Саудагерлер мен әкімдік мамандары жаға жыртысып қала жаздады

Ретсіз сауда қатарларындағы саудагерлер болса қанша қуса да, кетпейміз деп отыр. Үйдегі бала-шағамды кім бағады дейді қынжылып.
Ретсіз сауда қатарларындағы саудагерлер болса қанша қуса да, кетпейміз деп отыр. Үйдегі бала-шағамды кім бағады дейді қынжылып

Дүйсенбі күні Шымкентте ретсіз саудаға қарсы рейд жүргізілді. Арнайы тексеру барысында саудагерлер мен әкімдік мамандары жаға жыртысып қала жаздады.

Арнайы рейд тобы келгеннен-ақ, сатушылардың көңілі бұзылды. Тауарын жинамайтынын айтып, дөрекілік танытқандарға Еңбекші аудандық әкімдігінен келгендер дереу айыппұл хаттамасын толтырды.

«Күлтай ана» базары ашылғаннан бері сауда жасайтын Шәріпгүл апайдың осы күні ашуы тым қатты болды. Ол әкімдіктен келген рейд тобын былай қойып, арнамыздың түсіру тобын да қумаққа әрекеттенді. «Неге түсіресіңдер?!-дейді Шәріпгүл апай ашуға булығып. — Менің сауда орнымның маңынан аса шығуыма мына алдыма торғайдай тізілген сатушылар. Бұлардың тіпті жолда сауда жасауға құқығы жоқ. Бәрінің әкімдік пен құқыққорғау орындарында «крышасы» бар».

Осы қатарды құртпайынша, тауарымды жинамаймын деп бекініп алған саудагер апай, кейіннен бір мәмілеге келіп «енді заңсыз сауда жасамаймын» деп хаттамаға қол қойды.

Бұл күні рейдтік топ 30-дан аса заңсыз орынды анықтап, екеуіне ғана айыппұл салды. Оның көлемі 1 айлық көрсеткіштен 5 айлық көрсеткішке дейінгі қаржы. Айтпақшы рейдке тек Еңбекші аудандық СЭҚБ мамандары мен Еңбекші аудандық әкімдігінің қызметкерлері де қатысты. Бірақ бұл азаматтардың біреуге айыппұл салуға немесе шара көруге құқы жоқ. Рейдке қатысуы тиіс құқыққорғаушылар бұл жолы тағы да келген жоқ. Кәсіпкерлік бөлімі мамандарының сөзінше, осы азаматтардың жоқтығынан көбінесе рейд тобы кейбір азаматтарға хаттама толтырарда құжаттарын ала алмай әлек болады екен.

Еңбекші ауданы бойынша осындай 7-8 проблемалы сауда қатарлары бар. Мамандар енді Уәлиханов көшесіндегі заңсыз саудагерлер мен Цемент зауыты маңындағы ретсіз қатарды тәртіпке шақыратын болады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=CwKU6qwwzDs[/youtube]