«Отырарлықтар» спортта да жүйрік

Дойбы
Дойбы

Сүйікті телеарнамыз «Отырардың» 20 жылдығын тойлау әлі жалғасуда. Әсіресе, қалам ұстаған тілшілердің бір сәт салауаттылықты насихаттап, бәсекеге түсуі мерекенің шырайын кіргізгендей. Бұған дейін ұлттық спорт ойындарын дүркіретіп өткізгенбіз. Осылайша журналистермен қатар, телеарнаның қызметкерлері де білек түріп, салауаттылыққа ойысты.

Шыны керек, Оңтүстікте тойдың сәні бұқаралық спорттың төрге озуымен ерекше. 20 жылдық белеске шығып отырған «Отырар» телеарнасының журналистері де бұл дәстүрден жаңылмақ емес. Бізде салауаттылықты насихаттап жүрген тілшілермен қоса, ойы ұшқыр, қимылы ширақ қызметкерлеріміз де баршылық. Орталық ипподромда дегбірді алған ат спорты ойындарынан соң өз ғимаратымызда дойбы, үстел теннисінен бәсірелі сайыс өтті. Ұжымымыздағы спортқа ебі бар тілшілер мен қызметкерлер тартысты турнирде аянып қалған жоқ. Үнемі жаңалықты бірінші болып жеткізуге құмар жандардың спортта да бірінші болуға тырысатындықтарын байқадық. Әсіресе, жалындаған жастарымыз белсенді. Ерлер мен аруларымыз жеке-жеке шеберлік байқасты. Дойбыдан ерлер арасында жастар редакциясының тілшісі Бахром Абдуллаевтың қарымына сүйсінесіз. Шешуші сәтте жүйкесі сыр берген Әзиз Мұрзабаевтың жанкештілігін айтып өткіміз келеді. Ал түйткілді тіршілікті нысанасына көздеп жүретін Николай Ивановқа үшінші орын бұйырды. Аруларымыз да бар ынтасымен дойбының қызығына бойлады. Ұжымымызда жарнама қызметінің менеджері Галина Троцанға тең келер ешкім жоқ екен.

Бүгінде күрделі де сырбаз спорт түрі үстел теннисіне құмартқандардың қатары қалың

«Оңтүстік Рабат» газетінің қызметкері Әйгерім Бегімбет бұл жолы екінші орынға қанағат етті. Тағы бір аруымыз Мөлдір Бекеева да намысқа тырысып, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Бүгінде күрделі де сырбаз спорт түрі үстел теннисіне құмартқандардың қатары қалың. Әйтсе де, үстел теннисіне ептілік қажет-ақ. «Отырарлықтар» бұл спорт түрінен де қаражаяу емес. Нәзікжандардан Ирина Аксенова, ал ерлерден «Рабат» газетінің тілшісі Ринат Хамидулиннің шоқтығы биік болды. Халыққа тың жаңалықтар ұсынып жүрген Шынар Оразова мен жарнамашы Мария Федосюк жүлделі орындарды өзара бөлісті. Дойбыда талайларды састырған Николай Иванов үстел теннисін де әжептәуір меңгерген сыңайлы. «Әмбебеп» оператор екінші орынға иелік етсе, жүлделі үшінші орын Алик Мурзаевтың қанжығасында.

Әйгерім БЕГІМБЕТ, жүлдегер

– Дойбы ойыны шапшаңдыққа, алғырлыққа, тез шешім қабылдауға үйретеді ғой. Қарсыласыңның ойын-өрнегін ой елегінен өткізіп отырасың. Мөлдірден ұтылатын шығармын деп ойлап отырғанмын іштей. Өйткені басымдық сонда болған. Бірақ ойынның соңғы жағында ол қателік жіберіп алды да, 2-орын маған бұйырды.

Облысымыздың БАҚ кеңістігінде өзіндік орны бар телеарнамызда спортты серік еткендер көп-ақ. Әсіресе, 20 жылдық мерекеде аянып қалғымыз жоқ. Дәстүрге сай, жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарлар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Түрлі «Алғыс хатқа» бөленіп жүрген журналистер үшін бұл сайыстағы жүлделердің орны ерекше. Телеарна басшысы Валентина Куликова топжарғандарға бағалы сыйлықтарды өз қолымен табыстады.

Тағабай ҚАСЫМ

Суретті түсірген – Тимур ЖҰМАБЕКОВ