Ақпараттың орталығы, жаршысы туған күнің құтты болсын, «Отырар»!

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі:

– «Отырардың» тұрақты көрермені ретінде телеарнаның 20 жылдық мерейтойына ортақ болуды азаматтық парызым деп санадым. Ұжымның ұйымшылдығы, ауызбіршілігі мықты екенін жақсы білеміз. Сондықтан да болар бұл телеарна тілшілердің ұстаханасына айналған. Бұл өте үлкен қажырлы еңбекті қажет ететіндігі белгілі. Сол үшін де біз «Отырарды» мақтаныш етеміз. Бүгін көріп отырғанымыздай телеарна өз қанатын кеңге жая бастаған. Екі тілде жарық көретін «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттерін оқырманға ұсынып отыр. «Отырар.қаз» сайты жұмыс істейді. Облыс жаңалықтарын көрерменге, оқырманға дер кезінде жеткізіп отыр. Мерейтойларыңыз құтты болсын! Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін!

Қайрат Молдасейітов, Шымкент қаласының әкімі

Қайрат Молдасейітов, Шымкент қаласының әкімі:

– Шымкент қаласының өсіп-өркендеуі жолында «Отырар» телеарнасының сіңіріп отырған еңбегі елеулі. Қоғамда орын алып отырған әлеуметтік, экономикалық, коммуналдық мәселелер телеарнаның эфирінен түскен емес. Соның қат-қабатында «Отырар» билік пен қарапайым халық арасындағы алтын көпірге айналғанын барша жұртшылық жақсы біледі. Бүгінгі мерейтойларымен құттықтай отырып «Отырардың» бұдан да биік белестен көрінуіне тілектеспін!

 

 

 

 

 

 

Өзінің 20 жылдық мерекесін барша көрерменмен тікелей эфирде он сағат бойына бөліскен «Отырар» телеарнасы кешегі күні нағыз халықтың көзайымына айналған БАҚ екенін дәлелдеп берді.

Еңкейген ақсақалдан, еңбектеген балаға дейін телеарнаға арнайы келіп, өздерінің жүрек жарды тілектерін жеткізіп жатты.

Мерекелік іс-шараның қат-қабатында бұған дейін «Отырарға»-20 жыл» акция-сы аясында ұйымдастырылған спорттық, мәдени байқаулардың жүлдегерлері марапатталды. Мұғалім де, қарапайым дәрігер де телеарна редакциясынан табылды. Суретшілер, ақын-жазушылар, театр әртістері, кәсіпкерлер, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары «Отырарда» бас қосты. Халықтық мерекенің түйінін облыс әкімі Асқар Мырзахметов түйіндегендей болды.

«Отырар» телеарнасының бас директоры Валентина Куликоваға облыс басшысы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін салтанатты түрде табыс етті. Бұл бүкіл ұжымның еңбегіне берілген баға.

Мерекелік тікелей эфирдегі хабардың соңы Асқар Исабекұлының көрермендермен сұхбат құруымен жалғасты. Екі сағат бойына облыс басшысы «Отырар» телеарнасының көрермендері қойған сауалдарға жауап берді.

Облыстың өсіп-өркендеуі жолында атқарылған жұмыстарды, алдағы күннің жоспарларын көрерменге жайып салды.

Суреттерді түсірген – Ж. ӘБУОВ, Ә. БЕГІМБЕТ, Т. ЖҰМАБЕКОВ