Кентаулық кәсіпкер алты жыл бойы Өзбекстан азаматын құлдықта ұстаған

жәбірленуші

Бодандықта болған азамат бостандыққа шықты! Кентаулық әкелі-балалы кәсіпкерлер Өзбекстан азаматын құлдықта ұстағаны анықталды. Олар 50 жас шамасындағы ер азаматты үйінде құл етіп ұстаған. Тіпті далаға шығармай жұмысқа жеккен болып шықты. «Бүркіт» жасағының сарбаздары мен ішкі істер басқармасының өкілдері құлды құтқарып, кәсіпкерлерді тұтқындады.

Жәбірленуші есігі сыммен тас болып бекітілген сарайда 6 жыл бойы тұрып келген. Таңертең қожайындары жұмысқа алып кетіп, түнде қайта әкеп, сыртынан қамап кетеді. Жататын орынды оңдырмаған қожайыны жұмыскеріне ішер асты да аяпты. Айтқанына көнбесе, сол күні тамақ бермеген. Оны баласы екеуі қосылып ұрып-соққан. Алғашында 2-3 ай жұмыс істейсің, әрі қарай ақы төлеймін деген қожайын сөзінде тұрмай, уәденің уақыты 6 жылға созылды. Ал құжаттарын алып қойғандықтан Өзбекстандық азамат ешқайда бара алмаған.

 

Иелігінде балабақша, жанар-жағармай бекеті бар кентаулық кәсіпкер өзбекстандық азаматты үйінің құрылысына да жеккен. Құжаттарын тартып алып, заңсыз бұғауда ұстаған қожайын тәртіп сақшылары келгенде жұмысшысын жасырып отырыпты. Енді адамды бостандығынан айыру ісі тексеріліп жатқанда әкелі-балалы азаматтардың тағы бір қылмысы әшкереленді. Оларға қатысты бопсалау бойынша іс қозғалды.

Қазір күдіктілер уақытша қамау абақтысына жабылды. Ал 6 жыл бойына құлдықта болған азаматты туыстары қанша сабылып іздесе де бір дерегін таппапты. Осылайша ол өз елінде іс-түзсіз жоғалғандар қатарына қосылып кеткен. Жақында бостандыққа шығарылған азамат енді еліне қайтарылады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Pj3Gx8T9lnA[/youtube]