Ризашылық күні аталып өтті

565
Балалар ән-жырмен ризашылықтарын білдірді
Балалар ән-жырмен ризашылықтарын білдірді

Бүгін №3 балалар үйінде «Ризашылық» күні. Дәстүрлі түрде аталып өтілетін шараның негізгі мақсаты балаларға қуанышты отбасылық мереке сыйлау. Бір-бірін жүрек жылуымен бөлейтін мереке біздің елдің бірінші ханымы Сара Алпысқызының бастамасымен 2009 жылдан бері аталып келеді екен.

Қырмызы Қожамжарова, №3 балалар үйінің директоры: «Біз бұл күні тәуелсіздікті сыйлаған алдыңғы толқын ағаларымызға, бірлікті ту еткен Елбасымызға, балаларға қамқорлық көрсететін жомарт жандарға ризашылығымызды білдіреміз. Онсызда тағдыр тәлкегіне түскен балақайларға тек жан жылуы керек. Соны сыйлап жүрген жандарға ұжым болып ризашылығымызды білдіреміз».

Арнайы демеушілердің қолдауымен балаларға түрлі сыйлықтар тапсырылады. Олар өз тараптарынан ризашылықтарын білдіріп, мерекені ән мен биге бөлейді.

Ағымдағы жылы мереке шеңберінде демеушілер «Алтын дән», «ПетроКазахстан Ойл Продакктс» компаниялары мен «Эврика» сауда үйі, «САУТС-ойл» және тағы да басқа жеке кәсіпкерлер тарапынан облыстағы барлық балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне жасампаздық шығармашылық арқылы еңбек дағдыларын дамытуға бағытталған сыйлықтар тапсырылды. Қыздарға тігуге, тоқымаға, кесте тігуге арналған «Өнерлі қолдар», ұлдарға арналған темір және ағаш құралдарының «Сиқырлы сандық» және бау-бақша құрал-жабдықтары кіретін «Жас бағбан» жиынтықтары тапсырылды.

Әрбір баланың адамгершілік-рухани дамуы мен шығармашылық шыңдалуына толыққанды жағдай жасау-әрбір азаматтың мемлекетіміздің жарқын болашағының кемелденуіне, өркендеп-өсуіне қосқан үлесі болары сөзсіз.