Биыл алғаш рет Тұңғыш Президент күнін атап өткелі отырмыз. Желтоқсанның 1-і Қазақстанда мемлекеттік мереке.
1991 жылы дәл осы желтоқсанның 1-і күні алғаш рет қазақстандықтар өз Президентін сайлаған болатын. Осынау айтулы күнді тарихта мәңгі қалдыру әрі Қазақстанның тұңғыш көшбасшысының мәртебесін ұлықтау үшін былтыр Парламент депутаттары бұл күнді мереке ретінде атап өту керектігін, мемлекеттік мерекелер тізіміне қосу қажеттігін айтып ұсыныс білдірген еді. Көп ұзамай бұл ұсыныс заңмен бекітілді де.
Президент күні Америкадан бастау алды
АҚШ 1880 жылдан бері Президент күнін ресми мереке ретінде тойлайды. Бұл Американың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның құрметіне орай белгіленген. Негізі мерекені американдықтар алдымен Вашингтонның туған күні ретінде ақпанның 22-сінде думандатып атайтын болған. Джордж Вашингтон тәуелсіздік үшін болған төңкерісте қолбасшы болды. Ерлік ісін ерекше құрметтеген халық оның туған күнін елдік деңгейде атап өтуді қош көреді.
Осылайша жылдар өте келе Президент күні деп аталып, ресми мерекеге айналған бұл күні сол Джордж Вашингтонның кезіндегі дәстүр бойынша дастарқанға шие ағашы бейнеленген тәтті торт қою үрдісі бар. Бұл американдықтардың ұғымында Вашингтонның әділ де шындықты жақтаушы Президент болғанын меңзейді. Оған тарихта қалған мына бір оқиға өзек болған.
Бала кезінде Вашингтон әкесі сатып әперген кішкентай балтамен ойнап жүріп, шие ағашын отап тастайды. Бұған қатты ашуланған әкесі: «Мұны қайсысың істеген? Кім істесе де жазасын беремін», – депті. Сонда әкесінің қаһарына ұрынып қалмауы үшін Вашингтонға айналасындағылар мойындамау керектігін айтып, кеңес бергенге ұқсайды. Вашингтон болса: «Әке, мен өтірік айта алмаймын, мұны істеген менмін» – депті.
Содан бері американдықтар Президент күнінде шие ағашы бейнеленген торт жасауды дәстүрге айналдырған.
Ал бізде қалай болмақ?
Бұл күнді Қазақстан биыл алғаш рет атап өтіп отырғандықтан мереке аясындағы игі бастамаларды ғасырлар қойнауына дәстүр болып жалғасатындай етіп қолға алған абзал. Мысалы, кешегі аптада Астана әкімдігі қаладағы жетім-жесір, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға Тұңғыш президент күніне орай деп қолдау көрсетті. Қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды.
Тағы да сол Астанада Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге 20 мың теңгеден жәрдемақы берілмекші. Ал ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендерге 10 мың теңгеден берілмек.
Әрине, мұның барлығы әдеттегідей әлеуметтік қолдаулар деуге де болады.
Дегенмен бізде, Шымкентте қалай болмақ? Мектеп оқушылары арасында қазірдің өзінде түрлі іс-шаралар өтуде. Ал елді елең еткізер, Елбасының мәртебесін асқақтататындай айта жүрер не істемек керек? Ойланатын мәселе.
Президент күнін атап өтуге кең ауқымда қараған жөн. Қазақ көшбасшысының тұлғасы тек өзімізде ғана емес, әлемдік деңгейде зерттеуге, ғылыми еңбектер жазуға әбден лайықты. Мұны қалай ұйымдастырған жөн?
Бүгінде Қазақстан десе әлем елдері Назарбаевты ауызға алады алдымен. Кешегі КСРО-ның шекпенінен шыққан көп елдер азып-тозып, қырық ру боп қырқысып кеткені де тарихтан белгілі. 20 жылдың ішінде әлем алпауыттары таныған, бәсекеге төтеп бере алатын елдер қатарына кіруі Қазақстанның маңдайына Назарбаевтай ердің жазылуымен мүмкін болып отырғанын жоққа шығара алмаймыз.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Білім және ғылым министрі
– Президент күнін атап өтудің басты тұжырымдамасы мынау: біз, жас мемлекет 20 жылдан сәл астам уақыт ішінде экономика, саясат, әлеуметтік салаларда орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік, осылардың барлығы Н.Назарбаевтың тұлғасымен және есімімен байланысты. Қазақстан Көшбасшысының елімізді гүлденген мемлекетке айналдыру бағытында қабылдаған сындарлы шешімдерін, жасаған батыл қадамдарын зерттеп, зерделей түсуіміз қажет. Осы себепті де бүгінде «Назарбаев оқулары», оқушылардың Елбасы өмірбаянын білуден әртүрлі жарыстар өткізілуде. Бұлар бізге Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамды дамытудың барлық заңдылықтарына іргелі көзқарастарын, сондай-ақ Қазақстанда жүрген және жүріп жатқан үдерістерді жақсырақ білуге мүмкіндік береді. Осы арқылы жастар елімізде не жасалғандығын, не жүріп жатқандығын түсінеді. Бұл дегеніңіз – ғылыми мәселе. Сондықтан да біз оқушыларымызға Елбасы туралы шығарма жазуды тапсырдық. Әрине, бұл – ғылыми зерделеудің анағұрлым қарапайымдандырылған түрі. Бірақ соның барысында балалардың осының бәрін қалай түсінетіндігін, айналасында болып жатқанды олардың қалай қабылдайтынын, олардың бала санасында бұл оқиғалардың қандай із тастап, қалай көрініс тауып жатқандығын білеміз. Меніңше, бұл біздің балаларымыздың дұрыс қалыптасуына жол ашады.
Халық үшін жасалып отырған игі істерді көре алған азамат қана мұны сезінері хақ. Олай болса, қазақ ұғымына енді ғана енген Президент күнін қалай атап өтеміз? Ойланайықшы…