Бастың сақинасы бола ма?

Бас ауруына көбіне әйелдер шалдығады екен
Бас ауруына көбіне әйелдер шалдығады екен

Әлемдегі әрбір бесінші адам бас ауруынан зардап шегеді екен. Олардың көбі бас сақинасы ауруына шалдыққандар. Аталған аурудың құрсауына 20 мен 40 жас аралығындағы адамдар ілінеді. Қолайсыз ауа райы, психологиялық жайсыздық, көңіл күйдің болмауы сынды жәйттер ауруды үдете түседі. Аурудың пайда болуына не себеп және дерт неге «бас сақинасы» деп аталады? Осыны анықтауға тырысып көрейік.

Аурудың неден пайда болатынын осы күнге дейін дөп басып айтқан дәрігер де, ғалым да жоқ. Бірақ ауру ми еңбегімен айналысатын адамдарға, ашушаңдар мен ішімдікке құмар жандарға үйір келеді екен. Аурудың «бас сақинасы» аталуының негізгі себебі бастың бөліктері дөңгеленген тәрізде ауырады. Атап айтсақ, бастың бір бөлігі, самай мен маңдай тұсы, желке және көз айналасында пайда болады. Ауырған адам жарық пен дыбысты жақтырмай, көз көруі қиындап, жүрегі айнып, құсуы да мүмкін. Әдетте бас сақинасы қатты күйзелгенде, шектен тыс жұмыс істеп, шаршағанда өршиді. Мұндайда адам сағаттап жатып қалады. Себебі ауру бас көтеруге мұрша бермейді. Мынаны қараңыз, бұл ауруға көбіне әйелдер душар болады екен. Зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, бастың сақинасын «киетін» адамдардың басым бөлігі нәзік жандылар. Негізгі себеп – әйел баласының сезімталдығында жатыр. Үйдің мәселесіне, туған-туыс арасындағы қарым-қатынасқа, бала тәрбиесі мен әлеуметтік мәселелерге «күйіп-пісіп» жүретін, ештеңеге бейжай қарамайтын қыз-келіншектер аталған ауруды «тілеп алатын» көрінеді. Сонымен қатар бас ауруын қоздыратын тағы бір себеп анықталды. Ол – жүктіліктен сақтандыратын дәрілер. Егер әйел дәріні дәрігердің кеңесінсіз дұрыс таңдамай, өз пайымы бойынша сатып алған жағдайда қосымша бас ауруын да сатып алды дей беріңіз. Себебі жүктіліктен қорғайтын дәрілер тікелей әйел гормондарына әсер етеді. Ал гормон әр әйелде әртүрлі жұмыс жасайды. Дәрі әйелдің гормоналды деңгейімен сәйкес келмейтін жағдайда оның саны жоғарылап, салдарынан бас ауыратын жағдайға алып келеді.

Әрине, бас ауруының барлық түрі бас сақинасы болып саналмайды. Бас ауруын тудыратын себептер өте көп. Шаршау, ашулану, қан қысымы, ішек жұмыстарының бұзылуы, дисбактериоз бен диарея, тұмау, буын аурулары мен жүйке жүйесі әлсірегенде де бас ауырады. Ал аптасына 1-2 күн, не күнде басыңыз ауырса, бұл бас сақинасы. Мұндай жағдайда ешқандай дәрі әсер етпеуі мүмкін. Себебі ағза дәрілерге үйреніп қалады да, жүйке талшықтары ауруды басуға дәрменсіз болып қалады. Мұндайда толық дәрігерлік бақылаудан өтіп, мануалды терапевтерге қаралған жөн. Олар мойын омыртқасы мен бастағы тиісті нүктелерге массаж жасау арқылы бас ауруды жазуға, не жеңілдетуге тырысады. Бірақ ауруды асқындырып алмай, ертерек емдету қажет. Бас сақинасы созылмалы түрге өтіп кететін болса, өмір бойы ем қабылдауыңызға тура келеді. Себебі аурудың емдеу тәсілі әлі де зерттеліп жатыр. Нүкте қойылған жоқ.

Әлия ИБРАГИМОВА, облыстық диагностикалық клиникалық орталығының дәрігер-невропатологы

– Бас ауруын зерттеу және оны жазу өте күрделі. Сол себепті алдын алуға тырысыңыз. Алкоголь, темекі сияқты ағзаға кері әсерін тигізетін құмарлықтан аулақ болған жөн. Жұмысыңыз отыруды көп қажет ететін болса, арасында үзіліс жасап, мойыныңызға, басыңызға жаттығулар жасаңыз. Қан дұрыс айналуы үшін тұрақты спортпен шұғылданған жөн, таза ауада көп серуендеңіз. Уақытылы тамақтанып, ағзаға пайдалы дәрумендерді ішіп тұрыңыз. Себебі қазір күнделікті тұтынатын тағамдардан толыққанды дәрумен алу екіталай. Азық-түлік консерванттарға толы. Сол себепті де арнайы дәрумендер комплексін қабылдап отыру керек.

Бас ауруы басталып келе жатқаннан тәтті күлше жеп, қою қара шай, не ащы етіп демделген кофе ішіп алғаныңыз жөн. Жүзім, мейіз жесеңіз де болады. Себебі глюкоза ауру ұстамасының алдын алуға көмектеседі. Анальгин және тағы басқа ауруды басатын дәрілер ауруды емдемейді, тек уақытша басады. Есесіне асқазаныңызға ауырлық түсіріп, екінші ауруды қоздыруы мүмкін. Ең дұрысы бас сақинасы ұстағанда қараңғы бөлмеге кіріп, 2-3 сағат ұйықтап алу керек.

Ақмарал Мырзахметова