Шымкенттіктер ҚР халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевті еске алды

396
Шымкентте Нұрғиса Тілендиевке арналған концерттік кеш өтті
Шымкентте Нұрғиса Тілендиевке арналған концерттік кеш өтті

Шымкентте Күйші-сазгер, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевті еске алуға арналған концерттік кеш өтті. Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияда өткен мәдени шара «Өз елім» тақырыбы аясында өрбіді. Бұл күні жергілікті өнерпаздардың орындауында Ұлы сазгердің 22 туындысы орындалды.

Кешке келген көпшіліктің де қарасы қалың болды. Айта өтейік, филармонияда дәулескер домбырашыны еске алуға арналған дәстүрлі концерт жылына 2-рет өткізу жоспарланған. Сонымен қатар бұл кеште Нұрғиса Тілендиевтің көзін көрген өнер адамдары да ән айтып, көпшілікке сазгер турасында естеліктер айтты. Ал сахна төріне филармонияның белді әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртіс Құрманбай Шойынбаев көтерілгенде көрермендер залының қошеметі мен құрметі ерекше болды. 

Құрманбай Шойынбаев, ҚР еңбек сіңірген әртіс: «Ия, мен Нұрағаңмен талай той-томалақта жүрдім. Тіпті үйінде қонақта болып, қонып қайтқан кездерім де болды. Негізі оқиға желісі былай басталды. Мен консерваторияда оқып жүргенімде, жанұялық жағдайыма байланысты бірнеше жыл оқудан қол үзуге тура келді. Қайта оқуымды жалғастыруға келген кезде, сырттай оқимын деп барған едім, Есіркеп Жолдасов мені Нұрағаға ертіп барып, таныстырды. Мені роялға отырғыза салып, бір-екі ән орындатқызды. Сөйтті де «Сен өте жақсы айтады екенсің, Қарағым, сенде талант бар дедә де,сен оқуға қабылдандың, керек болса «Отырар сазымен» бірге мемлекеттік театрға тапсыртамын деген еді. Дәм-тұз бұйырмады ма шамасы, әйтеуір мен осы оқуға бара алмадым. Міне біздің таныстығымыз осылай басталған еді.  Нұрғиса ағамыз қазақ халқының пешенесіне біткен жарық жұлдыз ғой. ол кісінің дирижерлік тұрысы, сонымен қоса , оркестрдегі шеберлігі, оркестрді өіне бағындыра білуі, оркестрмен халықтың арасында байланыс жасай алуы — екінің бірінің қолынан келмейтін таптырмас шеберлік дер едім.  Әсіресе менің есімде қалғаны, ол кісінің ең жақсы көретін әні —  «Құстар» әні. Сол әнді жақсы көргені соншалық, сахнада сахналық сыртқы киімін шешіп тастап беріліп, халықпен бірге ән орындауы да Ұлы сазгердің еліне деген сүйіспеншілігі мен өнерге деген ғашықтығын ашық аңғартса керек-ті». 

Сазгер Нұрғиса Тілендиевтің күйлері де сахнада құйқылжыта орындалды

Ал кешке келген өнерсүйерқауым әндер мен күйлерді тапжылмай ұйып тамашалады. Көбіне көрермендер залын аға буын өкілдері толтыратын. Бұл жолы жастар да отырды. Өнерпаздарға қол соғып, қошемет көрсетті. Бірге қосыла ән шырқады. Кештің көркі осылайша ажарланды.

Бақыт Жаңабек, көрермен: «Әрине, мен Нұрғиса ағамыздың еңбектерін жақсы білемін, сүйіп тыңдаймын тіпті. Ал бүгін тіпті филармоня әншілерінің орындауында Сазгер әндері тіпті құлақ құрышын қандырарлықтай шықты. Қазір өнер иесінің осыншама туындыларын тыңдап отырып, неге сол заманда дүнеиеге келмедім екен деп те отырмын. Ия, қазақтың мұндай перзенттері аз емес. Алайда өкініштісі сол, ағамызға халық қаһарманы атағы кеш берілді. Әттең, көзі тірісінде берілуі керек еді деймін де».

Маржан Асылжанқызы, көрермен: «Ия, керемет кеш өтіп жатыр. балаларыммен, немерелеріммен келіп тамашалап отырмын. Ризамын ұйымдастырушыларға. Әрине, бұрындары тек мейрамда ғана орындалатын еді Нұрғисаның әндері. Қазір дәстүрлі кештерге айналды. Қалай болғанда да Нұрғиса Тілендиевке қандай құрмет көрсетсек те жарасып тұр».

Сонымен кешке келген көпшілік Нұрағаның әндері мен күйлеріне сусындап, рухани ләззат алып қайтты. Бастысы, облыстық Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияда қандай концерттер өтсе де, Нұрғиса Тілендиевтің әндері орындалып, мәртебесін жоғалпай келеді. Сондай-ақ сазгердің шығармалары өнерсүйер қауымның үлкен сұранысына ие.