ОҚО ІІД-нің бастығы Асқар Оспанов сауалыңызға жауап береді

Асқар ОСПАНОВ, ІІД-нің бастығы

Газетіміздің оқырмандары жолдаған сауалға ОҚО ІІД-нің бастығы, полиция генералы Асқар Оспанов жауап береді.

Сұрақ: Е. Жанбатыров, Шымкент қаласы, Абай ауданының тұрғыны:

– Биыл 19 наурыз күні қолдағы қаруымды өз еркіммен ІІД-не өткізген едім. Акция бойынша қару өткізгендерге қаржылай сыйлық үлестіруі керек-тұғын. Бірақ мен өз ақшамды әлі ала алмай жүрмін. Осы қаржыны қашан, қалай алатынымды білгім келіп еді.

Сұрақ: Ділдәбай ӘБІШ, Ордабасы ауданы, Тоқсансай ауылының тұрғыны.

– Мен полицияға үш қару өткізіп едім. Сәуір айында болу керек. Содан бері ақшасын алғаным жоқ. Соны қашан алатынымызды біліп берсеңіздер екен. Сұрастырсақ, республикадан бөлінген қаржы жетпей қалды дейді. Сонда қалай, қанша қару өткізілгені санаққа алынбағаны ма?

Асқар ОСПАНОВ, ІІД-нің бастығы

Жауап: 

– Қазақстан Рес-публикасы Үкіметінің 2007 жылғы 26-шы желтоқсанындағы «Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру ережесін бекіту туралы» № 1299 қаулысы шеңберінде халықтан алынған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акция- сы бойынша төлемдер бюджет қаржысын нақтыланғаннан соң ғана жүзеге асырылатынын хабарлаймын. Бұл жөнінде қосымша қаржы бөлу үшін 2012 жылдың 30 сәуірінде ҚР ІІМ-не хат жолданған болатын. 2012 жылғы 6-шы сәуірдегі Шымкент ҚІІБ Абай ПБ-не тапсырылған атыс қаруының, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің техникалық жай-күйімен оларды тапсырғаны үшін сыйақы белгілеу жөніндегі комиссияның бекіткен қорытындысы бойынша азамат Е.Жанбатыровтың тапсырған тегіс бір ұңғылы «Б» 16-калибрлі № 119177 санды қаруы комиссияда қаралған. Оны тапсырғаны үшін 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 48540 теңге сыйақы төлеу қажет екендігі туралы шешім қабылданған. Жинақталған іс-құжаттар ОҚО ІІД Қаржымен қамтамасыз ету басқармасына жолданды. Облыста биылғы жылға 37 миллион теңге жуық ақша бөлініп, сіздің алдыңызда өткізген азаматтарға төленіп қойылған. Ал 75 миллион теңгеге жуық қаражат халыққа әлі төленбей қалып отыр. Яғни, Үкімет тиісті қаржы бөлгеннен кейін, сіздің ақшаңыз дер кезінде төленетін болады. Ал Ділдәбай Әбіш есімді сұрақ жолдаушының құжаттары ОҚО ІІД ӘПБ-на келіп түспеуіне байланысты тіркеуге алынбағандығын мәлімдеймін.