44 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов аудандарды аралауды жалғастыруда
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов аудандарды аралауды жалғастыруда

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов аудандарды аралауды жалғастыруда. Таяуда ол Отырар ауданына іссапармен барып қайтты. Аудан әкімі Бейбіт Сыздықов облыс басшысын «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша жасалынып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Асқар Мырзахметов бұл бағыттағы жұмыстардың кідірістеп тұрғанын байқады. Себебі, мұндағы үйлердің кейбіріндегі жөндеу жұмыстары күзде басталған. Құжаттағы болмашы өзгерістердің кесірінен тиісті ақшаның бір бөлігі жақында ғана аударылыпты. Жалпы, аудан орталығында іргесі қаланғанына 50 жылдан асып кеткен 22 үй бар екен. Солардың 9-ына ғана күрделі жөндеу жүргізіліпті. Бөлінген қаржы 32 млн теңгеден асып жығылады.

Мердігер компанияға жұмыстарды он күннің ішінде бітіру туралы талап қойыпты

Отырарлықтар тұрғын үйлерге жасалынып жатқан жөндеу жұмыстарының маңыздылығын айта келе, мерзімінен кеш басталғанына қынжылыстарын білдірді. Өз кезегінде облыс басшысы берілген тапсырманы дер кезінде орындамай, салғырттық жасаған мекемелердің жауапты қызметкерлеріне тиісті шара көрілгенін айтты. Мердігер компанияға жұмыстарды он күннің ішінде бітіру туралы талап қойыпты.

Сондай-ақ Асқар Исабекұлы Отырар ауданына қарасты Шойманов ауылындағы 200 орындық П.Айтменов атындағы орта мектептің ашылу салтанатына да қатысты. Облыс көлемінде қазіргі таңда 88 әлеуметтік нысанның салынып жатқанын айтқан әкім мырза оның тең жартысы биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетінін де жеткізді.