ОҚО-да жақын күндері қар борайды, дайын болыңыз. Бұл туралы белгілі жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбайтегі айтты. Оның болжауынша қарашаның 14-нен басталған жауын 27-не дейін жалғасады. Таулы аудандарда жаңбырдың соңы қалың қар түседі. Сондықтан шаруалар қамданғаны дұрыс дейді мамандар. Дегенмен, былтыр қыс қатты болып қара суық 5 айға созылса, биыл табиғат ана оң мінезін көрсетпек екен.
Нұрғабыл ҚОЗЫБАЙТЕГІ, ауа райын болжаушы, «Лидер Агро» ЖШС-нің директоры: «Жалпылама қыстың созылуы былтырғыдай 5 айға созылмайды. Қараша, желтоқсан айларында қар жауғанымен тез еріп кетеді. Тек қаңтар, ақпанда ғана аздап тоңуымыз мүмкін. Содан соң күн жыли түседі. Ал көктем наурыздың 10-на дейін шағып қалады. Яғни, биылғы қыс 3-3,5 айға созылатын болады».
Жалпы 2012-2013 жылдың қыс маусымы шаруаға жайлы болатын көрінеді. Қараша, желтоқсан айлары жаңбырлы-қарлы болғанымен, ызғарлы емес. Яғни дәл былтырғыдай бүрсеңдемейтін боламыз дейді ауа райын болжаушылар.
Былтыр қыс қатты болып Оңтүстіктің жұртын қинағаны бар-ды. Ордабасы ауданын алған топан су сондағы жұрттың есінен әлі кете қойған жоқ шығар. Өткен жылды жұлдызшылар 4 жылда қайта айналып келетін кібісемен байланыстырған болатын. Биыл ше? 2013-ші жылға аяқ басатын қыс маусымында облыстың жұртын не күтіп тұр? Бұған белгілі жұлдызшы алаңдамауды сұрайды. Яғни, жұлдыздар бұл жылы өңір халқын қандай да бір апаттың күтіп тұрмағанын айтады дейді.
30 жылдық тәжірибесі бар Нұрқабыл Қозыбайтегінің болжауынша, 2013 жылдың жаз маусымы биылғыдай құрғақ болмайды. Десе де, келер жаздағы ауа райы туралы нақты мәліметті жұлдызшы наурыздың 22-нен кейін толық айта алатынын хабарлады.