Жуырда Бәйдібек ауданына қарасты Бірлік ауылында 150 орындық А.Нысанов атындағы орта мектептің ашылу салтанаты өтті. Президент күні қарсаңында өткен бұл салтанатқа облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары және баспасөз қызметінің басшысы Берік Уәли, аудан әкімі Райымбек Жолдас қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Талапқа сай салынған мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания «ШАХ-2030» ЖШС-нің өкілі Өсербай Ибрагимов мектеп директоры Күлжан Қалдыбаеваға салтанатты түрде жаңа ғимараттың символикалық кілтін табыс етті.
Мұнан соң ауыл ақсақалы Ә.Мырзабаев, ардагер ұстаз Р.Абдуатова және Батыр ана Қ.Ахметова білім ордасының лентасын қиды. Жиылған көпшілік оқушылардың дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалап, жаңа мектептің барлық бөлмелерін аралап көрді.
Осы күні Ынтымақ ауылында да көптен күткен ауызсу жүйесі пайдалануға берілді. Ауыл қариялары жаңа су жүйесінің лентасын қиғаннан соң, көпшілік нысанның жайын аралап, су тарату қондырғыларының жұмыс істеу жүйесімен танысты. 80-ге жуық тұрғын үйді таза ауызсумен қамтамасыз ететін су жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания — «ЖылуЭнергоРемонт» ЖШС-і (директоры Қ.Ортаев) екенін айта кету керек.
Осы күні өткен салтанатты жиындарға аудандық мәслихат хатшысы С.Спабеков, аудан әкімінің орынбасары Н.Айтбеков пен мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты. Ал аудандық мәдениет үйінің әртістері ән айтып, жырдан шашу шашып, мерекелік шараның қызықты өтуіне атсалысты.
Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ