Дәрігерлердің кесірінен мүгедек болып қалған науқас! 26 жастағы жігіт аяғымның сал болып қалуына медицина қызметкерлерінің кесірі тиді дейді. Қазір төсекке таңылған азаматтың көршілері жағдаймен танысуымызды сұранып, редакциямызға хабарласқан болатын. Ал дәрігерлер бізден кеткен кінә жоқ деп ақталады.
Ол ауруханаға іші аурып түсіп мүгедек боп шықты. Төсекке таңылып қалуыма дәрігерлер кінәлі деп отыр. Айтуынша жұқпалы аурулар ауруханасының медбикесі салған екпе кері әсер еткен. Соның салдарынан аяқтарым жансыз боп қалды дейді.
Алмас Сапаров, шағымданушы: «Бірінші екпе салғанда білінбеді, екіншісін салғанда аяғым ұйый бастады. Сосын мен медбикелерге айттым неге менің ая,ым жансызданып барады деп. Сосын екі медбике екі жақтап палатаға апарып жатқызды. Емдеуші дәрігерге талай айттым. «Аяғыңның ұшы қимылдап тұр, қорқынышты ештеңе жоқ» деп шығарып салған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына арызданғанда ғана барып, дәрігерлер қимылдай бастады. Әйтпесе өл де қал деген пікірде сияқты».
Бір қиыны Алмастың туған туысы жоқ. Оның жайын ойлап жүрген тек көршілері. Жалғызжарым жігіттің жағдайы тым нашарлап барады дейді. Ал суық күнде пеші жоқ кепе үйде тұруы ауруының үстіне ауру қосып жатса керек.
«Бір екпеден соң осындай боп қалды. Күненнен күнге нашарлап барады. Азып тозып кетті. Күнде келіп кір қоңын жуып беріп тұрамыз. Басқа қолдан келер қайыр жоқ»,- дейді көршісі Гүлмира Есболова.
Алмас Сапаровтың жағдайымен жұқпалы дерт ауруханасының мамандары да хабардар. Бірақ оны мүгедек еткен біз емес деп өздеріне кір жуытпар емес.
Бақытғали Ережепов, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: «Оның дәл екпеден болуы мүмкін емес. Біздің ауруханадан шыққан кезде өз аяғымен жүріп қайтып бара жатқанын өз көзіммен көргем. Бізден боп қамасын деп алдымен бәрін тексерттік. Арнайы мамандар да шақырғанбыз. Ол жігіттің аяғы суықтап, нерв жүйесіне суық тиген болуы мүмкін. Бірақ екпенің оған еш қатысы жоқ».
Сөйтіп өз көзімен көрген дәрігер өздері кінәлі боп шықпауы үшін талай әрекет жасағанын мойындады. Ал қапыда мүгедек боп қалған Алмас бәрі де ақ халаттылардың салғырттығынан дейді. Жалғыз өзі суық үйде төсекке байланып қалған оның басты арманы 26 жасында мүгедектер қатарын толықтырмау.
«Кеудеңде жаның болғасын, тіршілігіңді жасау керек. Ендігі өмірімді мүгедек боп, төсекке байланып өткізгім келмейді. Мені дәрігерлер емдеп, жазып берсе болды»,-дейді Алмастың өзі.
Осы кезде дәрігерлер Алмасты өтірікшіге шығарды. Айтуларынша оның бар арманы мүгедектікке шығу екен.
«Ол бізден мүгедектікті рәсімдеп беруімізді талап еткен. Неге басынан бастап бізге осындай талап қояды?! Егер мүгедектікке шыққысы келмесе өйтпес еді ғой»,-дейді дәрігерлер.
Осыған қарағанда дау әлі жалғасатын секілді. БІрақ Алмас Сапаров ақ халатытлар өз кінәсін мойындап, аяққа тұрғызбаса үйінде тыныш отырмақ емес.
Ертесіне Медицина қызметкерлерінің кесірінен аяғым сал болып қалды деп арызданған Алмас Сапаровтың шағымы бойынша арнайы комиссия құрылды. Науқастың денсаулығы толық тексерілмек. Бұл туралы бізге облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары айтты.
Ғалымжан Әбішев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары: «Науқас жергілікті емханаға барып, (выписка) анықтамалдығын апарып беруі керек еді. Бірақ қазір біз Чапаев елдімекеніндегі емханаға тапсырма бердік. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстарын жүргізетін болады. Науқасқа амбулаторлық немесе стационарлық ем қажет болса, керекті шаралар жасалатын болады».
Аурухана медбикесінің екпесінен кейін жүре алмай қалдым деген жалғызілікті жігіт қазір суық үйде төсекке таңылып жатыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=U9vprkdStKc[/youtube]