Бесінші қабаттан аққан су жертөлеге жетті
Бесінші қабаттан аққан су жертөлеге жетті

Шымкент қаласындағы көпқабатты  үйдің төменгі қабатының тұрғындары суға толған бөлмелерді тазалап, әбігерге түсті де қалды. Қыс басталмай жатып мұндағы құбырлар жарылған. Әбден тозығы жетсе керек. Түн қараңғысында әлек болғандар қалалық диспетчерлік қызметке шағымданды. Ақауды жөндеуге «Қуат жылу орталығы» мекемесінің бригадасы келген. Алайда тұрғындардың олардың қызметіне көңілі толмай отыр.

Сәуле  Ұзатаева, Түркістан көшесіндегі үйдің тұрғыны: «50-30-50 телефонына  хабарласқан едік. Ондағылар  неге  телефон соға бересіңдер деп ұрысқаны бар. Қуатжылуорталығынан арнайы бригада жібердік дейді. Келген бригадасы бір адам, оның өзі суды қай жерден жабатынын білмей,әбден дал болды. Әйтеуір барлығымыз қабаттасып жүріп, әйтеуір жаптық. Біздің үйкомитеті төрағасы да жоқ. Былтыр да биыл да сығымдау жұмыстары жүргізілмеді. Өзіміз әупірімдеп жүріп қосып алдық. Сондықтан да  болар осындай ақаулар жиі орын алуда».

Қалалық  диспетчерлік қызметтің  мамандары жылу  маусымы басталғалы жұмысымыз көбейді ,- дейді. Кезекшінің айтуынша, таңертеңнен телефон тұтқасын жарып жіберердей болып түсіп жатқан қоңыраулардың барлығы дерлік коммуналдық қызметке байланысты.

Мұхаббат Үйсімбаева, қалалық диспетчерлік қызметінің   қызметкері: «Уәлиханов көшесіндегі 222 үйдің тұрғындары  жылу мардымсыз деп арыздануда. Республика даңғылындағы 18-21  үйлердің тұрғындары да жылуға шағымдануда. Биыл  жылу магистралінде  ірі ақаулар  болмады. Былтыр осы мерзімде   құбырлар жарылып, қоңыраулар да көп болған еді».

Әзірге кезекші мамандар Бауыржан Момышұлы даңғылындағы 8 «а» үйдегі ақауды дер кезінде реттеді. Алайда, бұл әрекеттер жыртыққа жамау жапсырғандай болмаса игі. Алдағы уақытта түрлі коммуналды қызметтің диспетчерлері аудандық әкімдіктердегі тиісті бөлімдермен тығыз қарым-қатынаста боладмыз деп уәде берді.