Ұстаздар ұрысып жатыр

Мұрағат
Аян Рысбаеваның жұмысқа қайта кірісуіне мектеп-интернаттағы 80-нен аса мұғалім мен қызметкер қарсы болып отыр

Төлеби ауданындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернаттың бір топ ұстаздары директордың орынбасарымен қызыл кеңірдек болып дауласып жатыр. Ұстаздар қауымы «оқу ісінің меңгерушісі Аян Рысбаева қызметтен кетпейінше, бізге күн жоқ», — дейді.

«Сот шешімімен келіспейміз! Аян Рысбаева кетсін!» Мектеп-интернатқа бас сұққаннан осындай жазбаларды көтеріп, ұрандатқан ұстаздарды көргенде ай мен күннің аманында бұл білім ордасына не болып қалды дегеніміз рас. Сөйтсек белгілі себептермен жұмыстан қуылған директордың бұрынғы орынбасары «қызметімнен заңсыз қуылғанымды сот ақтап шықты» деп мекеменің табалдырығын қайта аттаған екен. Бірақ қолында соттың арнайы шешімі жоқ. Бұл жиын осыған жасалған наразылық болып шықты. Лауазымына қайта кіріссе, қоластындағыларға бұрынғыдай күн көрсетпейтінін айтады жабылып.

«Менің отбасымның шаңырағы дәл осы Рысбаеваның кесірінен қазір шайқалғалы тұр, — дейді Райхан есімді мұғалім көз жасын көл етіп. — Мен «Өнерлі ұстаз» байқауына қатысу үшін құжат дайындап жүрсем, күйеуіме телефон шалып, «сіздің әйеліңіз директордың кабинетіне кіріп алып, көзіңізге шөп салып жүр» деп отбасыма іріткі салды. Осы уақытқа дейін сол ұрыс отбасымда әлі жалғасып келе жатыр». Мұғалімдердің айтуынша, бұл оқу ісінің орынбасарынан көрген құқайдың бір парасы ғана болып шықты.

Физика пәнінің мұғалімі Жанар Ағыбаева былай дейді: «Ол кісінің көрсетпегені жоқ. Ұрғаннан бетер. Мұғалім деп айтуға болмайды оны. Маған «қанішер, қаншық, құрып кет» деп айтқанда кірерге тесік таппаймын. Денсаулығым күрт нашарлап, қанша рет жедел жәрдемнің көмегіне зәру болдым. Аян Рысбаеваның кесірінен қан қысымым ойнамалы болып қалды». Ал география пәнінің мұғалімі Әсел Тінееваны декреттік демалысқа шығармай қинаса керек. Босануға тура он күн қалғанда «су тасы, өлмейсің, Үкіметтің ақшасын алып отырсың ғой», — деп төбесінен әңгір таяқ ойнатпақ болған. Алайда, құрсағындағы шаранасын ойлаған Әсел қанша мәжбүрлегенімен А.Рысбаеваның дегенін орындамаған. Сол себепті, декреттік демалысқа қажетті құжатқа қол қоймай аяғы ауыр келіншекті әбден сандалтқан.

Мұнан бөлек, Аян ханым үшін адамды қарғап, жеке басын кемсітіп, оқушылардың көзінше ұстаздарды дәлізде балағаттап, құйыршыққа теңеу — күнделікті күйбеңдегі қалыпты жағдай көрінеді. Айтпақшы, «Орифлэйм» желілік маркетингімен айналысатын Аян ханымның косметикалық тауарларын алмасаңыз «бейшара» атануыңыз ғажап емес екен. Құрметті оқырман, жоғарыда жазылған бұл сөздер 80-нен аса мұғаліммен тілдескен аз ғана уақыттың ішінде қойын дәптерге түртіп үлгерген сөзіміз екеніне сеніңіз.

Бір топ мұғалімнің бір адамға осынша шүйлігуінде не сыр? Сонда А.Рысбаева ұстаздарға не істеп қойды? Осындай сауал әрбіріңіздің көкейіңізде тұрғанына сенімдімін. Мұндай сұрақты ұлағатты ұстаздарға мен де қойдым. Сөйтсем, нақты себепті олар де білмейтін болып шықты. Бірақ жәй мұғалім кезінде де тыныш жүре алмайтын Рысбаева директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды дегенше, күшіне мықтап мінсе керек. Ал одан бері құқай мен қорлыққа толы 5-6 жыл өтіп те кетіпті.

Әріптесінен ығыр болған ұжым осы жылдар ішінде оның педагогикалық этикаға сай емес қылықтарын айтып құзырлы орындарға талай рет арыз жазған. Облыстағы еңбек инспекторлары мен білім басқармасының басшылары бұл проблеманың майын ішіп, жілігін шаққан көрінеді. Үш рет жасалған тексерулердің қорытындысы, Аян Рысбаеваға мекеменің директорлығы тарапынан шара көрілсін дегенге сайған. Бұл шара көрілген де. Алғашқы тәртіп бұзушылық үшін жалпы ұжым кешірім етсе, кейінгі жазалау оны қызметінен шеттетуге, яғни орынбасарлықтан жәй мұғалімдікке дейін түсіруге апарған. Бірақ А.Рысбаева тайраңдауын қоймай, ешкімнен сұранбастан жұмыс уақытында 2-3 сағаттап кетіп қалған. Шыдамның да шегі бар емес пе? Осыны негізге алған директор басқа бүліктерін де қосып, оны мүлдем жұмыстан қууға мәжбүр болған. Бастапқыда айтқанымыздай, бүкіл ұжымның жиылып, жұмысқа қайта табан тіреген әріптестеріне жасаған наразылығының қысқаша түсіндірмесі осындай.

Енді оқу ісінің орынбасарына сөз берейік. Аян Рысбаеваның сендіруінше, мұғалімдердің айтқандарының бәрі жала. Ол қызмет еткен оншақты жылда ешкімнің жеке басын кемсітіп, арын ластап көрмепті. Кейбір орынсыз сөздер айтылса, ол тиісті жұмысты талап еткеннен ғана екен. Ал жұмыстан расында да заңсыз қуылдым, — дейді. Сондықтан да сот оны ақтап шығыпты. Рысбаеваның бұл сөзін жекелеген бірнеше әріптестері де қолдайды. Наразылық білдірген бір топ мұғалім өтірік айтады, — дейді ашуға булығып. Қысқасы, мектеп-интернаттың ұстаздары қазір екіге бөлінген.

Ұстаздардың пікірі қақ жарылғанымен, мектеп-интернаттағы оқушылар Аян ханымның өзге де былықтарын жайып салды. Ал бірқатары айтудан қорқамыз деді. Сөйтсек, мүмкіндігі шектеулі балалар Аян апайдың үйін тазалап, көлігін жуатын болып шықты. Және бұл үнемі болатын жағдай көрінеді. Тіпті Бақтияр есімді оқушысына директорды жамандап, арыз жазуға үгіттеген де осы ұстазы екен.

Өзі тағайындаған орынбасарынан енді директордың өзі зәрезап болған. Тіпті телефоныма да тыныштық жоқ, — дейді. Хат жазып, қорқытады деп отыр. Сотқа беріп құтылса да, соттың ақтап алғанына ашынады.

Мектеп-интернаттың ұжымы енді облыстық сотқа шағымданбақ. Бұл аталмыш білім ордасындағы шу әлі де жалғасады деген сөз. Әзірге, мекеменің сырты бүтін, іші түтін күйінде қалып отыр.

Райхан БӘКІРОВА, мұғалім: «Шыдамым бітіп, бір күні Аян Рысбаеваға «мен сізге не істедім, неге маған тиісе бересіз?» дедім. Сөйтсем «сен жезөкшесің», — дейді. Дәл сол кезде дәлізде оқушылар өтіп бара жатқан болатын. Ұялғаннан жерге кірерге тесік таппадым. Менің тұрмыс құрғаныма 20 жыл болды. Осы күнге дейін ешкімнен ондай сөзді естіп көрген емеспін. Міне, осы ұжымға келіп, Аян мен оның құрбыларына қор болдым. Білесіз бе, сабақ кестесіне қол қойдыру үшін мен оның үйіне барып, мойнына шарф, қалтасына 5 мың теңге салуға мәжбүр болдым. Содан соң ғана қол қойды».

Аян РЫСБАЕВА: «Жұмысқа 21 қарашадан бастап кірістім. Қорғаушым бар, соттың шешімі бар. Бірақ шешімді бес күннен соң аламын. Ал кешегі сот отырысында айтылған шешім бойынша мен бүгіннен бастап жұмысқа кірісуге міндеттімін. Сондықтан жұмысқа келдім. Ал мұғалімдердің не айтып тұрғанын түсінбеймін. Мен ешкімді балағаттап, жеке намысына тиіскен емеспін. Және менің көздегенім директорлық емес. Жақында декретке шығамын».

Аманбек АХМЕТБАЕВ, мектеп-интернаттың директоры: «Меніңше, Аян Рысбаеваға тек қызмет керек. Маған айтады, сіз мұнда бес жыл істедіңіз. Енді еліңізге қайтпайсыз ба, орныңызды босатпайсыз ба?, — дейді. Бұл Жаныстардың елі, ал Сіз Шымырсыз. Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңізде ұлтан болмайсыз ба?, — дейді. Осы сөз керек пе? Руға бөліну ғой бұл. Тіпті, телефоныма «Сізді Шымкенттегі №72 мектепке директор болды деп естідік. Құтты болсын. Досыңыз Аян» деп смс хат жолдапты. Бұл оның мені орнымнан кетуім үшін ойдан шығарып, әжуалап отырғаны. Тағы бірде басқа нөмірден хабарласып, «Сізге көктас дайындап қойды» деп біреуге айтқызып тұр. Қан қысымым көтеріліп, орнымда сілейіп тұрып қалдым. Соттың оны неге қолдап отырғанын түсінбеймін. Әйтпесе құзырлы орындар анықтаған барлық былықтарын біз сотта дәлелдедік. Сот әділ болған жоқ. Мен бұл шешімге мүлдем қарсымын. Енді облыстық сотқа шағымдансам деп отырмын».

Жанат ШЕРАЛИЕВА, облыстық білім басқармасының бас маманы: «Соттың шешімімен мен де келіспеймін. Біз оның барлық істеген былықтарына үш рет тексеру жүргізіп, анықтадық. Тіпті қызметіне сай тиісті сауатының да жоқтығы дәлелденді. Басқарманың оны жұмыстан алуға және тағайындауға құзыреті жүрмейді. Оны тек директор ғана шеше алады. Ал біз тек басшылыққа ұсыныс қана бере аламыз».

Бақтияр, оқушы: «Көлігін үш рет жудым. Іші сасып кеткен екен. Бір күні «Аян апай, сәлеметсіз бе?» десем, сәлемімді алмайды. Сосын апайды жек көріп кеттім. Айтпақшы, бір күні маған директорымыз жаман деп арыз жазып берші деді. Мен ойланып көремін дедім. Бірақ жазбадым. Шын айтамын».

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=-jugUnJn460[/youtube]