Жер-жердегі мешіт-медреселер, діни бірлестіктерді сүзгіден өткізу науқаны аяқталды. Шынтуайтында, дін мәселелері хақында жаңылысуға хақымыз жоқ. Дін – өте нәзік құбылыс. Сонымен жыл бойы жүргізілген ауқымды іс-шараның нәтижесі қандай?
Дін мемлекеттен бөлек дегенімізбен, нәзік тақырып төңірегіндегі мәселелерді май шаммен қарайтын жағдайға жеттік. Діннің жайын ас ішіп отырып та, талқылай беретін болдық. Қаптаған діни ұйымдардың ішінен қаймағын ғана сүзіп алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын бұған дейін де мәністегенбіз. Оңтүстік өңірінде шешілмей жатқан күрмеулі мәселелердің барын ашына айтқанбыз. «Балапанды күзде санайды» дегендей, қоңырсалқын күзде аяқталған қайта тіркеу жұмыстары өз жемісін берді ме? Осы мәселе төңірегінде ОҚО Әділет департаменті тілшілер қауымына арнап, баспасөз жиынын ұйымдастырды. Басшының айтқан баяндамасын көңілге түйдік те, ойға шомдық. Қаперіңізде болса, 25 қазанда құжаттарды қабылдау ісі аяқталуы тиіс-тұғын. Електік жұмыстың қорытындысы сан түрлі ойға жетелейді. Ұққанымыздай, Оңтүстіктегі 138 діни бірлестіктің 47-сі ғана қайта тіркеуден өтіпті. Құжаттарында кілтипан бар 10 діни бірлестік қайта қаралу үстінде. 2 діни бірлестік (1-ислам, 1-пресвитериандық) өз еріктерімен жұмысын тоқтатқан.
Батырбек ЖАЛМҰРЗАЕВ, ОҚО Дін істері департамент директоры
– 51 мешіт жабылады десек, ол қарапайым жамағат мешітсіз қалады деген сөз емес. Облыста таяуда тағы 80-нен астам мешіт Әділет департаментіне тіркеуге алынады. Сондықтан халықтың санасында мешіттерді азайтып жіберіпті деген ұғым болмауы тиіс.
Ал 79 діни ұйым құжат ұсынбағандықтан олардың жұмысы Сот шешімімен жойылуы ләзім. Оның ішінде 63 діни бірлестік өз еріктерімен жойылатыны жөнінде Әділет департаментіне ұсыныс жіберіпті. Мамандардың анықтауынша, 79 ұйымның жұмысы түрлі себептермен жойылмақ. Жұмысы мардымсыз, тым-тырыс жатқан 12 бірлестік болса, қайта тіркеуден өтуге ынталы топ мүшелерінің 50 азаматқа жетпеуіне байланысты 24 ұйымның есігіне құлып салынған. Ал ислам бағытындағы жоюға жататын діни бірлестіктер қатарынан ҚМДБ филиалдары ретінде тіркеуден өткені 42 екен. Елдегі көк күмбезі көзіңді шағылыстырар мешіттердің басым бөлігі біздің өлкеде екенін білесіздер. Ізгілікке үндейтін құлшылық үйлерінің көбейгені жақсылықтың белгісі емес пе?
138 діни бірлестіктің 70-і Исламдық, ал 68-і Исламдық емес бағытта.
Биылғы түгендеу жұмыстары жердегі Алла үйінің хал-ахуалын айқындап берген сыңайлы. Бұған дейін 721 мешіттің 670-і жұмысын одан әрі жандандыруға рұқсат алғанын айтқанбыз. Баспасөз жиынында баяндалғандай, халыққа қызмет етіп келген 51 мешіт жұмысын тежемек. Оған ғимараттың тозуы һәм елді мекендерде жаңадан тұрғызылған мешіттердің болуы себеп болыпты. Бір айта кететіні, жұмысын тоқтататын мешіттердің 10-ы намазхана ретінде жұмысын жалғастырады. Есіңізге сала өтейік, Әділет департаментінің қызметкерлері қайта тіркеуден өту үшін енді құжаттар қабылданбайтынын айтады.
Тағабай ҚАСЫМ