылмапты. Мұндай құбырлар қойылмаса көктемдегі тасқын су көше бойына жиналып, оны ағызу үшін көктемдегідей асфальт жолдарды қайта бұзуға тура келеді. Енді тағы осындай жайсыздықтар қайталанбас үшін қазірден бастап қыс мезгіліне дайындық шараларын жүргізгеніміз дұрыс сияқты.

Бұл кісінің уәжі орынды. Әне-міне дегенше, қыс мезгілі де жақындап қалды. Көтеріп отырған кезек күттірмейтін мәселелерді нақты шаралар қолдану арқылы тезірек қолға алмаса, ертең кеш болатын түрі бар. Қыс болса, қыр астында. Былтырғы жылдағы тасқын судан сабақ алғанымыз артық болмас. Сонымен қатар, бүгінде сағыз, темекі тұқылы мен пісте қабығын көшеге тастаған адамның өзіне қатаң жаза қолданылатыны белгілі. Ал, үйден шыққан күл-қоқысын үйіп-төгіп, жайбарақат тастап жатқандарға бей-жай қарағанымыз қалай?!

Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ