Таяуда Кентау қаласындағы трансформатор зауытының жанынан екі жаңа цех ашылды. Бұған дейін Ресейден тасымалданып келген зауытқа қажетті құралдар енді сол цехтарда жасап шығарылуда. Оны жасайтын мамандар зауыттың жаңадан ашылған политехникалық колледжінде дайындалады.
Шағын шаһардағы ірі кәсіпорын бүгіндері 1200 адамды жұмыспен қамтып отыр. Онда 110 және 35 кернеулі трансформаторлар өндіріледі. Жаңадан ашылған сым шығаратын және шкаф құрастырылымдарын дайындайтын цехтарға тағы да 350 маман тартылмақ.
Сондай жас мамандардың бірі Мақсат Асқарбекұлы зауытта өте жақсы жағдай жасалғанын, әртүрлі көмектер жасалынып, тіпті пәтер де берілетінін айтады. Айтуынша, жалақылары жақсы. Тәжірибе алмасу мақсатында Мәскеуде және Қытайда болып қайтыпты. Сондағы үйренгендері бойынша сапалы өнім шығаруға атсалысып жатқан көрінеді.
Республикаға кеңінен танымал «Кентау трансформатор зауыты» АҚ көршілес республикалардың трансформаторға деген сұранысын да қанағаттандырып отырған мекеме. Ашылу салтанатына Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің тұтынушылары мен Белгия, Италия елінің трансформатор өндірушілері қатысты. 20 жылдан бері кентаулық трансформаторды тұтынып келген тәжікстандықтар осы уақытқа дейін өнімнен ешқандай ақау болмағандығын айтады.
Елбасының отандық өнім өндіру жөніндегі тапсырмасы осылайша Кентау қаласында біршама орындалып отыр. Ол үшін мемлекет тарапынан қыруар қаржы да беріліп жатыр екен. Осы жылдың өзінде «Даму» бағдарламасы бойынша 800 миллион теңгеден астам жеңілдетілген пайызбен несие берілген.
«Еуропа елдерінде, Канада, Қытайда кәсіпкерлерді төмен пайызбен кредит беріп қаржыландырады екен деп біз бұрын соларға қызығатын едік. Міне, біздің елде де сондай бағдарламалар жүзеге асырылып отыр. Кентау трансформатор зауыты өз өнімінің 30%-ын экспортқа шығарады. Мемлекет өте мол және маңызды көмек көрсетіп отыр. «Даму» бағдарламасы бойынша 3%-бен қаржыландыруда», – дейді «Alageum Electric» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Сейдулла Қожабаев.
«Кентау трансформатор зауыты» АҚ кәсіптік-техникалық білімге терең көңіл бөлуде. Жаңадан ашылған Кентау политехникалық колледжінде жаңа жұмыс орындарына қажетті мамандар қазір дуальдық жүйе бойынша дайындалуда. Бітірушілері 100% жұмыспен қамтылатын орта арнаулы оқу орнына Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік тапсырыс негізінде 50 грант бөлуді жоспарлап отыр екен.
Ғалымжан ТОЙШИЕВ