Шымкентте жолкіре 100 теңгеге қымбаттауы мүмкін! Дегенмен, тек түнгі уақытта ғана. «Южавтотранс» қауымдастығының басшылығы осындай ұсыныс жасап отыр. Сөздеріне сенсек, көлік қожайындары қазір пайдадан гөрі шығынға батып жатыр. Ал сол 100 теңгені қала халқының қалтасы көтере ме?
Ұсыныс бойынша қымбат тариф «Қайтпас», «Бозарық», «Қазығұрт» сынды алыс елдімекендерге қатынайтын автобустарға енгізілуі тиіс. Сонда ғана екі кештің ортасында жолаушылар жолда қалып кетпейді.
Дархан Қаюпов, «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы: «Бір маршрутта он автобус болса соның бәрін жіберудің керегі жоқ. Үшеу-төртеу жіберуге болады. Кешкі бағыттарға адамның санына қарай шықсын. Адам көп болса көп, аз болса аз шығадыдегендей. Мысалы Сіз кешке қалып кетсеңіз 500 теңгемен таксимен барасыз ғой. Неге енді 100 теңгемен бармайсыз? Мен ойлаймын қолдау табатын шығар деп».
Жергілікті билікті қайдам, қарапайым бұқара қолдамаймыз деп отыр. Мәселен, қала шетіне көп жұрт Карл маркс аялдамасынан қатынады. Мұндағы таксидің өзі барар бағытыңызға 100 теңге сұрайды. Жолаушылар сағаттап автобус күткенше, таксимен зуылдап жетіп аламыз дейді.
Бірақ жолаушы тасымалдаушылардың бұл ұсынысы билікке майдай жақса керек. Олар қолдамақ түгілі, жолкірені түнде қымбаттатуды екі жыл бұрын ойластырып қойғанбыз деп отыр.
Қуатжан Жұматаев, Шымкент қалалық ТҮКШ көлік және коммуникация секторының меңгерушісі: «Бұл мәселе осыдан екі жыл бұрын көтерілген. Оны біз еш енгізе алмадық. Заңда жоқ нәрсе. Заңда бар болса енгізуге болатын еді. Министрлікке бұл ұсыныс берілген 2 жыл алдын. Егер ол жақтан қолданып, заңға енетін болса, біз қолдаймыз».
Бірақ бұған автобус жүргізушілерінің өздері қарсы болып шықты. «Таңғы сағат 5-тен жұмысқа шығамыз. Кешкі сағат 8-9-ға дейін теңселіп, біржақты боламыз. Ақша деп өліп кетеміз бе?» — дейді автобус айдаушысының бірі Мұхит есімді азамат.
Кім не десе де, Министрлік мақұл десе болғаны, бағыттардың коммерциялық жүйесі жұмысын бастап кетпек. Бірақ жоғары жақ әзірге тыныш. Ал жолкіре қымбаттаған 4 айда тапқаны тамағына жетпегендіктен 11 бағыт жұмысын тоқтатқан. Бұл 80-90 автобус деген сөз.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=NKX19e1C-hw[/youtube]