Су тасқынынан енді қауіп жоқ

Палуан сай су тоспасының құрылысына 66 млн теңге жұмсалған
Ақпанда болған су тасқыны

Жыл басында облыстың біраз аймақтарында су тасқыны болып, жүздеген үйлерді су басып, елді біраз әбігерге салғанын әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. Табиғи апаттың себебі жан-жақты сараланып, бұдан былай мұндай қиындықты болдырмас үшін жергілікті билік қолда бар мүмкіндігін пайдалана отырып, әртүрлі алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі. Сол су тасқыны кезінде, әсіресе Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылы қатты зардап шеккен болатын. Мемлекет топан судың басуына басты себепші болған «Найманарық» каналын кеңейтіп, жанына қашыртқылар салатынын мәлімдеген-ді. Сөйткен тірліктің алды бүгіндері аяқтала бастапты.

Палуан сай су тоспасының құрылысына 66 млн теңге жұмсалған

Ала жаздай Темірланды тасқын судан қорғайтын тоспаның жұмысын жүргізген мердігерлер өзіне алған міндеттерін ақыры тәмәмдады. Қазір елді мекен арасынан өтетін қашыртқының құрылысы жүргізілуде. Ұзындығы 3,5 шақырымдық каналдың көп бөлігі бетонмен қапталып, нығайтылыпты. Қылышын сүйреткен қыстың жақындауына байланысты қашыртқы құрылысын бес мердігер атқарып жатыр екен. Қазір жұмыстардың 50%-ы орындалған.

«Найманарық» қашыртқысының ұзындығы 3.5 шақырымды құрайды.

Жазық даладағы су тоспасына 6 млн. текше метр су жинауға мүмкіндік бар көрінеді. Бұйыртса, биылғы қыстан бастап, «Палуан сай» су тоспасы пайдаға асатын болады. 66 млн. теңге жұмсалған құрылыс қазір толығымен аяқталған.

Темірланды енді су алмас үшін салынып жатқан канал

Бүгіндері сондай-ақ «Найманарық» қашыртқысының да құрылысы жүргізілуде. Арнасы кеңейтілген канал бұған дейін секундына 8 текше метр су өткізсе, енді 15 текше метрге дейін ағыза алады. Жалпы ұзындығы үш жарым шақырымды құрайтын канал жұмысына бес мердігер тартылған. Қашыртқыны темір бетонмен қаптап, нығайту жұмыстарына 405 млн. теңге қаржы бөлінген. Құрылысшылар істі желтоқсан айында аяқтаймыз деп отыр.

Канал құрылысына 405 млн теңге бөлінген.

Айта кететін бір жәйт, «Найманарық» қашыртқысының оң жақ қапталында бес үй орналасқан. Мұндағы тұрғындар канал құрылысы аяқталса, көлікпен көшеге шыға алмай қаламыз деп уайымға салынып отыр. Өйткені арықтан өтетін өткел жоқ екен. Солардың бірі Нұрлан Жаңабай есімді тұрғын үйін Үкімет берген 4 млн теңге өтемақыға қайта тұрғызып алыпты. Бірақ өткелдің болмауынан қыста қиналып қалатын болдық, – дейді. Ал аудан әкімі болса бұл мәселе міндетті түрде шешіледі деп отыр. Демек, арықтың құрылысы аяқталса, көпір де, жолдар да қалыпқа келтіріледі деген сөз. Қазір канал бойымен апатты суды бөліп тастайтын қосымша тоспалар орнатылып жатыр. Оның бірі Арыс өзеніне, екіншісі Түркістан каналына құяды. Аудан басшылығы 2008 жылдан бері 4 жыл бойы азапқа салған арықтан енді қауіп жоқ деп сендіріп отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=xCBw9Y49H3Q[/youtube]