Жаңалықтың жаршысына айналған «Отырар» телеарнасының құрылғанына 20 жыл толуына орай өз көрермендеріне тамаша тарту жасады. Шымкенттің орталық ипподромында ұлттық спорт ойындары төрге озды.
Рас, «отырарлық» журналистер әрдайым салауатты өмір салтына мән береді. Жер-жерде өтіп жатқан дүбірлі бәсекелер біздің назарымыздан тыс қалмақ емес. Әсіресе, ұлттық спорт ойындарын кеңінен насихаттау арна тілшілерінің басты міндеттерінің бірі. Ұлттық спорт түрлері дегенде делебесі қозбайтындар кемде-кем. «Отырардың» жүлдесіне арналған бәйгені тамашалауға шымкенттіктер көптеп жиналды. Әуелі сәйгүліктің құлағында журналист қыз-келіншектердің ойнауы мінайым мейрамның ажарын аша түскендей. Ұлттық нақышта киінген оларға сүйсінгендердің қатары көп-ақ. Бағзы дәуірден келе жатқан саятшылық өнерді жаңғыртып тұру ізгілікті іс.
Тележурналистердің жүлдесіне ортақтасу үшін саятшы құсбегілер де арнайы келіпті. Қыран бүркітті қоянға салған құсбегілердің өнері тартымды шықты. Думанды той одан әрі көптен күткен көкпаршылардың бәсекесіне ұласты. Осыдан бір апта бұрын қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың жүлдесіне арналған көкпардан халықаралық турнир аяқталғаны белгілі. Асқаровтың турнирінің қызуы басылмай жатып-ақ, «отырарлықтардың» салымы төрге озғанын жақсы нышанға баладық. Бұл жолы Сайрам мен Төлеби ауданының тақымы мықты жігіттерінің текетіресіне куә болдық. Қос команда да бар күштерін сарқи бәсекелесіп бақты. Жерде жатқан текені салақтата жұлып алып, білегі жуан жігіттердің тартысуы жанкүйерлерге ерекше көңіл күй сыйлағаны анық.
Дегбірді алған көкпаршылардың ойынында төлебилік «Құлагер» командасының бағы жанды. Сондай-ақ ат спорты ойындарында конкуршылардың сайысын тамашалаушылар көптеп саналады. Сұлу мүсінді сәйгүліктерді ұлттық нақышта киіндіріп сайыстыру кім-кімге болса да көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Бұл жолы да солай болды. Осы орайда турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан облыстық ұлттық спорт мектебінің басшысы Ғани Ахметбаевтың да еселі еңбегін айта кеткен жөн.
Соңына қарай жүзден жүйрік шыққандарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Телеарна басшысы Валентина Куликова барлық қатысушыларға алғысын жаудырып, сыйлық үлестірді. Бір айта кетерлігі, көптен күткен телеарна ұжымының қуанышын бөлісуге іргелі кәсіпорын басшылары да арнайы жеткен. Атап айтқанда, «РБК БАНК» АҚ Шымкент филиалының басшысы Талғат Тойшиев, «Изуми» сауда үйінің басшысы Өмірәлі Ералиев сынды ақжүрек азаматтар жарыс жеңімпаздарына тарту-таралғы үлестірді.
Сонымен бірге марапаттаушылардың арасында «ҚазМедПрибор», «Оңтүстік Жарық Транзит», «ОҚПУ» және «Мадлен» сауда желісінің өкілдері де бар. Қазақ қонағын сыйлаған халық. Қашан да үйіне келген қонақты төрге оздырып, ас беру қанға сіңген әдетіміз. Аламан тойдың соңына қарай арна басшылығы игі дәстүрден жаңылмай, мерекелік дастарқан жайды. Тойға жиылған барша жұрт дәмнен ауыз тиіп, арқа-жарқа болып тарқасты.
Тағабай ҚАСЫМ
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Om423wWKRXM[/youtube]