Қазанама
Қазақ журналистикасы ауыр қазаға ұшырады. Анар Аспан ауыр науқастан қайтыс болды. Жазылмас дерт жанымыздан алып кетті, ақ-жарқын, кең пейіл апамызды. Ол жайлы сөз еткенде атақ-даңқын, мемлекеттік марапаттарын тізбектеудің өзі артық. Есімін атасаңыз болғаны. Анар Аспан дегенде елжіремейтін ел кемде-кем. Сол Аспан қызы Анар апайымыз қарашаның 3-і күні өзі қиялдан сомдап алған Аспан еліне мәңгілікке қалықтап ұшты да кетті.
Жетімдіктің бар қиындығын көре жүріп жетіліп еді… Ауру анасы мен әскерден мүгедек боп оралған жалғыз бауырына қарайлап ауылдан ұзап шыға алмай, совхозда тракторшы қарандас атанған Анар Бәкірованың тағдыры оңай болған жоқ. Соған қарамастан Анар Аспан мұнда да еңбек озаты, даңқты тракторшы атанды.
Бұралаңға толы өмір жолында қиындықты көп көрді. Мұндайда кей пенделер өз-өзіне қатал, өмірге өкпесі қара қазандай болады емес пе?! Анар олай емес тұғын. Керісінше тым мейірімді, шли бауырмал еді. Жетім, жесірді жебеуші еді. Қолынан келсе қиындық көргендерге көмектесуге даяр тұғын.
Журналистикаға трактордың рульінен келгенімен, аз уақытта талайларды шаңында қалдырды. Өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленді. Сөз саптауы ешкімге ұқсамады. Сол себепті де оқырман Анар Аспанға бауыр басты. Оның жазғандарын іздеп жүріп оқитын.
Бүгінгі талай журналистердің мектебі болған қара шаңырақ «Оңтүстік Қазақстан» газетін басқарды. Облыстық басылымды басқарған ең алғашқы әйел ретінде есімі тарихта қалды.
Журналистикадағы желкілдеп өсіп келе жатқан талай қыз-келіншектердің қамқоршы ұстазы бола білді.
Амал не…
«Мен Аспанның қызымын» деуші еді… Сол қызы жан тапсырарда Аспан күңіреніп кетті. Талайдан бері тамшы тамбаған Шымкенттің аспаны нөсерлетіп жауындатты. Найзағай шатылдап, от ойнады көкте. Аспан осылай өз қызын өзіне алып кетті. Жердегі пенделерді еңіретіп.
Бақұл бол, Анар апа!
ХXX
Марқұмның жеті күндік асы 8-қараша күні сағат 13:00-де Шымкенттегі «Жұлдыз» (Самал шағынауданы) дәмханасында беріледі.
XXX
«Оңтүстік рабат» газеті мен «Отырар TV» телеарнасының ұжымы белгілі журналист, қаламгер, «Жаңа Қазақстан» газетінің бас редакторы Анар АСПАННЫҢ қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мекн туған-туысына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.
Халық ақыны Әселхан ҚАЛЫБЕККОВның Анар Аспанды жоқтауы:
Анар, Анар, Анартай, Анаржаным
Бiткенi ме таусылып ақ арнаның.
Адалдықтан адамзат өлмес болса
Деушi ем жалғыз сенiң-ақ қалар жаның.
Қайтушы едiң ән салып ауылдардан
Ықпаушы едiң бораннан, дауылдардан.
Адамзаттың баласын бөтенсiмей
Бiр анадан тумай-ақ бауыр болған.
Аңқау, сенгiш, алданғыш жетiмiм-ай
Мырза омыртқам қалғандай кетiлiп-ай.
Қабағымнан түсiнiп тәтелейтiн,
Тәңiр өзi жiберген өкiлiм-ай.
Кiм жоқтайды жетiммiн дейтiн едiң,
Қабыл болар лезде кей тiлегiң.
Көзiн сулап өтiрiк жылап келсе
Арамзаны аяйтын бейкүнә едiң.
Түнiменен көк аспан жылап тұрды,
Найзағайын күрсiлдеп лақтырды.
Шымқалада шатырлап шырақ сөнiп,
Жел даусына ышқынған құлақ түрдi.
Аяулы жан өттi деп өмiрдегi
Қара түннiң созылды кеңiрдегi.
Мен мұндалап жарқырап тұратұғын,
Шолпан жұлдыз шығыстан көрiнбедi.
Қара киiп бәрi де төңiректiң,
Сенi жоқтап қалқам-ау еңiреп тұр.
Ғаламыңның өңi де қусырылып,
Қаламыңды iздейдi сенiң өткiр.
Тырбаңдаған соңымнан тентегiм-ау,
Сенсiз сорлап қалғандай өлке мынау.
Жетiм менен жесiрге жоқтаушы боп
Ел аузында жатталған ертегiм-ау.
Кешке жетпей, қу жалған түске жеттi,
Алла ажалды пендеге үстем еттi.
Көп арманның бiрi де орындалмай,
Кiтабың да жазылмай iште кеттi.
Керек етпей бұл қоғам iзгi айтысты,
Бұлқынғанмен басқан тор шырмай түстi.
Перiштенi пәршалап тастайтұғын,
Дию дәуiр не қылсын бұл байғұсты.
Адамдардың жүрегi едi, шыққан шыңы
Мойындаған дос түгiл дұшпан түбi.
Аспан жердiң арасы ел-сел болды,
Аспан қызы аспанға ұшқан күнi.
Ажал әдiл бұйрығы хахтан дедiм,
Теңдесi жоқ алдаспан, ақтангерiм.
Жаратушың алдыңнан жарылқасын,
Жайлы болсын Анаржан жатқан жерiң.