Гүлді таңдап, оны орау қиын жұмыс емес, тек қарапайым ғана ережелерін білсеңіз болғаны. Гүлді алардан бұрын оның кімге және не үшін сыйлайтыныңызды естен шығармаңыз. Әйел, ер кісі, бала, жас, кәрі мұның барлығы маңызды. Ал өте жақын адамыңызға оның сүйікті гүлін таңдаған артық болмайды.
Әйелдерге гүл көп сыйға беріледі. Жасыл мен сарғылт араласқан нәзік байламға оралған гүл олардың көңілін көтереді. Әйеліңізге өзі ұнататын және үйлену тойында ұстағандай гүлді сыйлағаныңыз жөн.
Жас қыздарға әлі қауызы жарылмаған нәзік гүлді ұсыныңыз. Оның жасына байланысты гүлдің көлемі үлкейе бермек. Егде жастағы әйелге ақ лалагүл тарту етуден аулақ болыңыз. Өйткені мұндай гүлмен әдетте соңғы сапарға шығарып салады. Сонымен қатар лалагүлді ауруханаға апаруға болмайды. Ол науқасқа кері әсерін тигізеді. Дұрысы нәзік түсті, иіссіз көлемі орташасын әкелу қажет. Үлкен жастағы әйелдерге құмырадан гүлдейтінін табыстаған жөн. Түсі қызыл және бітеугүл емес, ашылған гүлді сыйлаңыз.
Алқызыл, қызғылт түстісін кез келген жастағы жанға және кез келген жәйтке байланысты табыс етуге болады. Бұл «Менің сізге деген көзқарасым жақсы» дегенді білдіреді. Шұбар гүлдер де бәріне ұнайды. Көңіл күйді көтереді.
Бақта өсетін ақ гүлдерді ерекше салтанатты жағдайда, мәселен, үйлену тойында табыстайды. Ал осы түстегі дала және орман гүлдерін (түймедақ, бәйшешек, меруертгүл) жас қыздарға кез келген мерекеде сыйлаған жөн. Бұл жастық пен пәктіктің белгісі.
Қызыл гүлді сыйлауда мұқият болған дұрыс. Мұндай түсті гүлді өзіңіз ерекше жақсы көретін досыңызға немесе туысыңызға беріңіз. Қою-қызыл түс құмарлықты білдіреді. Ал ашық болған сайын сезімнің күштілігі байқалады. Оны тек сүйікті адамыңызға ғана тарту етуге болады. Сары түсті гүлді (тек раушангүл емес) әдетте жас жігіт қызымен дау-жанжалсыз айырылғысы келгенде сыйлайды. Әрине, әйелдер мерекесінде туыстарға, мұғалімге және таныстарға дәстүрлі мимоза немесе нәркес гүл шоқтарын беруге болады.
Ал сүйіктіңізге алқызыл қызғалдақ орамасын сыйға тартыңыз. Сары түсті гүлді көбінесе әртістерге табыстау қалыптасқан. Күннің түсі сәттілік белгісі делінеді. Сары гүлдерді (ашық-лимон түстен қарақошқылға дейін) 35 жастан жоғары кербез әйелдерге сыйлаған жарасады.
Күлгін жұпаргүл мен көк түсті гүлдер адамның ерекшелігін көрсетуге талпынған кезде сыйға беріледі. Бұл «Сіздің талғампаздығыңыз бен сыпайлығыңызды бағалаймын» дегенді білдіреді екен.
Қазіргі таңда қарадан жасылға дейін экзотикалық түрлі-түсті гүлдер пайда болды. Бір орамға олардың бір түстісін жинаудың қажеті жоқ, әр түрінен араластырып таңдаңыз. Жасыл–үміт пен тілектің, ал қара – сіздің жүрегіңіздің мұңын білдіретінін ұмытпаңыз. Мағынасына қарай жинақтауға тырысып көріңіз.
Ерлерге де гүл таңдауда мұқият болғаныңыз абзал. Олар еркіндікті қалайды және үнемі сәттілік, жеңіс болса екен деп тілейді. Ер адамға ірі, көлемді гүлдер ұнайды. Сондықтан оларға, мәселен, раушангүл, қалампыр, қызғалдақ, лалагүл, қамысгүл, бақытгүл, сәлдегүлді мүмкіндігінше бір түстісін немесе үйлесімді түстерді жинап табыстаған дұрыс. Яғни ақ, қызыл, қою-жасыл. Ерлерге алабажақтысын сыйлаудың қажеті жоқ.
Мерейтойға адамның жасына байланысты санап, бір түсті гүлдерді тарту ету дәстүрге айналған. Егер гүл 10 данадан кем болса, орамадағы гүл данасын тақ санға лайықтайды. Ал одан көп болса еркінше таңдауға болады.
Дала, орман және шабындықта өсетін гүлдерді салтанатты шараларда сыйлау дұрыс емес. Тек жақындарыңызға берген жөн. Егер де қызбен кездесуді жоспарласаңыз, оған бір тал әдемі гүл алуды ұмытпаңыз. Сабағы ұзын қалампыр, қауызы ашылмаған раушангүл сыйлаңыз. Бірақ сабағынан тікенегін алып тастауды естен шығармаңыз. Сүйікті қызыңыз сізді ата-анасымен таныстыру үшін үйіне шақырса, анасына да гүл алғаныңыз абзал. Гүлдердің бірдей болмағаны жөн. Егерде досыңыздың немесе құрбыңыздың туған күніне жол тартсаңыз да анасына гүл алуды ұмытпаңыз. Өйткені бұл оның да мейрамы екенін есте сақтағайсыз. Бұл сіздің мәдениеттілігіңізді байқатады. Құрмет әрдайым ерекше бағаланады. Ал арнайы кездесу, мәселен, мектептегі концерттерге 3-5 тал қалампыр гүлін апарған дұрыс.
Гүл орамын жасаған кезде қалампыр, раушан, лалагүл, меруертгүл, нәркесті біріктірмеңіз. Олардың түстері мен иістері үйлеспейді. Оларды бөлек ораған жөн. Жасанды және құмырадағы гүлдерді барлығы бірдей ұната бермейтінін ұмытпаңыз. Сондықтан оны сыйлар алдын өзінен сұраған артықтық етпейді.
Жапырақтары үлкен гүлдерді де сыйлар алдын сұраған жөн. Бір құшақ гүлді де сыйлау әбестік. Гүлді таңдап сыйлау да адамның мәдениеттілігі мен талғамын танытатынын ұмытпау керек.
Дайындаған– Ғалия Мұхамбетқызы