– Халық қалаулысы аты айтып тұрғандай халықтың ішінен шыққан таңдаулы тұлға. Елдің аманатын арқалаған соң, сол елдің мұң-мұқтажын жеткізу, күрмеулі мәселелердің шешімін іздестіру депутаттың міндеті. Сұрайын дегенім, халық алдында берген уәделеріңізді орындадым деп ойлайсыз ба?
– Енді орындадым не орындамадым деп бірден айта салу қиын. Себебі біздің сайланғанымызға көп бола қойған жоқ. Депутат дегеніміз жалпы халық пен басқарушы органдар арасындағы алтын көпір ғой. Міндетіміз халықтың мұң-мұқтажын, әлеуметтік жағдайын билікке жеткізу. Уәделерді орындау мәселесіне келсек, белгілі бір дәрежеде орындадым деп айта аламын. Дегенмен шешілмей жатқан мәселелер әлі де бар. Аз уақыттың ішінде тау қопарып тастау мүмкін емес. Шамамыз жетіп жатса халық алдында берген уәделерімді толық атқарып шығамын деген сенімдемін.
– Қандай мәселелердің шешімін табуға атсалыстыңыз?
– Шешімін таппай жатқан мәселелер өте көп. Әсіресе ауылдардағы тозығы жеткен мектептердің мәселесі бірінші кезекте тұр. Мәселен, Төлеби ауданындағы 1936 жылы салынған Момынай орта мектебінің жай-күйі көптен бері шешімін таппай келеді. Мектеп ескі, әрі апатты жағдайда. Сол мектепті қайта салу ісі созылып келген болатын. Осыны облыстық мәслихатта қайта-қайта көтеріп, ақыры жаңалап салуға қол жеткіздік. Құдай бұйыртса 2013 жылдан бастап 200 орындық мектептің құрылысы басталатын болды. Дәл сол сияқты бұрындары асарлық жолмен салынған көптеген мектептер бар. Аудандағы бала санының артуына байланысты мектептерді жаңалау күн тәртібіндегі мәселе болып тұр. Біз қазір үш ауысымды мектептер жоқ деп жүрміз ғой, дегенмен кейбір ауылды жерлерде ол бар. Мәселен, Төлеби ауданына қарасты Бейнеткеш елді мекеніндегі бұрын асармен салынған ескі мектепке қосымша құрылыс салу келесі жылы басталады. Тағы бір мәселені осы жерде айта өтейін, біздің Төлеби ауданында дарынды балаларға арналған мектеп бар. Олар әлі күнге ескі типтегі мектеп ғимаратында білім алып келеді. Мәслихат жиындарында бұл мәселені де көтергем, себебі дәл осы дарынды балалар біздің болашағымыз. Солардың жағдайын ойлап, мәселелерін көтеруді өзіме міндет етіп қойдым. Қасына интернат салынып, ауыл-ауылдан, шалғайдан келген балалар сонда жатып оқыса, аудан ішінен іріктеліп алынса деген ниет бар. Мысалы, бір ғана Шымкентте 6 дарынды балаларға арналған мектеп бар екен. 120 мыңнан астам халқы бар Төлеби ауданына заманауи үлгідегі дарын мектебін неге салмасқа деген ұсыныс айтқан болатынмын. Дегенмен бұл бастама әлі жүзеге аса қойған жоқ. Үлкен мінберде енді қозғалып жатыр.
Тағы бір түйткілді айта кетейін, ауылдық жерлерде амбулаториялық медпунктер жоқтың қасы. Болса да әбден ескірген. Міне, осы мәселе бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Шалғай елді мекендерден осындай медпунктер ашу ісі келесі жылы басталады. Қазір құдайға шүкір ауылдарды газдандыру, ауыз су мәселелері шешімін тауып келеді. Мен сайланған округтегі 6 ауылға келе жатқан 5 жылдың көлемінде су да газ да барлығы келеді. Асфальт, ішкі жолдардың салынуын қадағалауға алдық. Біз өз кезегінде осы мәселелерді ел Үкіметімен, облыс басшылығымен бірлесе отырып, бюджетке кіргізіп, шешілуіне атсалысудамыз.
– Халықтың арасында осы депутаттар немен айналысады деген сауал туындайтыны бар. Расымен де депутаттардың халық қалаулысы ретіндегі міндеті қандай? Біздің облыстық мәслихат депутаттарының белсенділігі неге көрінбейді деп ойлайсыз?
– Біздің депутаттар белсенді емес деген ойыңызбен мен келісе алмаймын. Халық қалаулыларына деген сенім азайса, кейбір депутаттардың берген уәделерін ұмытып, елдің қамынан гөрі өз қамын күйттеп кететіндігінен болар. Мұны жоққа шығара алмаймын, әрине. Дегенмен жоғарыда айтып өткенімдей депутаттың міндеті халықтың мұң-мұқтажын атқарушы органдарға жеткізе отырып, әл-ауқатын, жағдайын көтеруге атсалысу. Мысалы, мен өз ауылымды толық білем. Сол жерде туып-өстім, сол жерде мектеп оқыдық. Қай ауыл, қай мектеп қандай жағдайда отырғанын жақсы білем. Маған олар етене таныс. Сол жерде халықпен кездескенде әлеуметтік жағдайды көтеруге басты назар аударатындығымды айтқам. Және де сол жолда жұмыс істеп келемін. Мүмкін мені де біреулер солай дейтін шығар. Дегенмен халық әділ төреші. Атқарған ісіміздің жемісін, мадағын болашақта аламыз деген ойдамын. Мен тек өзім сайланған округтегі ғана емес, облыстық мәслихаттың әлеуметтік даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы ретінде облысқа қарасты басқа да аудандардағы әлеуметтік мәселелерді реттеу ісіне араласып тұрамын.
– Айтыңызшы, депутат болғаныңыз үшін қосымша жалақы аласыздар ма?
– Жоқ. Ешқандай жалақы төленбейді.
– Мұны сұрап отырғаным, сайлау қарсаңында депутаттыққа үміткерлер тап бір осы депутат болмаса күні бітетіндей жанығады. Ақша беріп, дауыстарды сатып алуға дейін баратын сорақы жағдайларға өзіміз талай куә болғанбыз. Өзіңіз айтқандай бір тиын жалақысы жоқ жұмысқа жегілуге не түрткі болады сонда?
– Өз басым депутат болуға құмар болғаным жоқ. «Нұр Отан» ХДП-ның Шымкент қаласы әл-Фараби ауданы бойынша филиал төрағасы болғандықтан маған билік тарапынан ұсыныс жасалғаны рас. Бір шетінен елуден асқан соң ақыл есіміз толысып, елге деген, жерге деген ықыласымызды білдірсек, кішкене де болса елдің әл-ауқатын көтеруге пайдамыз тисе екен деген ниет пайда болды. Сондай оймен ғана келісім беріп бардым. Әйтпесе бір атақ, мансап үшін баруды ойлаған да емеспін. Өзгелер үшін жауап бере алмаймын. Өз ойым осындай.
– Таяуда сіздерді бірқатар мемлекеттік мекемелерді аралап, бюджеттен бөлінген қаржының қалай жұмсалып жатқанымен танысып қайтыпты деп естідім…
– Кейбіреулер бізді ол мекемелерге тексеруге барыпты деп дүрлігіп жүргенге ұқсайды. Біз тексеруге емес, танысуға бардық. Біздің тексеретіндей құзыретіміз жоқ. Жақында сессияда 2013-2015 жылдарға арналған облыс бюджетін нақтылап, бекітеміз. «Бюджет қаражаты қайда кетіп жатыр, қандай мақсатқа жұмсалуда, бұл ақша не үшін қаралып жатыр, мақсатты жұмсалуда ма?» деген сауалдардың жауабын қуалап, нақтылауға, көруге бардық. Біз осылайша Сайрамдағы №4 балалар үйінің жағдайымен таныстық. «Жүз рет естігенше, бір рет көр» деген сөз бар емес пе, бұған дейін мен бұл балалар үйін көрмеген болатынмын. «Жетім көрсең, есіркей жүр» дегендей жағдайларымен танысқымыз келді. Басшылары біресе 81 біресе 89 баламыз бар деп шатасып тұр. Бірақ нақты 80-нен асатын балаларды мен ол жерден көре алмадым. Жартысына жетер жетпесі жүр. Қаракөз балдарымыздың жатын орынын, жалпы ауланы, асханасын көрдік. Бізді мұнда бір қынжылдырғаны балалардың тамағы болды. Жеп жатқан самсалары мүлде самсаға ұқсамайды. Біз барғанда ас мәзірінде тұрған шайдың орнына айран пайда бола кетті. Анығын айтқанда тамақтары құнарсыз. Бұрындары осындай мекемелердің балалары көшеде нан сұрап жүреді деп еститінбіз. Тамаққа тоймайды екен. Балалардан сұрасақ қарынымыз тояды дейді.
– Алдын ала осылай айтыңдар деп дайындап қоюы да мүмкін ғой.
– Ол да мүмкін. Біз барғанда балалар сабаққа дайындалып жатыр екен. Сол ғана бізді аздап қуантты. Біреулері олимпиадаға, бірі ҰБТ-ға дайындалу үстінде. Балалар үйінің санитарлық жағдайына келсек мүлде нашар. Тазалығы көңіл көншітпейді. Тағы бір айта кететін нәрсе, мекеме штатында 13-ке жуық, еден жуушы тіркеліпті. Бірақ сол 13 еден жуушыны біз көре алмадық. Бір ғана медбикеден өзге медицина маманын байқамадық. Сол медбикенің айлығы 91 мың теңге болуы таңқалдырды мені. Масқара деп осыны айтыңыз?! Бұл қайдан шыққан батпан құйрық?!
– Мұндай келеңсіздіктерді көрген соң бір шара қолданатын шығарсыздар…
– Көргенімізді айтып, хаттама жасап, тиісті сала басшылығына ұсыныс береміз. Бірақ ешкімді жазалай алмаймыз. Біз негізі алдымен тұрақты комиссияның отырысында осылардың жұмысымен танысу туралы ойласып, осылайша жаңағы жерлерге барғанбыз. Танысуға барған жұмысшы топтың құрамында 8 адам болдық. Бірнеше мектеп-интернаттарды, балалар үйін, сосын көзі нашар көретін балалар жататын интернаттың жағдайымен танысып қайттық. Қазір каникул уақыты болған соң, кейбірін сырттай ғана көруге мүмкіндік болды.
Мақсатымыз – білім саласына құйылып жатқан қыруар қаражат қалай және қайда бөлініп жатыр деген сауалға жауап іздеу болды. Бізді «ойбай, депутаттар тексеруге барыпты, қырып жатыр екен, жойып кетіпті» деген сөздер айтады. Бұл қате пікір. Жоғарыда айтқанымдай, танысуға ғана бардық. Жыл он екі ай бойы әлі талай жерлерді аралайтын боламыз. Бір ғана мектептерді емес, біздің танысу нысандарымызға денсаулық, БАҚ, тіл, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру, дене шынықтыру және спорт сияқты салалар кіреді.
– Соңғы бір-екі айдың көлемінде депутаттар әлеуметтік мәселелерді көбірек көтеріп, ел аралап, аздап белсендігін арттырған сияқты. Бұл өзі бір науқанның келе жатқанның белгісі ме?
– Сіз нені болжап отырғаныңызды білмеймін. Біздің белсенділігіміз аяқ астынан болған құбылыс емес. Жоспарлы түрде жүргізіліп келе жатқан жұмыс. Әрине, жұмысымызды көп ретте айқайлап айтып, әйгілі ете бермейтін болармыз. Бірақ мемлекеттік түрлі бағдарламалардың орындалу барысын, жаңа бастамалардың болашағы бар ма, жоқ па соны зерттеуде, зерделеуде аянып жатқан жоқпыз. Біз бұған дейін де бірталай аудандарды аралап көргеніміз бар. Шардара ауданында, Жетісайда болдық, жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша қандай игі шаралар қолға алынғанын көрдік.
– Сіз біздің газетті оқып тұрасыз ба?
– Әрине, жарық көрген күннен бастап оқимын. Жалпы сіздердің ғана емес, көптеген мерзімді басылымдарды жаздыртып алып оқимын. Мемлекеттігі бар, жекеменшік газеттер бар, бірқатар басылымды нөмірін қалт жібермей оқуға тырысамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Дәурен ӘБДІРАМАНОВ