Шымкентте қоғамдық көліктердегі мәдениеттің жайы сөз болды

автобус, қоғамдық көлік
Жолкіре қымбаттаған күннен бастап облыстағы тасымалдаушылар Қытайдан 52 жаңа автобус сатып алған

Бетімен кеткен қоғамдық көліктің жүргізушілері мен кондукторлар мәселесі майшаммен қаралады! Шымкентте тұңғыш рет қоғамдық көліктердегі мәдениеттің жайы сөз болып жатыр. Жолаушылар көлігіндегі этиканы қалыптастыруға тасымалдаушылардың өздері кіріспек. «Южавтотранс» қауымдастығы бұл мәселеге жергілікті билік өкілдері мен жолаушыларды да шақырады. Шымкентте тәжірибелі қоғамдық көлік жүргізушілер жоқ. Салдарынан ебін тапқан пысықайлар жарты жолдан жағаласып, қызметтің сапасын кетіріп жүр дейді.

Рақымжан Қайыпбаев, тасымалдаушы компанияның өкілі: «Қазір көбі жекеменшік машинасвын базарға апарып сатып, автобус сатып алады. Сөйтіп бір графикке кіргізіп, күн көреді. Соның арқасында стихиная перевозкалар ұйымдасып кеткен бұл қалада».

Олар сапасыз қызметтің себебі осы деп ақталып әлек. Ал жүргізушілердің де бұған алып қосары бар. Айтуларынша қала көшелеріндегі кептеліс, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік бермей жатыр. Кептелісте тұрған жүргізуші межесіне уақытылы жету үшін ылажсыз желмен жарысатын болып шықты. Сөйтіп жолкіре көтерілді, бірақ сапа сол күйінде қалып қойды. Оған көліктердің тым ескіріп кеткенін қосыңыз. Өйткені компаниялардың көліктерді жаңартуға қауқары жетпейді. Субсидия мен дотацияның ауылы әлі алыс деген басшылар ортаға жаңа ұсыныс тастады.

Дархан Қаюпов, «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы: «Неге Шымкенттен кешкі 20:00-ден бастап жүмыс істейтін коммерциялық бағыттағы автобустар ашпасқа? Бұған жергілікті атқарушы биліктің құқығы бар ғой. Күні бойы шаршап-шалдыққан жүргізуші 5-6 жолаушыға бола Қайтпас, Бозарық, Қазығұрт сияқты алыс шағынаудандарға қатынағанша жолкірені 100 теңге етіп, мәселені шешкен дұрыс емес пе? Қанекей, осы жұмысты ұйымдастырайық. Бәрібір такси үшін де осы ақшаны төлейді ғой азаматтар».

Тасымалдаушылар себеп салдарды әр жақтан іздегенімен әңгіменің тоқ етері жолкірені қымбаттатуға бағытталғандай. Бірақ мұны ешқайсысы ашып айтқысы келмейді. Енді олар мәдениетті көтеру үшін жолаушылардың көмегіне жүгінбек. Яғни бетімен кеткен жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігі жөнінде қалалықтардың өздерінен сұрап, сосын жағдайды жақсартамыз деп отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=WLhqR8kOHQE[/youtube]