Оңтүстік медицина саласында жаңалықтар көп. «Дау-Мед» клиникасында жаңа үлгідегі магнитті резонансты және компьютерлік тамограф құралдары әкелінді. Дәрігерлердің айтуынша, бұл заманауи құрылғылар дертті дөп анықтауда үлкен көмек тигізіп отыр. Яғни, науқастардың диагноздары дәл қойылады.
«Эшелон». Жаңа магнитті-резонансты тамограф осылай деп аталады. Медицина әлемінде танымал әмбебап құрылғы енді облыс тұрғындарының денсаулығын сақтауда көмекші болмақ. Оның ерекшелігі сол — ағза мүшелерін жекелеп тексеріп, ми бөліктерін де зерттей алады. Алғаш болып тексеруге келгендердің бірі — Акулина Кудашова. 72 жастағы қарияны бас ауруы көптен бері мазалап жүрген.
Акулина Кудашова: «Басым қатты ауырады. Жүрегім айнып, басым жиі айналатын болды. Содан кейін «ДауМедке» көрінуді шештім. Міне, жаңа ғана тамографқа түстім. Нәтиже жақсы болады деп сенемін».
«Дау-Мед» клиникасының білікті дәрігерлері осы құралда арқылы кез-келген науқасты тексеріп, клиникалық зерттеулер жүргізе алады. Техникалық көрсеткіштері тәжірибелі медицина қызметкерлерін де таң қалдыруда. Магнитті-резонансты томография, әсіресе, гинекология, хирургия, нейрохирургия саласында, әсіресе, ми мен жұлынның зақымдануы, инсульт, бас миындағы жарақаттан кейінгі зат алмасу өзгерісін, остеохондрозды анықтауға қажет,-дейді клиниканың бас дәрігері. Соның көмегімен қан-тамырлары, жүрек пен бауыр, бүйректегі ақаулар анықталады. Бұл аппараттың құндылығы сол, дерттің енді басталған шағын дөп баса алады.
Құны 2 млн. АҚШ долларын құрайтын жаңа құырлғылар бірін-бірі толықтырады. Айта өту керек, мұндай заманауи үлгідегі құрылғылардың зерттеуінен өтудің ақысын клиника басшылығы соңғы 6 жылда өзгеріссіз, тұрақты ұстап келеді. Яғни, халыққа қолжетімділік қағидасын ұстанамыз дейді дәрігерлер.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=3pfnqHnju4o[/youtube]