Бүгін облысқа жұмыс сапарымен Премьер-министр Серік Ахметов келді. Алдымен таяуда ғана ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, оның «үдемелі Индустриалы-Инновациялық Даму» Мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыс барысымен, жаң жобаларымен танысты.
Серік Ахметов ат басын бұрған аталмыш орталық Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлеріне қызмет көрсетіп, бизнесін жоспарлауға, қаржыландыру ісіне қолдау көрсететін болады. Қазіргі таңға дейін әртүрлі көмек сұрап келгендердің саны 177-тен асып жығылыпты. Бұлардың арасында ірі кәсіпорындар мен ісін жаңадан бастап жатқандары да бар. Және көпшілігі қосымша шаруашылық ашқысы келген ауыл азаматтары.
Орталықтан көмек сұрай келген кәсіпкерлердің бірі Гүлмира Ыстықұлова таяуда ұлттық киімдер мен силық жасайтын цех ашпақ ойда. Ол орта және шағын бизнеске қатысты мемлекет қандай жәрдем көрсететінін білгісі келіпті. КҚКО мамандары осыған сай бизнес-жобасын жасауға көмектесіп, қаржыландырудың тиімді шарттарын түсіндіріп беріпті. Орталықтың алғашқы клиенттерінің арасында қаржылық жағдайын жақсартып, жаңа өнім өндіруге ықылас танытып отырған аты облысқа кеңінен танымал кәсіпкерлер де бар. Мәселен, «Әлем-Принт» ЖШС-нің басшысы Ерман Биекеев сондайлардың бірі.
КҚКО директоры Нұржан Әлтаевтың айтуынша келушілердің қатары қалың. Күн сайын бірнеше ондаған адамдар алғашында орталық қызметімен танысу үшін келіп, соңында қызығушылығы артып, көмек көрсетуін сұрайды екен.
«Біз ешқайсысына көмек көрсетуден қашпаймыз. Себебі кез келген кәсіпкерге жәрдемедесу біздің міндетіміз», дейді орталық директоры. «Бір терезе» жүйесі жемқорлықпен күресудің тиімді жолы екені белгілі. Сондай-ақ, әкімшілік кедергілерден құтқаратын бірден-бір жол болып табылады. КҚКО жұмысы өзінің тиімділігін дәлелдеген халыққа қызмет көрсету орталығы секілді жұмыс істейді. Бұл жерде тұрғындарға жобада көрсетілген өңірдің климат жағдайын есепке ала отырып, айналысуға болатын кәсіпті таңдауға көмектеседі. Себебі бизнестің сәтті басталуы осыған тікелей байланысты көрінеді.
Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша мұнда кез келген қаржы институттарының, екінші деңгейлі банктердің өкілдері бар. Құжаттарды рәсімдеу, бизнес-жоспар даярлау, несие беру, әртүрлі курстардан өту, мастер-класс дәрістері – мұның барлығы орталық қызметкерлері көрсететін қызмет түрлерінің бір бөлігі ғана. КҚКО жұмысымен жан-жақты танысқан соң Серік Ахметов «Индустрияландыру картасы» аясында Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асып жатқан 11 жаңа жобамен танысты. Бұлар әртүрлі бағыттағы кәсіпорындар. Атап айтсақ, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі, тігін және құрылыс индустриясы. Бұлардың кейбірі жұмысқа кірісіп те үлгерген болса, біразы жыл соңына дейін, біразы келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сонымен бірге тағы бір айта кететін нәрсе, Оңтүстік Қазақстан облысы Үдемелі Индустриялы-Инновациялық даму бағдарламасы аясындағы кәсіпкерлік субъектілер мен жобалардың көптігі бойынша еліміз бойынша көш басында тұр. 79 инвестжоба мақұлданған. Шымкент шаһарына жасаған сапары барысында Үкімет басшысы Серік Ахметов облыста ҮИИД бағдарламасы бойынша жасалынып жатқан ауқымды істерге өзінің жоғары бағасын берді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ZYWyGzV2-Yk[/youtube]