Заң баршаға ортақ. Қырын кетсең қақпанға түсесің. Алайда, тәртіп сақшыларының қылмыстық әрекетке құнығуы қынжылтады. ОҚО прокуратурасы мен ІІД-нің мамандары бірлесе жүргізген тексеру нәтижесінде, шымкенттік полиция майорының заңсыз тірліктері әшкере болды.
«Балық басынан шіридінің» кебін киген Шымкент қаласының Абай АІІБ-нің учаскелік инспекторы, полиция майоры Б. алаяқтық әрекетке әбден құныққан сыңайлы. Қызметтік өкілін асыра пайдаланып, төтеден нәпақа табуды көздеген оның бірталай теріс тірлікке қатысы бар болып шықты. ОҚО ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Шырынбек Оңғаровтың мәлімдемесінен ұққанымыз, шіренген полицей облыс тұрғындарының сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен олардың қомақты қаражатын жымқырып келген.
Мән-жайды тарқатып айтар болсақ, Б. өзін ОҚО ІІД Кадр басқармасында қызмет етемін деп таныстырған. «ДВД-ға қызметке тұрғызып бере аламын» деп «құлақтан тепкен». Осылайша «жұмыспен жарылқаушы» азамат адамның әрқайсысынан 5 мың АҚШ доллар алғаны анықталып отыр. Осыншама адамды «сазға» отырғызып келген полиция майоры Б. деген кім? Қандай қызметтер атқарған? Елдің сеніміне кіретіндей қандай лауазымда болған? Енді соған тоқталайық.
Ол 2008 жылдың 25 қаңтарынан бас- тап, ОҚО №2 арнайы емдеу-бейімдеу мекемесінде инспектор қызметін атқарса, осы жылдың 15 наурызында Абай аудандық полиция бөлімінде «майлы жіліктің» тізгінін ұстаған екен. Ал өзінің көлденең бизнесін 2010 жылдың тамыз айынан биылғы жылдың маусымына дейін ым-жымын білдірместен жүргізген. Құзырлы органдардың есептеуінше, алаяқ полицейдің 45 тұрғыннан жымқырған қаржысы 28 608 741 теңгені құрапты. Бас айналдыратындай-ақ сома. Осыншама қаржыны шімірікпестен қылғыта бергені қайран қалдырады. Өңешінен өте бергеніне аң-таңбыз. Қазір мәселенің жай-жапсары таразыға түсуде. Оған ҚР ҚК-нің177 бабы 4 бөлігі «б» тармағымен айып тағылып отыр.
Ал осы кезде…
«Замәкім» ұсталды
Ордабасы ауданы әкімінің орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол 3 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған екен. ОҚО Қаржы полициясының баспасөз хатшысы Әнел Мәтиева бұл факты бойынша мәселенің мән-жайы әлі тексеріліп жатқанын айтады. Дереккөздерге сенсек, «замәкім» ауылдарға ауызсу құбырын тартуға бөлінген қаржыдан жонып жегенге ұқсайды.