Қазақ сиыр бағудан да қалып бара жатқаны ма? Бұдан былай бақтшыларымызға шетелден әкелінетін ірі қараларды қалай бағу керектігін америкалықтар үйрететін болыпты. Төрт түліктің бабын тауып, төлдету сияқты бұл кәсіптің қыр-сырын білетін кәдімгі малшылардың шоғырын дайындау кезек күттірмейтін мәселеге айналған. Келесі айдан бастап, асыл тұқымды сиыр бағатын малшының таяғын ұстағасы келетіндер АҚШ-қа барып, арнайы курстан өтіп, қолдарына сертификат алып қайтулары тиіс.
Шетелден асыл тұқымды ірі-қара мал әкеліп, жерсіндіріп, пайдаға қарық бола қаламыз деген еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі былтырдан бері Австралия мен АҚШ-тан 4600-ден астам сиыр әкелгені белгілі. Ұшақпен елге жеткізуден бастап, шаруаның қорасына кіргізгенге дейінгі кеткен шығынды есептегенде әр сиырға орта есеппен 5.5 мың АҚШ доллары көлемінде ақша жұмсалған болатын. Кейін белгілі болғандай сол асыл тұқымды ірі-қараның жем-шөбін ойдағыдай етіп бере алмай, кейбір шаруалардың есіл дүниесі босқа кеткен-ді. Таяуда Асылжан Мамытбековтың ведомствосы тағы да бір мәселені төтесінен қойып, елді біраз шулатып тастады. Даудың басы Дайрабайдың сиыры демекші, бұл жолғы мәселеге кінәлі Дайрабайлардың өздері болып отыр. Яғни, біздің малшылар шетелден келген сирларды өз деңгейінде баға алмай отыр екен. Осылайша асыл тұқымды, қымбат сиырларды көбейтіп, пайда тапқың келсе шетелге барып малшылықтың білімін алып келуге тиіссің.
Жуырда АҚШ-қа қарасты Солтүстiк Дакота штаты сауда офисiнiң атқарушы директоры Дин Гордер деген біреу Associated Press агенттігіне сұхбат беріп, АҚШ-тың аталмыш штатынан сатып алынған сиырлар қазақ елінің климат жағдайына үйренгенiн айтыпты. Алайда қазақ малшылары американдық сиырларды бағудың ретiн бiлмейді екен-міс. Сондықтан да біздің сиыр баққан шаруалар мұхит асып, мал бағудың сырына қанығып, кәсiби бiлiктiлiгiн арттырғандары абзал. Осылайша 12 қазақстандық бақташы таяуда Солтүстiк Дакотаға мал бағуды үйренуге екi апталық оқуға баратын болыпты. Сұхбат берген Д.Гордер қазақстандық шенеунiктерге iрi қара малдың тойымды тамақтануы керектігiн ескертіпті. Салмақ қосуда тұралап қалған біздің сиырлар құнарлы жем-шөппен қамтамасыз етiлмеген. Осындай түйiн жасаған Дин мырза өз ұсынысының қолдау табарына сенiмдi.
Қазақ әу бастан атын-затын білмейтін, жері де шөбі де бейтаныс, өзге жерде өскен ірі-қараны елді етке қарық қыламыз деп қояр да қоймай алып келген ауыл шаруашылығы министрлігі енді малшылыққа оқытып келу сияқты адамның күлкісін шақыратын бастамалары арқылы әлі талай тақырыптың мазақ нүктесіне айналатын түрі бар. Тәуекелге көп баратын мекеменің күтiмi белгiсiз шетелдiк сиырларды елге әкелуінің өзі сол кезде біраз дау тудырған еді. Сырттан келген сиырдың жем-шөбiн жарытпағаны тағы бар. Ендi келіп, қазақ малшылары АҚШ-қа барып, арнайы білім алып, үйренiп, қолына «диплом» алып келуі тиіс екен. Бұған кететін шығын мен оның кімнің қалтасынан төленетінін әзірге ешкім білмейді.
Мұндай асыл тұқымды сиырлар былтыр қараша айында Оңтүстік Қазақстан облысына да әкелінген еді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландыруымен оңтүстікқазақстандық «Алтын дән» ЖШС АҚШ-тың Монтана штатынан 180 бас ангус сиырын, ал «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС Австралия құрлығынан ангус және герефорд тұқымды 439 аналық сатып әкеліп, оңтүстіктің жайма-шуақ ауа райына, таулы тасты жер бедеріне жерсіндіре алмай, біраз әбігерге түсіп, қымбат тұратын сиырлардың бірнешесі өліп те қалған-ды. Бұны көрген басқа шаруалар бүгіндері шетелден мал әкелудің аса тиімді емес екенін көріп, белгісіз сиырды сатып алудан бас тартып жатыр. Ең дұрысы өзімізде бар сиырлардың тұқымын асылдандырып, қолда бар байлығымызды түгендеп алғанымыз жөн.
Расын айтқанда елімізде асыл тұқымды ірі-қара мал бұрын да болған, қазір де бар. Бірақ саны анау айтқандай көп емес. Ал енді осыларды көбейту – қолда тұрған тірлік. Тек құлық болса, ынта болса болғаны. Мұхит асып, тау асып, тас басып келгенімен, жерсіне алмай, ажал құшатын қымбат сиырларға құмбыл болғанша, аз да болса қолда бар мал-жанымызға бас бұрып, ынта білдірсек, санын арттырсақ АҚШ-тың ангусына еміреніп, Аустралияның герефордына қызықпаған болар едік. Ақырында міне, ғасырлар бойы айналысып келген ата кәсібіміз малшылықты шетелден үйренетіндей сорақы дәрежеге түсіп кеткендейміз.
Тасбай Симамбаев, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
— Біз «ҚазАгро» холдингіне қыруар қаражат бөлдік. Алайда бөлінген қаражаттың басым бөлігі асылтұқымды мал сатып алуға жұмсалып жатыр. Ол да оңай емес. Бір тайынша – бір джиптің құны. Сол Америка құрлығынан мұхит асып келген тайыншалар біздің көңілден шықпайды. Голландия, Венгрия, Чехия секілді елдерде 5 есеге дейін арзан мал тұрғанда, Америка тайыншасына неге сонша «ғашық» болдық? Ең бастысы, «әупірімдеп» әкелген тайыншамыз біздің климатымызға бейімделмей, біздің жерді «сүйіп» кете алмайды. Әлгі қаражатты бұлайша ысырап қылғанша, ірі мемлекеттік ұжымшарларға берсек, солардың өзі-ақ малды асылдандыруды жолға қоятын еді.
Ғалымжан Ильясов, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:
— Қазақты мал бағалмайды деу қате пікір. Бұл біздің ата кәсібіміз ғой. Қазекем атам заманнан мықты генетик, мықты селекционер болған халық. Ал енді малшыларды шетелге барып оқытып келу мәселесіне келер болсақ, шетелде мал бағудың, жем-шөп берудің жаңа заманауи тәсілдері ойлап табылып, олар осы жаңалығын бізбен бөліскісі келеді. Жуырда бізге ауыл шаруашылығы министрлігінен сұраныс хат келді. Онда шетелге барып мал бағудың тәсілдерін үйреніп, оқып келем деушілер болса хабар беруімізді сұраныпты. Осы бойынша біз аудандарға хабарласып, біліктілігін арттырғысы келетіндерді іздестірдік. Бірақ ешкім қызығушылық танытпады. Министрліктен келген хатта оқу мерзімі екі апта деп көрсетіліпті. Оған 900 мың теңге көлемінде қаражат керек екен. Меніңше шаруалар осындай шығын кетеді деген соң барғылары келмеді ау деймін. Жалпы, біздің өңірге былтырдан бері 800-ге жуық асыл тұқымды сиыр әкелінді. Мал болған соң шығын болмай тұрмайды ғой. Арасында жерсінбей өліп қалғандары болды.