Арыс ажарланып келеді

Арыстың өз бәйтерегі де бар
Арыстың өз бәйтерегі де бар

Облыстың 80 жылдығы мерейтойынан арыстықтар да шет қалмақ емес. Оңтүстік Қазақстанның торқалы тойында ауданның шалғай ауылдарынан әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.

Арыстағы «Дермененің» жұрты ауылдан ашылған дәрігерлік амбулаторияны көп күтті. Өйткені, бұрынғы медициналық мекеменің ахуалы адам көргісіз хәлге жеткен-тін. Суық нысанда жарытып ем де ала алмаған халық үшін енді ол қиындықтар естелік қана.

Жоғары жағдайдағы тағы бір дәрігерлік мекеме «Байырқұмның» жұртына тарту етілді. Ауылдағы ағайын жиі тұмауратып, аудан орталығына текке сабылатын.

Ауру-сырқаудың тарауына арыстықтардың ауызсуға қол жеткізе алмай жүргендігі себеп болса керек. Ауданға қарасты «Жиделі» ауылына 21 жылдан соң ғана таза су жеткенде, бөркін аспанға атпаған жан қалмады.

Айтпақшы, Арыстың енді өз Бәйтерегі бар. Арысқа қарасты Б.Момышұлы атындағы мектептің бітіруші түлектері өздерінен кейінгі іні-қарындастарына естелік болсын деп мектеп жанынан «Астана» алаңын ашуға мұрындық болыпты. Биіктігі 6 метрді құрайтын Бәйтеректің қаржысын ата-аналар демеуші ретінде көтерген.

Ал аудандағы О.Сарбасовтың «Диірмені» тек Арыс халқын ғана емес, сондай-ақ, көрші Отырар ауданының жұртын арзандатылған ұнмен қамтамасыз етіп отыр. Қала әкімінің орынбасары Дәулет Қасеновтың айтуынша, мұнда тәулігіне 90 тонна бидай өңделеді екен. Одан 67 тонна ұн, 20 тонна кебек өндіріледі. Арыстықтар үшін ең тиімді болып тұрғаны әсіресе, өндірілген ұнның арзандығы болып тұр. Бір қап ұнды серіктестік жетекшілігі әлеуметтік дүкендер арқылы 2550 теңгеден босатуда. Ал кебек келісін 15 теңгеден саудалауда. Мұнда қазір сыйымдылығы 5 тонна қойма салынып бітті. Таяуда сыйымдылығы 3 тоннаны алатын тағы бір қойма салынбақ. Жеке кәсіпкер шаруасын одан әрі ұлғайтып, істі дөңгелету үшін Итальяндық әріптестерімен келісім шарт түзіп жатыр.  

Арыстың одан әрі өркендеуі үшін бұл тек бастама ғана. Қаланың жаңа әкімі осылай дейді. Жергілікті басшылық алдағы уақытта әлеуметтік мәселелер мен қатар ауылшаруашылығына да көңіл бөлуді мықтап қолға алуды жоспарлап отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=DKj7U-WCuMo[/youtube]